ҚОСТАНАЙ. 12 сәуір. Қостанай облысында өрт қауіпсіздігі айлығы 11 сәуірден басталды. Өткен жылы облыс өңіріндегі орман алқаптарында 40 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл алдыңғы жылға қарағанда біржарым еседей көп. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Негізі Тобыл-Торғай өңіріндегі орманды алқаптардың көлемі көп емес, мемлекеттік орман қоры 455 534 гектар шамасында ғана, оның ішінде таза орман 227 199 гектар болады. Өткен жылы 4795 гектар ағаш қызыл жалынның құрбаны болды. Бұл 2014 жылға қарағанда едәуір көп, алдыңғы жылы 26 өрт оқиғасы болып, онда 1171 гектар жер залалданған еді. Облыс бойынша орман өрттерінің 70 пайызы Михайлов орман қорығына тиесілі. Табиғат ресурстары және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әмірхан Мауқұлов облыста жыл сайын өртке қарсы шаралардың барлығы жасалатынын айтты.
Қостанай облыстық табиғат ресурстары және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әмірхан Мауқұлов: «Ағашты жерлердің іргесі 884 шақырым жыртылды, 48073 шақырым өртке қарсы минералданған жолдар күтіледі. Облыс өңірінде 22 өртке қарсы станса бар, олардың барлығы қажетті техникамен жарақтандырылған. Орманды алқаптардың жартысына жуығы тік ұшақпен бақыланады», – деді.
Орманның жауы өрт ғана емес. Ағаштарды аямай кесетін браконьерлер де ағашты алқаптың қусырылуын тездетеді. Өткен жылы орманда рұқсатсыз ағаш кескен 25 адам ұсталған. Олар 82 текше метр ағаш кескен. Олардың үстінен 14 қылмыстық іс сотта қаралғанымен 11 іс қайтып алынған. Осы орайда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов рұқсатсыз ағаш кесетіндердің жазасын қатайтуды ұсынды.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов: «Қазіргідей ағаш ұрлап кескендердің бензоарасын алып қою, ұсақ айыппұлмен жіберу жеткіліксіз, өте жеңіл жаза деп білемін. Дәнігіп алғандар мұнымен тоқтамайды, орманға баруын қоймайды. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы олардың табиғатқа мейірімсіз қарайтындығын, елдің байлығына қол сұққанын жұртшылыққа көрсету керек», – деді.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, фото: egemen.kz.