• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2016

Зардап шеккендерге көмек көрсетілуде

379 рет
көрсетілді

Су тасқынынан жапа тарт­қан­дарға гуманитарлық көмек көрсетушілердің қатары өңір­­де күн санап көбейіп келеді. Қайы­рымдылық ак­ция­ға ал­ғаш­қылардың қата­рын­­­да облыстық ішкі істер департаментінің қыз­меткерлері үн қатты. Олар қар­ғын судан қатты зардап көр­ген Тайынша ауданының тұр­ғын­дарына гу­манитарлық көмек жө­нелтті. Шешім офицерлер жиналысында бірауыздан қабылданып, шара жедел түрде жүргізілді. Жүк тиелген көлік ОІІД бастығының орынбасары, полиция полков­нигі Виктор Букреевтің бас­қаруы­мен апат аймағына жеткі­зіліп, азық-түліктер мен киім-ке­шектер, құрылыс материалдары ауыл тұрғындарына таратылды. Еске сала кетейік, До­нецкое, Ясная Поляна, Кел­ле­ровка, Доброжановка ауылдарын ағын су басып қалған болатын. Ал, Тайынша АІІБ жеке құрамы тәулік бойы жергілікті халықты туыстарына және жер­­гілікті мектепке көшіруге көмектесті. Балаларды, үй малын және қажетті мүліктерді тасыды. Жолды шайып кеткен жерлерде кезекшілік ұйымдастырылды. Қызыл ай қоғамының жергілікті бөлімшесі Келлеровка ауылының тұрғындарына жылы киімдер, гигиеналық заттар, азық-түлік тағамдарын үлестірді. «Әліби» астық компаниясының жетекшісі Нұрлан Тілеубаев 2 миллион теңгенің жәрдемін жасады. Облыстық әкімдіктің қорынан қаржы бөлініп, айтарлықтай зақым келген баспана иелеріне өтемақы беру басталып кетті. Солардың бірі Владимир Дворец­кий қаражатқа мал сатып алып, қосалқы шаруашылықпен айналыспақ. Алмагүл Абылайхан да көрсетілген көмекке дән риза. Аймақ басшысы Ерік Сұл­танов тікұшақ арқылы су тас­қыны ауқымын тағы бір мәрте байқап қайтты. Есіл, Аққайың, Қызылжар аудандарында жағдай алаңдатарлық. Сергеев гидроторабында судың деңгейі бөгеттен 2 метр, Новоникольское ауылында 1 метр көтерілген. Өзен суы күре жолдың бойында орналасқан Покровка елді ме­кеніне жетіп, жағалай қонған ауылдар да су құрсауында қалған. Ерік Хамзаұлы тікұшақ бортында дамбалардың тиісті жерлерін жабдықтауға тапсырмалар беріп, облыс орталығындағы Заречный және Былғары зауыты кенттерін су басу ықтималдығын атап көрсетті. Соған орай сақтық шараларын күшейтуді, көшіру орындарын дайындауды тапсырды. Петропавл су торабындағы барлық қақпалар ашылып, Есіл суын бөгетсіз өт­кізу міндеттері тиісті орындарға жүктелді. Тілшілер қосынына түскен соңғы ақпараттар бойынша облыс орталығымен іргелес Бескөл кентінің бірқатар аймағын су басқаны белгілі болды. Санта Барбара шағын ауданында 21 үй су астында қалған. Қарғын су Гусиное көлінен келсе керек. Жол жиегіндегі дәмханаларды да су шайған. Қазір бұл маңға да құтқару техникалары мен күштік құрылымдар жұмылдырылған. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.