• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2016

Қазақстан спортшысы әлем рекордын қатарынан үш рет жаңартты

388 рет
көрсетілді

АСТАНА. 12 сәуір. Голландияның Эйндховен қаласында өткен дәстүрлі «Swim Cup EINDHOVEN» жарысында жүзу спортынан қазақстандық паралимпиалық спортшы Зүлфия Ғабидуллина әлем рекордын қатарынан үш рет жаңартты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Осы жетістігімен оны Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы құттықтады. Министр паралимпиалық спортшыны әлем рекордын қатарынан үш рет жаңартуымен шын жүректен құттықтай отырып, оның жоғары көрсеткіштері нағыз ерлік екендігін атап өтті. «Бұл жетістігіңіз бейбіт еліміздің азаматы ретінде жасаған ерен ерлігіңіз деп білемін. Сіздің еншіңізде осымен 6 әлем рекорды бар. Қазіргі таңда 50, 100 және 200 метрге еркін әдіспен жүзуде әлемдік рейтингте сіздің көш бастап тұруыңыз – біз үшін зор мақтаныш. Тағдырдың тезіне қайсар мінез танытып, көпке үлгі боларлықтай ерлік жасап келесіз. Рио-де-Жанейро қаласында өтетін алдағы XV Паралимпия ойындарында сізге сәттілік тілегім келеді! Бұл жеңістеріңіз жаңа жетістіктерге ұласа берсін!», деп жазды министр құттықтауында. Зүлфия Ғабидуллина алдымен 50 метр қашықтықты жартылай финалда 44.99 секунд уақытта жүзіп, бірінші рекордын орнатты. Араға көп уақыт салмай, финалда еркін жүзу әдісімен осы қашықтықта жаңа әлем рекордын жасады. Ол 44.17 секунд уақытта жүзіп, бірінші орынды жеңіп алды. Кейін 100 метр қашықтықты 01:34.86 уақытта жүзіп, әлем рекордын тағы бір мәрте жаңартты. Сондай-ақ, Зүлфия Ғабидуллина еркін әдіспен жүзу бойынша 200 метр қашықтықта да алдына жан салмай тағы да мәреге бірінші болып жетті. Зүлфия Ғабидуллина осыған дейін Рио-де-Жанейрода өтетін XV Паралимпия ойындарына лицензия алған болатын. Қазіргі кезде Зүлфия Ғабидуллина осы 3 қашықтықтарда (50, 100, 200 метр) әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Дастан Кенжалин. Дерек, фото: Мәдениет және спорт министрлігі.