• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2016

Боксшы Геннадий Головкин кезекті жекпе-жекке дайындалып жатыр

436 рет
көрсетілді

АСТАНА. 12 сәуір. 23 сәуір күні боксшылар Геннадий Головкин мен Доминик Уэйд шаршы алаңда кездеседі. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Бұл жекпе-жекті «Қазақстан» телеарнасы 24 сәуір күні Астана уақытымен сағат 07.20-тан бастап тікелей эфирде көрсетеді. Сондай-ақ, кездесу kaztrk.kz сайтында тікелей эфирде көрсетіледі. Кездесу АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы «Форум» аренасында өтеді. Геннадий Головкин – WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы.  Ол әуесқой бокста 350 кездесу өткізіп, 345 жекпе-жегінде жеңіске жеткен. 2000 жылғы жастар және 2003 жылғы ересектер арасындағы әлем чемпионы, 2002 жылғы Азия ойындары мен 2004 жылғы Азия чемпионы. Сондай-ақ, 2004 жылғы Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері. Головкин кәсіпқой бокста 34 кездесу өткізіп, соның бәрінде жеңіске жеткен. 31 жекпе-жегін нокаутпен аяқтаған. Америкалық боксшы Доминик Уэйдке 18 рет рингке көтеріліп, соның барлығында жеңсе, 12 кездесуді мерзімінен бұрын ұтқан.  Ол соңғы кездесуін былтыр 26 маусымда австралиялық боксшы Сэм Солиманға қарсы өткізіп, жеңіске жетті. Геннадийдің осыған дейін австралиялық Дэниел Гил, мексикалық Марко Антонио Рубио, америкалық Вилли Монро II мен Стивен Кертис және канадалық Давид Лемье секілді боксшылармен жұдырықтасып, жеңгенін білеміз. Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегін 2015 жылдың 18 қазаны күні канадалық Давид Лемьеге қарсы өткізіп, 8-раундта нокаутпен ұтқан. Бұл кездесуді де «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Головкин мен Лемье жекпе-жегіне HBO телеарнасы ақылы түрде Pay-Per-View жүйесімен көрсетіп, 150 мыңнан астам абонемент сатылды. Бұл АҚШ-та жекпе-жек өткізген шетел азаматы үшін жақсы көрсеткіш саналады. Ал отандастары үшін Головкин-Лемье кездесуін 3,5 миллион қазақстандық жанкүйерлер демалыс күні екеніне қарамастан «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан тамашалаған. Сондай-ақ, осы кездесуді 1 млн. көрермен телеарнаның ресми www.kaztrk.kz сайтынан көрген. Ал, жекпе-жектің қайталауын 1,5 миллионнан аса жанкүйер қараған. 24 сәуірде «Қазақстан» телеарнасы сағат 15.00 және 19.00- де Головкиннің Уэйдке жекпе-жегін қайталап көрсетеді. Ал «Kazsport» телеарнасы мен kazsporttv.kz сайты 24 сәуірде 23.15-те, 25 сәуірде сағат 09.00-де, 22.00-де және 1 мамырда сағат 23.00-де жекпе-жекті қайталап көрсетеді. Дастан Кенжалин. Дерек, фото: «Қазақстан» РТРК» АҚ.