Кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму және туризм басқармасында жаңаша ізденісі, тың идеясы бар азаматтарға жұмысын аяғына жеткізу үшін қайтарымсыз грант бөлінеді. Сарыағаштық ұста Нұржан Қарсыбаев – ағаш, темірден түйін түйетіндігінен бір бөлек, ауыр жұмысты оңайлататын қондырғылардың технологиясын ойлап тапқан өнертапқыш.
Қайтарымсыз қаржы Нұрекенің өзі ойып, өзі жонып шығаратын қондырғыларын өндірісте қолдануына мүмкіндік берді. Енді ол баяғыдағы шеберлердей таңертеңнен кешке дейін ағашты жоңқалап шауып, кескімен бедерлеп ойып отырмайды. Темір қырқатын станокты астау оятын қондырғыға айналдырған шебердің қолындағы ағаш әп-сәтте түрлі бұйымдарға айналып шыға келеді.
Нұржан Қарсыбаев Шымкенттегі Әбілхан Қастеев атындағы өнер колледжінде білім алған. Шағын шеберханасында домбыра, қобыздан бөлек, ер де шабылады, торсық, кесе де жасалады.
Өнертапқыш Қарсыбаевтың бір алаңдайтыны, робот сияқты берілген тапсырманы мүлтіксіз орындайтын қондырғылар түбінде ұлттық өнерді ұмыттырып жібере ме дейді.
Сондықтан, шәкірттеріне кейбір бұйымдарды өзі қолымен жасап көрсетеді. Білгенін үйретеді. Әдетте, ұлттық нақыштағы қазақ кәдесыйларының дені Қытайда жасалатын. Қарсыбаевтың қондырғылары Қазақстан нарығын өзі қыздыратын болады.
Жұмыс көп. Сұраныс үлкен. Шеберлер қатары көбейіп келеді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.