• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2016

Ақиқат идеясы – «соғыс болмасын!»

364 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка сапарына және оның дүниежүзі жұртшылығының назарына ұсынылған  «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне орай белгілі саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әзімбай ҒАЛИМЕН сұхбаттасқан едік. – Әзеке, дәл қазіргі уақыт таразысына салғанда ядролық қауіпсіздік ұғымын қалай түсінген жөн? Ол жайындағы саммиттің Америка Құрама Штаттарында өтуінің мәнісі неде? – Бүгінгі таңда ядролық қауіпсіздік дегеніміз өте маңызды мәселеге айналып тұр. Дұрыстап, көңіл аударып, ден қойып саралайтын болсақ, оның екі жағы бар: бірқатар ұлы державалар, әрине, әдеттегідей дүниежүзі мемлекеттерінің алдында басымшылдық әлеуетін сақтағысы келеді. Олар – не­гізгі төреші саналады әрі солай болуы тиіс те. Мәселен, Тәуелсіздіктің елең-алаңында Қазақстан Республикасы өз еркі­мен ядролық қарудан бас тартты, ол өте дұрыс қадам саналды. Өйткені, сол 90-шы жылдары, өздеріңіз ойлап қараңыздар,  бізге ядролық арсеналды өз орнында сақтауға қаржы болмады. Кітапханалар мен ауруханаларды жауып жатқанда одан да қымбат және аса қуатты мүлікті ұстап тұруға қайта құрылып жатқан еліміздің шамасы жетпейтін де еді. Есесіне біз елді жаңғыртудың жаңа реформаларын жасауға құлшына бет алдық. Тарихи шындықты айтайын әрі ол құпия да емес, сол кезеңде еліміздің аумағындағы арнайы бомба тасымалдаушы бір ұшақ ядролық қаруымен, экипажымен Ресейге қашып кетті. Егер ол экипаж Иранға қашқанда әлемге билігін жүргізіп отырған әлгі жоғарыдағы атаған құзырлы мемлекеттер бізге бірден санкция салатын еді. Дәл сол тұста Ельциннің билігіндегі Ресейді АҚШ пен Еуропа қатты қолдап отырған. Ресейдің қолындағы әскери кешен өз екпінімен дами берді. Оның үстіне, Ресей Батыстың айтқанына құлақ асып, нұсқағанын орындады. Сол тұста елде түбінде билік өзгереді, саяси жағдай өзгереді деген бөтен ой ешкімнің басына келмеді... – Америкадағы саммитке неге Ресей қатыспады деген сауалды қоюға өзім де дайындалып едім...  Айтыңызшы, Ресей­дің саммитке бармауы санкцияға байланысты ма? – Ол да бар... Бірақ, әлем елдерінің тарапынан Ресейге бұған дейін де ядролық қару жөнінен  бірқатар талаптар қойылғанын ұмытпаңыз. Мәселен, сол талаптарға сай Ресей үшін ядролық арсеналды қысқартудың өзі аса қымбатқа түседі. Тіркелген ядролық қаруды өңдеуге тура келеді, ол үлкен технологиялық іс, қып-қызыл ақша. Бұл талаптарды бір мезетте орындай салу оңай іс емес. Ресейдің ең алдымен ежелгі осы талаптарды орындауды ауырсынғаны ақиқат жайт. Ал Америкадағы жиынның көтеретін мәселесінің өзі сол ядролық қауіпсіздік жайы болып тұр емес пе?! Ресейде әскери кешен қуатты. Қауіпсіздік қызметі де қауқарлы. Олардың да алдын ала айтқан ақыл-кеңесі бар дегендей... – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атақ­ты саммит үстінде әлем назарына ұсынған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне оралайық. Манифест тарихи құжат ретінде БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты ретінде тіркелді. Елбасының манифесі қандай мазмұнымен маңызды құжатқа айналды деп ойлайсыз? – Шындығын айтсақ, әлемде ядролық қарудан бас тартқан жалғыз біздің мемлекет емес. Бірақ, тәуелсіз жас Қазақстан мемлекеті ол бастаманың пайдасын көріп отыр. Ең маңыздысы –  Елбасының әлем жұртшылығының назарын өзі­не аударғаны – ХХІ ғасырда, яғни қазіргі жағдайда қарумен, соғыспен ешқандай да мәселені шешуге болмайды деген ақиқат идеясы! Тарихтан білетініміз, ХХ ғасыр ылғи соғыспен өтті. Одан адамзат өкілі көп ұтылды. Зиян шекті. Соғыстың үлкен-кішісі болмайды. Сондықтан да бұл манифестің – Назарбаев құжатының  негізгі айтары – соғыс болмасын! Ел­басы жұртшылық назарына соғыс болған жағдайда оның әлемдік ядролық қырғынға айналып кетуі мүмкін деген ой тастап отыр. Сондай-ақ, ол әлемде жаппай қы­рып-жою технологияларын үздіксіз жасап шығаруды тоқтату керек дейді. Нұрсұлтан Назарбаев бұл арада философиялық негізге сүйенген. Қателеспесем, ол кісі осы ойларын, тіпті, төл тілімізде – қазақша айтты. Сапар қоры­тындысы бойынша, әлемдік және еліміздегі сарапшылар айтқандай, еліміз де, Елбасымыз да дүниежүзі алдында Америка сапарынан біршама бедел жиып қайтты. Әйтсе де, біз сол 90-шы жылдары ешкімнің ешкімге «тиіспеуі» туралы қабылданған Будапешт меморандумының ешқандай да беделі жоқ екені жайында ылғи қаперде ұстап отыруға тиістіміз. – Әлемдік қоғамдастық, оның ішінде, әсіресе, АҚШ бұған дейін Иранға санкциялар жаудырып еді, қазір райынан қайтты... – Иранның мойнында әлі де санкциялар ілулі... Ол – адам құқын бұзушылық  деген жұмсақ санкция, бәрін біліп отырмыз. Сондай-ақ, Батыс Иранға қатысты санкцияның тежеуіндегі 200 миллиардтық қаражатын әлі босатқан жоқ. Бірақ, мұнай сатуға белгілі мөлшерде мүмкіндік берді. Себебі бар. Ол – өте күр­делі үрдіс... – Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі  ІV саммит­те сөйлеген сөзінде Елбасымыз ХХІ ғасырдағы аса үлкен проблемалардың бірі  ядролық терроризм екенін атап айтты. Сізше қалай, расында да ол қауіптің жақындап қалғаны ма? – Ядролық терроризмнің екі түрі бар. Оның біріншісін Солтүстік Кореяның қазіргі әрекеттеріне қатыстыра айтуға мәжбүрміз. Шынтуайтында, қазіргі заманда ондай ядролық қаруды жасап шығару аса қиын да емес. Тек өкініштісі, ол елдің шағын ғана халқы бар, оның өзі аш-жалаңаш. Халықтың қарнын тойдыру үшін әлем елдері Солтүстік Кореяға қол ұшын бе­реді, ал олар ядролық қару жа­сай­ды. Былайша айтқанда, шоқпар жинап жатыр... Осыдан кейін Вашингтондағы келісім Солтүстік Кореяға қатысты санк­цияны әдеттегіден де қа­тайт­ты. Ашқұрсақ халыққа қарайласпайтынын да ескертті. Екіншіден,  қазір ядролық «лас» бомба жасай салатын заман туды. Толық өңделмеген плутоний қалдығын жинап, бомба жасап, оны қолдануға болады дегендей... Ол негізінен психологиялық бомба. Көбінде елді қорқытып-үркіту үшін айтылады. Алайда, бүгінде әлемдік барлау қызметі өте күшті қызмет істейді. Ондай «лас» бомбаны жасауға да, қолдануға да жол бермейді. Тіпті, күн туғанның өзінде ондай кешендер ғарыштан дәлдеген зымырандардың арқа­сын­да өз кешендерінде ойраны шығып, көміліп қалады. Мұндағы Елбасының меңзегені – соның алдын алу деген сөз. – Кезекті саммиттің Қа­зақ­­станда өтуін қолдаған жұрт­шылықтың дауысы басым. Демек, біздің еліміз үшін оның тигізер пайдасы бар ғой? – Ядролық отынды сатуда Қазақстан дүниежүзінде кейде бірінші орын алады. Өкінішке қарай, әлемде уранның бағасы төмендеп барады. Оны саудалау ісінде де біздің мүмкіндіктеріміз алда. Тәжірибеміз бар. Мәселен, қарапайым тілмен айтсақ, әлем­нің көптеген мемлекеттері пешке от жағады, бірақ, күлін өз елінде сақтағысы келмейді.  Ол күл-қоқысты сақтауға біздегі кезінде белгілі қару қуатының қоймасы болған орындар бейім болып шықты. Мұнай мен ядролық отын біздің экономикамыздың негізгі баптары саналады. Оның үстіне ядролық нарықта біз Ресеймен біріге отырып әлемдік талаптарға сай жұмыс істей алатынымызды дәлелдеген елміз. Бастапқы кезде сапасы әрқилы болғанмен, кейін тәп-тәуір стандартқа қол жеткіздік. Әрі ол іс біздің еліміз үшін тәп-тәуір табыс көзіне айналды. – АҚШ-та өткен дүбірлі саммиттен кейін өз басыңыз қандай ой түйдіңіз? – АҚШ – әлемде үстемдігі бар мемлекет. Экономикасы да үстем әрі өркендеп өсіп келеді, сондықтан да оның байсалды талаптары Еуропаның да мүддесінен дөп шығуда. Олар қазақ елі басшысының Вашингтонда айтқан әңгімесінің қисыны бар екенін біліп те отыр. Қазақстан үшін бұл сапар пайда көзі болды деп айтқан жөн шығар. Елбасының ол елдің дуалы ауызды саясаткерлерімен, бизнес өкілдерімен кездесуінің қорытындысы осыған саяды. – Соған қарамастан, әлем әлі де мазасыз күй кешуде. Араб елдерінен көз алдымызда босқан жұрт Еуропаны сағалауда. Неге бұлай болды, ол қашанға дейін созылмақ? – Мен таяуда Германиядан арабтар туралы араб, орыс, неміс, ағылшын  тілдеріндегі кешегі және бүгінгі құжаттар топтамасынан құрастырып жинақ шығардым. Ол еңбегім бүгінгі арабтардың дағдарысы туралы ой қозғайды. Тақырыбы: «Араб елдеріндегі дағдарыс: себептері мен шығу жолдары». Қазір оның ізін ала «Араб билеушілері» деген тарихи серия жазу үстіндемін. Германияда оны кітапханаларға брошюра түрінде таратады. Қаламақы аламын. Мен мұны не үшін жаздым? Ең алдымен, өзімізге – қазаққа сабақ болсын деп жаздым. Халықаралық сайт арқылы тараттым. Оның орыс тіліндегі нұсқасын  centrasia.ru сайтынан еркін оқуға болады. Сіздің сауалыңызға сонда жан-жақты жауап беріледі. – Әсерлі әңгімеңіз үшін үлкен рахмет! Әңгімелескен  Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»  АЛМАТЫ