Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Ақмола облысында орналасқан Ақкөл «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» жер үсті басқару кешенінің қызметкерлерімен кездесті.
Сенаторлар кездесу барысында телекоммуникациялық «KazSat-2» және «KazSat-3» серіктерін басқаруды қамтамасыз ететін «Ақкөл» жер үсті басқару кешенінің бөлімшелерімен танысты.
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков ұжымды Дүниежүзілік авиация және космонавтика күнімен құттықтады. Ол 10 наурызда Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғарыш қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдағаны туралы хабардар етті. Құжатта экономика, азаматтық қорғаныс, қоршаған орта, геодезия және картография, сәулет және қала құрылысы салаларында ғарыш қызметінің нәтижелерін іс жүзінде пайдалану үшін құқықтық тетіктер көзделген.
Жаңа заңды талқылау барысында ақпараттандыру деңгейі кез келген мемлекеттің қуаттылығы мен қауіпсіздігін бағалаудың маңызды белгісі әрі ішкі және сыртқы стратегияны әзірлеудің маңызды құралы екені атап өтілді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан қазіргі заманғы ғарыштық инфрақұрылым қалыптастырды, бірақ ол одан әрі жетілдіруді талап етеді. Одан басқа, ғарыш қызметіндегі жетістіктер мен барлық инфрақұрылымдар мемлекетті дамытуға және нығайтуға жұмыс істеуі қажет. Бұл осы заңды қабылдауға себептердің бірі болды.
Сенатор И.Адырбеков, сондай-ақ, ғарыштан түсірілген суреттерді пайдалану саласында ғарыш жүйесінің өнімдері мен қызметін пайдалану аясын кеңейту және мемлекет пен жеке сектордың әріптестігін ұлғайту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ғарыш жүйесін құру барысында қазақстандық үлесті ұлғайту, ғарыштық инфрақұрылымның жер үстіндегі отандық нысандарын, оның ішінде ғарыш техникасының арнаулы конструкторлық-технологиялық бюросын көбейту қажет.
Кездесу соңында алға қойылған міндеттерді іске асыру барысында туындайтын, заңнамалық қолдауды талап ететін өзекті мәселелерді шешуде сенаторлар жәрдемдесуге әзір екені атап өтілді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.