Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті.
Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті депутаттардың талқысына бір топ заң жобаларын ұсынды. Олардың арасында Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы елшілігінің және Қырғыз Республикасының Қазақстандағы елшілігінің қажеттері үшін Астана қаласы мен Бішкек қаласында ғимараттар мен жер учаскелерін өтемсіз пайдалануға беру туралы екі ел арасындағы өзара келісімді бекітуді көздейтін заң жобасы бар.
Сонымен қатар, бюро отырысында Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу мәселелері қаралды. Олардың ішінде еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын, «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» және осы заң актісіне орай кейбір заңдарға түзету енгізуді қарастыратын заң жобалары бар.
Сондай-ақ «Дүниежүзілік пошта одағының жарғысына Сегізінші қосымша хаттаманы ратификациялау туралы» және «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылы туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобалары бойынша жұмыс тобын құрып, қорытынды әзірлеу үшін олар салалық комитеттерге жіберілетін болды.
«Егемен-ақпарат».