• RUB:
    4.82
  • USD:
    439.43
  • EUR:
    473.31
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2011

Семейдегі сергелдеңнің сыры неде?

450 рет
көрсетілді

Өткен жылға қарағанда Семей биылғы қысқа біршама дайындықпен келген секілді еді. Алайда, қырсыққанда қымыран іриді демекші, жаңа жылдың алғашқы аптасының ортасына таман Семейде бір сергелдең бас­талды да кетті. Яғни, №1 жылу орта­лығына қа­рас­ты жеті қазандықтың бірі – алтыншы қазандық істен шыққан. Арада екі күн өт­пей жатып жетінші қазандық та соның алғашқысының кебін киді. Соңынан белгілі болғанындай, алды осыдан сексен жылдай уақыт бұрын пайдалануға берілген, оның үстіне содан бері күрделі жөндеу жүргі­зіл­меген әлгі екі қазандықтың түтін тартқыш картері  ауыр жүктемені көтере алмаған­дықтан істен шыққан. Сөйтіп, қаланың Жаңасемей деп атала­тын сол жағалаудағы Новостройка, Океан және Юность шағын аудандарындағы тұр­ғын үйлер жылусыз қалды десе де болады. Ал бұл шақта ауа темпера­турасы минус қырық градустың маңайында еді. Соның сал­да­рынан аталған шағын аудандардағы тұрғын үйлерде ауа температурасы тым төмендеп, суып кеткен. Ал мұндайда тұрғындардың жан далбасалап, электр қуатына жүгінетіні сөзсіз. Шамадан тыс  мөлшердегі қуатты көте­ре алмаған кернеулерде трансформаторлар, кабельдер мен сақтан­дыру қондыр­ғы­лары істен шығып, мұнда да апатты жағдай қа­лыптасты. Қала­да дереу жедел штаб құрылып, жөндеу бри­га­даларының жұмысы тәулік бойы ұйым­дас­ты­рылды. Апатты жағдайды жоюмен 10 бригада күні-түні айналысты. Солайша әлгі екі қазан­дық тездетіп іске қосылды. Алайда, 12 қаң­тар­дан енді бесінші қазандық тоқтап қалды. Аяқ астынан туындаған сергел­деңнің сал­дары­на  үңіліп көрелік. Семейде қаптаған жиыр­ма­дан астам қазандық бар болса, соның жетеуі №1 жылу орталы­ғына қарайды. Сол жеті қазан­дықтың жетпіс пайыздан астамы әбден ескіріп, солықтап тұрғаны ресми түр­де мойындалған шындық. Өткен жылдың жазында Семейге келген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов те соған көз жеткізіп, тиісті орындарға тапсырма берген. Мұндағылардың есебі бойынша апатты жағ­дайдағы қазандықтарды күрделі жөн­деу­ден өткізу үшін кемі 244 миллион теңге қаржы қажет болатын. Өкінішке қарай, тек қараша айының соңында облыс пен қала тарапынан ғана соның 90 миллионы әзер дегенде табылған. Сөйтіп, қаражат тапшы­лы­ғынан жаз бен күздің алтын уақыты босқа кеткен. Енді осы сергелдеңнен шығар жол бар ма деген сауалға келетін болсақ, тағы да күмілжуге тура келеді. Рас, №1 жылу орта­лығында жаңадан екі қазандық салынып жатыр. Олардың пайдалануға берілетін мерзімі жылдың аяғы. Ал наурыз айында әлі де суық болады деген болжам бар. Біздіңше мұнымен де іс шешілмейді. Өйткені, мұндағы қап­таған қазандықтың тағы басқа­лары істен шығып жатпасына кім кепіл? Сондықтан қала сол қап­таған қа­зандықтардан құтылмай, қиын­дық­тан да арылмайды. Біз­дің білуімізше үлкен қалалардың өзінде мұн­дай көп қазандық жоқ. Олар бір-екі жылу орталығында топтас­ты­рылған. Бірі істен шық­са, оны ек­іншісі алмастырып жатады. Екіншіден көмір сапасына да көңіл аудармаса болмайды. Ендігі жерде көмір қоспасына жол берілмеуі тиіс. Бүгінде Қаражыра көмі­ріне топырақ пен шлак аралас­ты­рылып сатылып жатқаны туралы дерек те бар. Кезінде Екібастұз бен Кузбастың сапалы көміріне лайық­талып салынған қазандық­тардың істен шығуына бұл да бір себеп пе дейміз. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. _____________________ БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында орын алған жағдайға байланысты үкіметтік комиссияның баяндамасын тыңдады, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Комиссия есебінің қорытындысы бойынша Үкімет басшысы жылу беру нысандарын дайындау жөніндегі жұмыстарды жеткілікті ұйым­дастырмағаны, жылу көздері жұмысына тиісті бақылау орнатпағаны және апат жағдайында шаралар қабылдамағаны үшін Семей қала­сының әкімі М.Айнабековті қызметтен босату жөнінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа тапсырма берді. Қазіргі уақытта Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша жы­лу маусымына бақылау жасау және облыс тұрғындарын жылумен, сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуге қатысты про­бле­маларды шұғыл шешу үшін облыстық штаб құрылды. Осындай шұғыл іс-әрекет ету штабтары облыстың қалалары мен аудандарында да құрылуда.
Соңғы жаңалықтар