Сексен жылдан астам тарихы бар қазақ боксында қол жеткізілген толағай табыстар ұшан-теңіз. Сол жемісті жетістіктерді жетелеп жеткізген ерен ерлеріміз де жетерлік. Олардың қатарын Олимпиада, Универсиада және Азия ойындары, әлем, Еуропа, Азия және КСРО чемпионаттары секілді бәсірелі бәсекелердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері толтырады. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Әбдісалан Нұрмаханов осы аталған дүбірлі дүрмектердің бірде-бірінде мойнына алтыннан алқа тақпады. Бірде-бір Олимпиялық ойындарға, әлем және құрлық чемпионатына қатысқан жоқ. Оның спортшылық мансабындағы бар биігі Кеңес Одағы біріншілігінде 2 рет күміс, 2 рет қола (мұның бірі Спартакиаданың да жүлдесі болды) медальдар жеңіп алумен шектелді. Біз «алтын алқа» дегенде, тек қаһарман қандасымыздың Азия және Африка спортшыларының небәрі екі кезек өткізіліп, жалғасын таппай қалған ГАНЕФО ойындарының бірінші турнирінде чемпион болғанын ғана айта аламыз.
Бірақ Әбдісалан ағаның ұлттық боксымыздағы орны өзінен бұрын КСРО чемпионатында республикаға тұңғыш қола, күміс және алтын медальдарды алып берген алдындағы ағаларынан да, жоғарыда айтылған айтулы аламандарда бірнеше мәрте топ жарған кейінгі інілерінен де ешқашан төмен болған емес. Себебі, көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған ол тұтас бір дәуірдің кескін-келбетін танытатын толымды тұлғасы, спорттың осы түрінің нағыз қозғаушы күші ретінде халқының жадында мәңгіге қалып қойды. Қалың еліне «қазақ боксының қаһарманы» ретінде танылған Әбдісалан аға, бұдан 14 жыл бұрын қапияда көз жұмып кетпегенде, бүгін тура сексеннің сеңгіріне шығып отырған болар еді...
Тегінде бардың тегі озары белгілі. Балалық шағы қасиетті Түркістан топырағында өткен Кеңес Одағы секілді алып елдің болашақ атан жығар айбынды ұланының сойы да сондай сұрапыл күші бар атадан еді. Арғы бабаларының бәрі арыстандай айбатты, жолбарыстай жүректі жандар есебінде ел есінде қалған оның өз әкесі Нұрмахан да бойы екі метрге жететін апайтөс адам болған екен. Ол заманында аты әлемге әйгілі Қажымұқанның жанына ілескен атқосшы-серіктерінің біріне айналыпты.
Көне Торғай өңірінде өсіп-өнген Нұрмахан өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басында қазақ жерін жегі құрттай жалмаған ашаршылық салдарынан бір түнде түп көтеріліп, оңтүстік өлкеге қарай үдере көшеді. Бір бел асып бекімей, екі бел асып екілей қозғалған көш жолай еш жерге аялдап, тұрақтай алмай, Өзбекстанның ең түпкі түстігіндегі Әмудария аумағына барып табан тіреп, бір-ақ тоқтайды. Осында балықшылық деген өзі үшін мүлде жаңа кәсіпке ден қойған Нұрмаханның отбасы біртіндеп ес жиып, ел қатарына қосыла бастайды. Соның арқасында бұрыннан қара-құрасы құралып қалған балаларының соңынан тағы да жеткіншектер ере түседі. Келешек қазақ боксының нағыз арқасүйер айбыны мен мадақ тұтар мақтанышы атанатын Әбдісалан 1936 жылдың 19 сәуірі күні осы Сұрхандария облысына қарасты Шурчи деген ауданның Күлтафа атты елді мекенінде шаңырақтағы тоғыз баланың сегізіншісі болып дүние есігінен аттайды. Отбасындағы басқа балалардан бір ерекшелігі, араларында Әміров деген текті алмай, өз әкесінің атына жазылған жалғыз Әбдісалан болыпты.
Бұдан кейін көп ұзамай Нұрмахан әулеті мұнда селбесіп келген ағайындарымен бірге «елге жетіп алу» деген мақсатпен кері қарай көш түзейді. Соңында олардың күн-түн демей жүріп отырғанда жетіп тоқтаған жері Түркістан маңайы болады. Бала Әбдісалан осында жүріп өзі құралыптас құрдастарымен алысып-жұлысып ойнап, күреске де түсе бастайды. Бірақ оның спорттың алуан түрінен сайысқа түсіп, өзін әр салада сынап көруі 50-ші жылдардың басында Нұрмахан отбасының Түркістан қаласына біржола қоныс аударып, тұрақтап қалуынан кейін ғана жүзеге асады. Әдепкіде біраз уақытын баскетболға жұмсаған Әбдісалан күндердің күнінде керілген арқан, келсаптай қолғапқа бағынған бокс атты құдіретті спорт түрі бар екенін білген кезінде бәрін тастай салып, осылай қарай ауып кетеді. Бұған өзінен бірнеше жас үлкендігі бар Молдабек Құралбаев есімді жасөспірім жігітпен көшеде кездесіп, шекісіп қалуы бірінші себеп болған сияқты. Сол Молдабек жаңа танысқан жас досына бокстың ең алғашқы әліппесін үйретіп, өзінше машыққа баулиды. Осында жүріп бірінші рет бокс қолғабын киіп, құмға толтырылған қапты соққылайды. Екеуі кейінірек Константин Градополовтың бокс туралы оқулық кітабын қолға түсіріп, сол бойынша тәлім алуға кіріседі.
Дегенмен, Әбдісалан нағыз бокспен 1953 жылдың күзінде Алматыға оқуға келген кезінде ғана шындап шұғылдана бастады. Әуелгіде машинист мамандығын меңгеру үшін теміржол техникумының табалдырығынан аттаған ол тап осы бокстың салдарынан оны үшінші курсқа жеткенінде тастап кетіп, оқуды денешынықтыру техникумының екінші курсынан жалғастырды. Бұған Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқитын Әпсемет деген ауылдас ағасының ықпалы күшті болды. Бір күні ол Әбдісаланды қолынан жетектеп, сол кездің өзінде атағы дүрілдеп тұрған жаттықтырушы Давлеткерей Муллаевтың өзіне әкелді. Сөйтсе, Солтүстік Кавказдан қуғын-сүргін лаңымен Қазақстанға келіп қалған малқар маманымен жақсы таныстығы бар екен. Басында Талдықорғанға түскен бапкердің спорт жетекшілері алғауымен Алматыға ауысқанына да біршама уақыт болған екен. Әпсемет алдын ала айтып қойса керек, екеуі жаяулап «Динамо» спорт залына келгенде, 36 жастағы ұстаз 17-ден жаңа асқан, бойы 190 сантиметр, салмағы 80 килограмнан асатын қалың қабақты сылыңғыр қара жігітті қуана қарсы алады. Олардың соңынан біраз жылға созылған, кейін Давлеткерей Магометұлы Белоруссияға қызметке ауысып кеткенге дейін жалғасатын жаттықтырушы мен шәкірт арасындағы барынша жарасымды тандем осылайша емен-жарқын қалыпта алымды арнаға түсті.
Жаңа ортадағы жаңарған жаттығулар жүйесі Әбдісаланға салған жерден қатты ұнады. Сол кезде мұның алдында даңқты жерлес ағасы Октябрь Жарылғаповтың үгіттеуімен волейболдың жолына түсіп кетпегеніне шын көңілден қуанды. Енді сәл болмағанда, таспа доптың торына шырмала кетуге тым жақын да қалып еді. Ал бокс жаттығу залына енгеннен бойын ерекше бір күш пен ғаламат сезімнің кернеп бара жатқанын бірден байқады. Ол бокстың қыры мен сыры көп екенін, оны шебер меңгеріп шығу үшін ащы терді тамшылатып төгетін жанкешті жаттығудың да жеткіліксіз екенін айтпай ұғынды. Сондықтан, шаршы алаңда қиян-кескі ұрыс салып, төбелесті төске шығаруды емес, ойлы ойын көрсете білуге үйренуді әу бастан алдына мұнаралы мақсат етіп қойды. Осы жолда бір соққыны бірнеше күн қайталап жасап, мұқият дағдыланған кездері де аз болған жоқ. Бұған, шамасы, боксқа келгеніне айға толмай тұрған кезінде ұстазының бір додаға қосып жібергені тағы бір дүмпу берген. Жаттықтырушы Муллаев сол тәуекелімен екі бірдей міндетті жүзеге асырды. Біріншіден, аса ауыр салмақта жоқ боксшысының орнын жапты, екіншіден, батырға – айғақ, балуанға куә болатын шынайы шайқаста үкілі үмітінің алғашқы аяқ алысын аңдап көрді. Ал ата баласының ат меңіндей белгісі болатыны рас екен, Әбдісалан өзінің рингтегі ең бірінші ұрысын сәтті өткеріп, қарсыласын бірінші раундтың өзінде-ақ іске алғысыз етіп тастады.
Арада екі жыл өткенде, 1955 жылы Әбдісалан Нұрмаханов Қазақстанның жекелей біріншілігінде барлық қарсыласын бет қаратпай жеңіп, тұңғыш рет чемпиондық тұғырға көтерілді. Тағы бір-екі жылдан соң Кеңес Одағы чемпионатындағы тұсаукесер жекпе-жектерінің өрнегін түзіп, аты айдай әлемге жайыла бастады. Мұның алдында Дондағы Ростовта өткен «Буревестник» қоғамы чемпионатының финалында кейін өзімен үлкен рингтерде бірнеше рет жолығатын Мельбурн Олимпиадасының күміс жүлдегері, жергілікті боксшы Лев Мухинге есе беріп қойғаны бар. Ал Мәскеуде 1957 жылдың 3-6 сәуірі күндері жалау желбіреткен әдепкі чемпионатында екі қарсыласын емін-еркін жеңіп, ақтық айқасқа дейін алқынбай жеткен. Кіл атан жілік, арқар мүйізді алыптар бас қосқан жиында бұрын аты-жөні көпшілікке кеңінен танылмаған 21 жасар жігіттен мұндай батылдықты ешкім күтпеген. Алтын медаль үшін талас осыдан бастап Одақтың кейін 6 дүркін, Еуропаның 3 рет чемпионы атанатын мәскеулік Андрей Абрамовпен өтті. Қазақстандық жас қабылан өзіне қарағанда, бір пұтқа жуық ауыр салмағы бар, тәжірибесі де мол қарсыласымен қайтпай шайқасты. Бірақ теңге пара-пар айқастың қорытындысында төрешілер ақылдаса келе, жеңісті аздаған басымдығы байқалған Кремльді қаланың өкіліне беріп жіберді. Ал Әбдісалан осы жолы тұңғыш рет жеңіп алған күміс медалінің арқасында омырауына «КСРО спорт шеберінің» жетонын тағып қайтты.
Әбдісалан Нұрмаханов келесі медаліне 1959 жылдың тамыз айында қол жеткізді. Бұл жолы Спартакиада шеңберінде ту көтерген чемпионатта біздің батырымыз алғашқы ұрыстарын сәтті өткеріп, жартылай финалда краснодарлық Александр Изосимовпен беттесті. Тартысты өткен жекпе-жекте сәл ілкімділік көрсеткен қарсыластың жолы болып кетті. Осылайша, ұзын саны 5 рет Одақ чемпионы болатын Кубань өлкесінің бағланы да Әбдісаланмен ұрыс салғаннан кейін өзінің ең алғашқы алтын медаліне аяқ артты. Бұл екі қарсылас арада 2 жыл өткеннен кейін Мәскеуде кәсіподақтардың бүкілодақтық спартакиадасының ақтық сынында тағы кездесті. Осы жолы Әбдісалан бұрыннан кеткен есесін жақсы қайтарып, жеңіске жетуге тым жақын қалған. Бірақ соңғы раундта кенет қабағы жарылып кетті де, дәрігердің ұйғарымымен ұрыс тоқтатылып, ұтыс тағы да краснодарлық жігіттің қанжығасына байланды. Дегенмен, Александр да ер екен, арнайы бұрылып келіп, бұл кезекте Әбдісаланның басым болғанын өз аузынан айтып кетті. Сол Саша 1963 жылы Индонезия астанасы – Джакарта қаласында бірінші рет өткізілгелі тұрған Азия және Африка елдері спортшыларының ГАНЕФО ойындарына баратын құраманы іріктеу жаттығулары жүріп жатқан кезде де мәрттік көрсетті. Аса ауыр салмақта Әбдісаланмен бәсекелес болған ол екі рет өткізілген спарринг-айқаста да өзінің жеңіліп қалғанын жаттықтырушыларға естірте ашықтан-ашық айтты.
Осылайша, Әбдісалан кеңес спортшылары алғаш және соңғы рет қатысқан Ойындарға жанын сала кірісті. Балдағы алтын ақберен мұнда да өзіне аса көп қамшы салдырмай, қарсыластарының бәрін әлдінің кеуір қырған зүлперіндей тас-талқан етіп жеңіп шықты. «Бәрі» болғанда, жеребеге сай, кездесуін жартылай финал шегінен бастаған тарлан өзінен дене пішімі анағұрлым үлкен, соған орай салмағы да айтарлықтай көп екі бәсекелесінің әптер-тәптерін шығарып, ұрыстарды мерзімінен бұрын бітірді. Әуелі гвинеялық Карама Мамиді бірінші раундтың 20 секундында нокаутқа жіберді. Соңында алтын медаль үшін таласта египеттік Мухаммад Сайед әл-Киланиді үшінші раундта екі соққымен орнынан тұрғызбай тастады. Сөйтіп, Әбдісалан боксшылардың осы Ойындардағы соңғы нүктесін әдемілеп қойып берді. Кеңес құрамасы онда 5 алтын, 1 күміс және 3 қола медальға қол жеткізді.
«Қазақ боксының қабыланы» өзінің боксшылық мансабы жылдарында екі спорт қоғамы атынан сынға түсті. Соның біріншісі – «Буревестниктің» 7 мәрте, «Еңбек резервтерінің» 5 рет чемпионы атанды. Бұдан бөлек, ВЦСПС-тің 2 рет жеңімпазы болып үлгерді. Ал Қазақстан біріншілігінде 11 мәрте тұғырдың ең биігінен қол бұлғап тұрды. Осы кезеңдері ол республиканың ішкі жарыстарында Семен Либерман, Иосиф Гильдин секілді саңлақтармен ұдайы бәсекелес болды. Әсіресе, соңғысымен шайқас нағыз жан алысып, жан беріскендей кескілескен сипатта өтетін. Басында жасы үлкен қарсыласына біраз есесі кетіп жүрген Әбдісалан кейін оны екі шайнап, бір жұтатындай шамаға келіп қалды. Ол ең соңғы жолғысында республиканың Шымкент қаласында өткен біріншілігінде Гильдиннің әлем-тапырығын шығарды. Осымен қатарынан үшінші рет жүні жығылып қалған Иосиф бокс қолғабын да шегеге ерте ілуге мәжбүр болып еді. Ал Одақ көлеміндегі турнирлерде біздің даңқты боксшымыздың жолы ригалық Янис Ланцерс, ленинградтық Вадим Емельянов, ростовтықтар Лев Мухинмен және Николай Сухаревпен, сондай-ақ жоғарыда айтылған Александр Изосимовпен және Андрей Абрамовпен жиірек түйісті. Осы шайқастар бір жағы оның абыройын асқақ ете түссе, бір жағы шеберліктің шыңына жетуге жетелеп отырды. Сол сынақтарда Андрей Абрамов бағын көбірек байлады. Мұның ішінде Әбдісалан мен Андрейдің 1962 жылдың мамыр айының 27-сі күні Киевте КСРО чемпионатының финалындағы айқасы кейін көп уақытқа дейін жанкүйер жұрт пен мамандардың аузында жүрді. Кезінде бұл жекпе-жекте қазақстандық спортшының айқын басымдық танытқанын, бірақ жеңістің әділетсіздікпен оның қарсыласына беріліп кеткенін «Советский спорт» газеті де, жергілікті басылымдар да ашық жазды. Чемпионатқа ширек финалдан қосылған Әбдісалан аға алдымен мәскеулік армияшы Владимир Гришинді талассыз тізе бүктірді. Жартылай финалда мәскеулік динамошы Виктор Селезневті тырапай асырды. Ол ақтық айқаста Абрамовты да бесінші бұрыш іздейтіндей дәрежеге жеткізіп еді. Алайда, көрер көзге бүйрек бұрып жіберген арбитрлар алқасы 3:2 деген есеппен ұтысты ұрыста сілікпесі шығып тұрған Андрейдің қолына ұстатып жібере салды. Сол-ақ екен, Киевтің кең спорт сарайының іші дуылдасқан айқай мен жаңғырыққан ысқырық үніне толып кетті...
Украина астанасының бокссүйер қауымы қазақ спортшысының өнерімен бұдан бір жыл бұрын жақсы таныс болып қалған еді. Атап айтқанда, 1961 жылдың күзінде осы қалада КСРО және Германия құрамаларының матчтық кездесулері өтіп, Әбдісалан өзінің Виль Бранденбургер есімді қарсыласын үш раунд бойы қуалап жүріп сабаған еді. Енді, міне, осы Киевтен кейін қайтадан батыстағы немістер еліне тағы да сапар шекті. Құрама бұл сапары алдымен Данияның орталығы – Копенгагенге аялдап, бір жолдастық кездесу өткізді. Нұрмаханов жергілікті жанкүйерлердің көтермелеуімен желпініп алға ұмтылған өзінің визавиін бірінші раундта-ақ жалпасынан құлатты. Ал Кельнде Вилли Регенаур деген қарсыласын үшінші раундта естен тандырған Әбдісалан Боннда бұдан бір жыл бұрын ұшырасқан Бранденбургерді ұрыс басталар-басталмастан үш соққымен талдырып түсірді. Бұдан басқа, біздің батырымыз Югославия, Румыния, Венгрия секілді елдердің рингтері төрінде сәтті өнер көрсетті. Жалпы, Әбдісалан Нұрмаханов өзінің 14 жылға жуық уақытқа созылған спортшылық дәуірінде 239 рет ұрыс алаңына шығып, соның 222-сінде жеңіске жетті. Ол 1968 жылы үлкен бокспен қош айтысқаннан кейін «КСРО-ға еңбегі сіңген шебер» атанып, Қазақстан боксшылары арасында бұл атаққа қол жеткізген бірінші саңлақ болды.
Әбекең тәуелсіз Қазақ елі боксшылар құрамасының бірінші бас жаттықтырушысы деген құрметті де еншілей білді. Ол құрама команданы 1993-1997 жылдары басқарып, оның жеке жасақ ретінде 1996 жылы Атланта Олимпиялық ойындарына қатысуының да басында тұрды. «Қазақстан қабыланы» бастап барған республика былғары қолғап шеберлері сол айтулы аламаннан 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальдар жеңіп алып, Куба мен АҚШ жамағаттарынан кейінгі үшінші орынға жайғасып, сенсациялық жеңіске қол жеткізді. Ал мұның алдында, 1994 жылы Азия чемпионатында бес бірдей шәкірті алтын медаль алып, айды аспанға бір-ақ шығарған еді. Міне, осы төлбасы жеңіс болып өмірімізге енген осы даңқты жолдан бастау алған Қазақстан құрамасының боксшылары бұдан кейінгі жылдары турнирден турнирге өрлеумен келеді. Осының бәрі Әбдісалан Нұрмаханов сынды шын мәнінде де ертегінің кейіпкері бола алатындай нағыз алып адамның кезінде Қазақ дене тәрбиесі институтында кафедра меңгерушісі болып та, ғылым жолын қуып та, шәкірт тәрбиелейтін бапкер болып та, бокс әліппесін үйрететін бірнеше оқулық кітап шығарып та спорттың осы өзіне төл түрін елімізде дамыта түсуге орасан зор үлес қосқанына айқын айғақ бола алады.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА