АСТАНА. 11 сәуір. Бурундидің батысындағы Бужумбура-Рурал провинциясында жолаушылар автобусы апатқа ұшырап,18 адам қаза тапты. Бұл туралы РИА «Новости» ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Апатқа ұшыраған автобус Бурундидің OTRACO компаниясына тиесілі екені белгілі болды. Оқиға мемлекет астанасынан шығысқа қарай 18 шақырым қашықтықта болған.
«Автобуста қанша адамның болғанын дөп басып айту қиын болып тұр. Бірақ түн ортасында 18 адамның мерт болып, 55 жолаушының түрлі деңгейде жарақат алғаны анықталды. Қазіргі кезде олар ауруханаларға жеткізілді», – дейді Исар аймағының өкілі Гилберт Ньюокуру.
Зардап шеккендердің айтуынша, жүргізуші жылдамдықты шамадан тыс арттырған. Осының салдарынан автобус бірнеше рет аударылып кетті. Оқиға орнында полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізуде.
Аян Әбдуәли.
Дерек: РИА «Новости».
Фото: 24.kz.