Украина чемпионын талдырып түсірді
Аралас тәсілмен шайқас жекпе-жегінің шебері, Ресейдің Орынбор қаласының өкілі, қазақ жігіті Дамир Исмағұлов Санкт-Петербургте өткен M-1 Challenge 65 турнирінде Украина өкілі Вячеслав Тенді айқын басымдықпен жеңді. Ол жауынгерлік самбодан өз елінің чемпионы болған спортшыны шайқастың бірінші раундында-ақ іске алғысыз етіп тастады.
Ұрыстан кейін орынборлық тарлан өзіне қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғыс сезімін жеткізді. «Мен кеше жеңіске жеттім. Сол шайқасқа өзім де ұзақ дайындалған едім. Ал, мен үшін жанкүйерлік ететін адамдардың Қазақстанда көп екені қуантады. Мен бұл қолдауды жақсы бағалаймын. Алдағы уақыттарда өзімнің ата-бабаларымның мекені – Қазақстан жерінде де өнер көрсетіп қалатын шығармын деп ойлаймын. Сонда өзімнің бар күшімді салып, жақсы нәтиже көрсетер едім», – деді Дамир өзінің сөзінде.
Дамир Исмағұлов – аралас жекпе-жектің Бүкіләлемдік ассоциациясы Азия дивизионы өткізетін «Көшпенділер шайқасы» кәсіпқой турнирінің бірнеше дүркін жеңімпазы.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.