• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
11 Сәуір, 2016

Қазақстан мен Иранның ынтымақтастығы нығаяды

261 рет
көрсетілді

АСТАНА. 11 сәуір. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран Ислам Республикасына сапары аясында өткен екі ел кәсіпкерлерінің бизнес форумында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ президенті Қуандық Бишімбаев пен   ирандық-қазақстандық іскерлік кеңестің тең төрағасы А. Абеди қол қойылған келісімдердің маңыздылығы жөнінде айтып берді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Бұл құжатардың ішінде – Иранға ауыл шаруашылығы мен машина жасаудың өнімін жеткізуге экспорттық келісімшарттар, химия және мұнай химиясы саласындағы жобаларды бірлесіп іске асыру және басқа да келісімдер бар. «Біз Қазақстан экономикасына ирандық компаниялардың инвестицияларын көздейтін бүгінгі күні қол қойылған келісімдер ирандық компаниялар үлкен жетістікке жеткен салалардан екеніне қуаныштымыз. Өткен іскерлік кеңесте әуе бағыттары бойынша жеке мәселе көтерілген болатын. Барлық айтылған мәселелерді біз Қазақстан Үкіметіне жеткіздік. Көлік қатынасының проблемалары жақын арада шешіледі. «Эйр Астана» Қазақстан мен Иран арасында жаңа бағыттарды ашып жатыр. Бұл бізге сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз», деді «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ президенті Қуандық Бишімбаев. Инвестициялардың көлемі бойынша ең ірі келісімдердің бірі – «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ мен ирандық «Каве Индастри Групп» компаниясы арасындағы құны $200 млн. Қызылорда облысында кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт салу жөніндегі келісім. Осы қазақстандық-ирандық жоба Қызылорда қаласындағы шыны зауытын салу жобасының жалғасы болады деп күтіледі. Жақын арада тараптар кальцийлендірілген сода өндіретін зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге кіріседі. Ауыл шаруашылығын өнімінің импорты мен экспорты саласында келісімдердің ауқымды топтамасына қол қойылды. Атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингінің бірқатар қазақстандық әріптес-компаниялары ет және дәнді дақылдар өнімінің экспорттық жеткізілімдері туралы уағдаластығы. «Контитент трейдинг» компаниясы Иранға $30 млн. сомасына ет пен тоңазытылған жартылай фабрикаттарды экспортқа шығарады. «Ұлттық чемпион» қазақстандық «Alageum electric» компаниясы Иранға трансформаторлар мен трансформатор майын жеткізуге ирандық «Niroo Nransfo Co.» компаниясымен келісім жасасты. «Бәйтерек» холдингінің басшысы Қуандық Бишімбаевтың айтуы бойынша қазақстандық компаниялар теміржол қатынасын дамыту саласына да үлкен қызығушылық білдірді. «Біз үшін Иран – Парсы шығанағына, жаңа халықаралық көлік дәліздеріне шығуға мүмкіндік беретін әріптес. Иран үшін Қазақстан Ресейге, Қытай мен Орта Азияға шығу үшін қызығушылық тудырады», деді Қуандық Бишімбаев. Осы салада «Исткомтранс» ЖШС компаниясы ирандық Railway transportation S.A. әріптесімен $25 млн. сомасына теміржол жүк тасымалдарын ұйымдастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізе алды. Іскерлік кеңестің барысында $70 млн. сомасына кейіннен көмірсутектердің технологиялық және коммерциялық есеп алудың жүйелерін жеткізу мақсатында Иранның аумағында бірлескен кәсіпорынды құру бойынша қазақстандық «Топан» ЖШС мен ирандық «Электро Кавир» компаниясы арасында келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, Алматы облысында қуаты 50 мВт күн электр стансасын салу бойынша жобаның құрылысын салу мен оны іске асыру туралы келісім жасалды. Бұдан басқа, екі елдің сауда-экономикалық әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан визалық қолдау жөніндегі мәселенің шешіміне кірісті. «Біз визалық қолдау мәселесін Қазақстанның Үкіметіне жеткіздік. Осы мәселе бойынша жұмыс басталып кетті. Виза алу қиындықтарына тап болмай, Қазақстан мен Иран арасында алаңсыз ұшу үшін қазақстандық тарап ең жақын уақытта барлық шаралар қабылдайды деп үміттенеміз», деп мәлімдеді Қ. Бишімбаев. Өз кезегінде, ирандық-қазақстандық іскерлік кеңестің тең төрағасы А. Абеди: «Бауыр үшін үйдің есігін жабық ұстауға болмайды. Қазақстан әуежайларда 40 мемлекетпен виза беру жұмысын ретке келтірді. Визалық мәселелер шешімін тапса, онда туризм, сауда және қаржы саласындағы ынтымақтастық тиімді дамитын болады», деп атап өтті. Дастан Кенжалин. Дерек, фото: baiterek.gov.kz