• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2016

Серіктестікті тереңдетудің кілті селкеусіз сенімде

263 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран Ислам Республикасына ресми сапары табысты аяқталды

Кеше, Иранға ресми сапарының екінші күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Теге­ранның төріндегі «Espinas» қонақүйінде Иран компаниялары мен холдингтерінің басшыларымен кездесті.  Елбасының Иранның компаниялары мен холдингтері басшыларымен кездесуіне 20-дан астам ирандық компаниялардың жетекшілері қатысты. Олардың арасында Imidro, Ghadir Investments Group, Sunir Group, IRISL, Jahad-e Sabz сияқты әртүрлі салада, оның ішінде энергетикалық, аграрлық, құрылыс, тау-кен салаларында жұмыс істейтін ірі-ірі компаниялар бар. Компания басшылары Қазақ­станмен арада бірқатар игерілген және жаңа бағыттар бойынша ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті. Соған орай олар жүзеге асырылып жатқан бірлескен жо­балар туралы айта келіп, байланыстарды жолға қою мәселесіне зор қызығушылық танытты. – Иран үшін жақсы кезең туып, екі ел арасында бизнесті дамытуға жарқын жол ашылды. Ендігі жерде бірлесіп атқаратын жобалар жет­кілікті. Ауыл шаруашылығы, көлік логистикасы, тау-кен өнеркәсібі болсын, қай салада да байланыс­ты кеңінен өрістетуге мүмкіндік мол. Әсіресе, азық-түлікке деген сұ­раныс жыл өткен сайын өсіп келе жатқанда, Қазақстанның жерлерін тиімді пайдалануға болады. Қытайға, Ресейдің Қиыр Шы­ғысына, Парсы шығанағы елдеріне азық-түлік өнімдерін экспорттауға жол ашылады, деді Елбасы өз сөзінде. Қазақстан Президенті бір­қатар бағыттар бойынша ынты­мақ­тастықты белсенді дамытуға өзара қызығушылық бар екендігін атап өтті. Бұл жағынан Нұрсұлтан Назарбаев ирандық компанияларды «Қазақстан – Түрікменстан –Иран» теміржол тармағы әлеуетін белсенді пайдалануға шақырды. Мемлекет басшысы біздің елімізбен өзара қарым-қатынас жа­саудың артықшылықтары төңі­регінде жан-жақты әңгіме­леп берді. Атап айтқанда, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігі өз кезегінде ирандық компанияларға Одақтың басқа ел­дерімен де сауда-саттықты кеден­дік баж салығынсыз жүргі­зуге мүмкіндік береді. Одақ құра­мындағы елдер арасында кедендік кедергілер жоқ, экономикалық шекара да жоқ. Яғни, Қазақстанға инвестиция құйған ирандық компанияларға бес ел аумағында жеңілдік жасалады деген сөз. Бұдан басқа, біздің еліміз жа­қында Дүниежүзілік сауда ұйы­мына қосылып, Еуропалық одақпен Кеңейтілген серіктестік туралы келі­сімге қол қойды. Сондай-ақ, Қа­зақстан әлемде бизнеске қолай­лы жағдай туғызған елдер арасындағы рейтингте 41-ші орында тұр. Сол сияқты, инвестицияның тартымдылығы жағынан өңірде үздік көрсеткіштерге ие. Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев біздің еліміз инвесторлар үшін ин­вестициялық субси­дия­­ларды, заңдардың тұрақ­ты­лығын, салықтық жеңілдік­терді қарасты­ратын преферен­ция­лардың ауқымды пакетін ұсына алатын­дығын атап көрсетт­і. Сонымен қатар, «100 нақты қадам» Ұлт Жос­парына сәйкес, ин­вес­тициялық кли­матты жақсарту жолында бір­қатар шаралар атқарылды және Қа­зақстанда жекешелендіру жүріп жатыр, Халықаралық қаржы орта­лығы өз жұмысын бастайды. Қазақстан Президенті келесі жылы біздің елімізде «Болашақтың энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­­дан­­дырылған көрмесі өтетін­дігін еске салып, осыған байланысты баламалы энергетика саласында алдыңғы қатарлы, озық технологияларға қызығушылық мол екендігін жеткізді. Мемлекет басшысы қазіргі кезде Қазақстанда басымдығы бар бірқатар мемлекеттік бағдар­ла­малар жүзеге асырылып жатқа­нын, оларға Иран компаниялары қатыса алатынын атап өтті. Бұлар – инфрақұрылымды дамыту­ға арналған «Нұрлы Жол» бағдар­ла­масы, индустрияландыру бағдар­ла­ма­сының екінші кезеңі және ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасы. Бұдан басқа, Қазақстан Иран­мен ынтымақтастықты медицина, биотехнология, агротехнология, ғарыш технологиясы саласында да белсенді түрде дамытуға мүдделі. Сондай-ақ, өзара іс-қимыл қазіргі кезде елімізде дамытылып жатқан инновациялық кластерлер негізінде жүзеге асырылуы мүмкін. Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан сындарлы ын­тымақтастыққа негізделген ирандық компаниялардың ұмты­лысын жоғары бағалайтындығына баса назар аударды және оларға жұмыстарының жемісті болуына тілектестігін білдірді. Иран жағынан кездесуге қа­ты­сушылар Қазақстанмен ынтымақ­тастық әлеуетінің жоғары екен­дігін атап өтті. Оның ішінде игеріл­гені бар, енді ғана келісімге келіп жатқан жаңа бағыттар да бар. Осыған байланысты олар іскер­лік байланыстарды орнатуға қызы­ғушылықтарын білдіріп, жүзеге асып жатқан бірлескен жобалар жөнінде өз пікірлерін ортаға салды. Мемлекет басшысымен кездесуден соң, көкейдегі сауалдарына толыққанды жауап алған ирандық іскерлер Қазақстан нарығына инвестиция салып, жұмыс істеуге мүдделі екендіктерін білдірді. Біз еліміз делегациясының құрамындағы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековті әңгімеге тартқан едік. Ол былай деді: – Иран тарапымен кеше фито­санитарлық саладағы келісімге қол қойдық. Осы келісім арқылы бидай, арпа ғана емес, майлы дақылдарды, басқа да өсімдік дақылдарын экспорттауға мүмкіндік алдық. Енді біздің фитосанитарлық сертификат Иран жерінде 45 күнге дейін өз күшінде болады. Ал бұл өз кезегінде екі жақтың да бизнесінің дамуына, бір-бірімен сауда-саттық жасауға, бизнесті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта экспорт пен импорттың ара-салмағына келгенде, экспорт Қазақстан жағына қарай басым болып тұрғанына назар аударды. Әрі қарай да осындай үрдіс сақталады деген үміттеміз. Өйткені, Иранға ауыл шаруашылығы тауарларын көбірек саудалаймыз. Иранның халқы көп, сондықтан тұтыну қабі­леті өте жоғары. Осы себепті жыл­дан-жылға бидай, арпа, майлы дақылдарды, одан басқа қазір ет өнімдерін де Иранға экспорт­тауға әзірлік үстіндеміз, деді А.Ма­мытбеков. Өз кезегінде Иран іскер топ­тары­ның Қазақстан нарығына инвестиция салып, өндірген өнімдерін Ресейге, әрі қарай Қытай нарығына шығармақ ниеті бар. Сондай-ақ, біздің елде өндірген өнімдерін Иран нарығына да шығара алады. Енді ирандық бизнесмен Арман Джавиданның сөзіне құлақ түрейік: – Қазақстанда жұмыс істеп жат­қанымызға бірнеше жыл болды. 2014 жылы мал бордақылау база­сын салдық. Енді Алматы қала­сының маңынан ет комбинатын сал­ғалы жатырмыз. Қазақстан тара­пынан инвесторларға жасала­тын көмекке өте разымыз. Ком­бинат салу туралы тікелей келі­сімге қол жеткізген Алматы облы­сының әкімдігіне, Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне де алғысымды айтқым келеді. Алдағы уақытта өндірісімізді өркендетіп, ынтымақтастығымызды бұдан да кең ауқымда нығайта түсеміз деген ойдамыз, – деді ол. Қазақстанның Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев бұл сапардың өте сәтті болғанын атап көрсетті. Елбасының ресми сапары барысында 66 құжатқа қол қойылды. Олардың жалпы құны 2 млрд доллардан асады. Иран жағы Қазақстанмен сауда жасауға, елімізге инвестиция салуға мүдделі. Ең алдымен, тау-кен, металлургия өндірісі, өнеркәсіп кешені және көлік логистикасы салаларына үлкен қызығушылық танытып отыр. Машина жасау, жаңа технологиялар саласына да ықыласы жоғары. Алдағы уақытта қол қойылған келісімдердің жүзеге асу барысын қадағалап отыру үшін ирандық әріптестерімізбен ауық-ауық хабарласып отыру жөнінде уағдаластық. Қазақстан мен Иранның басшылары да бизнес бастамалардың жүзеге асуына басымдық беріп, оған баса назар аудару қажеттігі жөнінде уағдаласты. Алдағы бірер жылдың ішінде тағы да оншақты жобаның жүзеге асатыны анық, деді Ә.Исекешев. Sunir Group компаниясының бас директоры Бахман Салехи өзі басқаратын компанияның халықаралық компаниялардың ішінде 176-орын алатынын айтты. Компания жел стансаларын, күн батареяларын шығарумен айналысады. Атом электр стансаларын салуда әлемде 39-орын алады. Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігімен, «Қазгеологиямен» бірге жұмыс жасап жатырмыз. Тау-кен өндірісі саласында ынтымақтастық орнату мақсатында келісімге қол қойдық. Қазақстанда төрт зауыт салу жос­парланып отыр, оның екеуі жел стансасы, екеуі мұнай өндіру саласына қатысты, деді Б.Салехи. Сонымен, Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран Ислам Рес­пуб­ликасына ресми сапары екіжақты уағдаластықтарға сәйкес аса табыс­ты аяқталды. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» – Тегераннан (Иран). Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.