• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2011

Студенттер баспанамен қамтылуы тиіс

526 рет
көрсетілді

Отанымыздың білімі мен ғылымы, жас ұрпақтың келешегі талқыға салынған Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісі өтті. Онда өткен жылдың жетістігі сарала­нып, алдағы кезеңнің ауқымды жұмыстары алға тартылды. Ең бастысы, студенттерді жатақ­ханамен қамтамасыз ету мәселесі қозғалған еді. Бұл туралы жиынға арнайы қатысып, сөз сөйлеген Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Білім және ғылым министрлігіне «Студенттік баспана» бағдарламасын жасауды тапсырды. Алқалы жиында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұ­ма­ғұлов білім-ғылым саласының қыз­меткерлері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдум өткізу бастамасын бір­ауыздан қолдап отырғанын жеткізіп, өткен жылдың жемісті бол­ға­нына нақты дәлел-дәйектер келтірді. Ең бастысы, 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламаның қабылданып, онда бірінші рет мектептің алтын дің­гегі саналатын мұғалім мәрте­бе­сін көтеру көрініс тапқаны. Білім беруді қаржыландыру көлемі 51 миллиард теңгеге өсіп, 797 миллиард теңгені, яғни ішкі жалпы өнімнің 4,1 пайызын құ­рады. Дарынды балалардың 51-ші халықаралық математикалық олим­пиадасында төрткүл дүние­нің 98 елінен келген жүзден жүй­рік­тердің арасында еліміздің оқу­шылары 5-ші орынды иеленді. Мем­ле­ке­тіміз ЮНЕСКО-ның білім беруді дамыту индексі бойын­ша көш­басшы төрттікке енді. Мектепке дейінгі білім беру ұйым­да­ры­ның саны жоғары қарқынмен өсіп, бір жылдың ішінде 41 пайызға арт­қан, Елбасының «Балапан» бағ­дар­ламасы шеңберінде 88,5 мың бүлдіршін балабақшамен қамты­лыпты. Әсіресе Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қара­ғанды, Павлодар облыстары мен Алматы қалалары өз межелерінен көрініпті. 2020 жылға қарай еліміздегі барлық бүлдіршіндер ба­ла­бақшамен толық қамтылатын бо­лады. Жалпы, мұндай елдік іске тек қана мемлекеттік емес, жеке құрылымдар да өз үлестерін қосу қажеттігін үйлестіру көзделіп отыр. Ал орта білім беретін 7516 мек­тепте 2,5 миллион бала білім алуда. Елбасы тапсырмасы бойын­ша 6 «Назарбаев зияткерлік мектебі» құрылғаны белгілі. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шең­берінде 103 мектеп пайдалануға беріліп, оқу кабинеттерін жаб­дық­тау жұмысы да едәуір ілгері жылжыған. Бір жыл ішінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйым­дарының желісі 28 бірлікке көбей­ген. Онда оқуға тілек білдір­ген­дер­дің саны бір жылда 5 мыңға таяған. Жоғары оқу орындарына келетін болсақ, өткен жылы талапкерлерге 35425 мемлекеттік грант тағайындалыпты. Жастар сая­сатында да тың қадамдар өріс алып, отандық ғалымдарымыз 1168 жаңалықтардың құжатын алуға қол жеткізген. Министрдің тағы бір айтқаны кадр дайындау ісін сапалы жүр­гізу болды. Оның басты іргетасы мектепте қаланатыны мәлім. Бұл үшін, біріншіден, мұғалімдердің бі­ліктілігін арттыру, екіншіден, оларға қаржылай жағдай жасап, ма­териалдық әл-ауқатын арттыру арқылы ынталандыру, үшіншіден, мәртебесін көтеру жолдарын алға тартты. Сол секілді жиында еліміздегі 8 мыңға таяу мектептің 254-і апатты жағдайда жұмыс жасап жатқаны, 2020 жылға дейін 12 жылдық білім беруге көшу, ол үшін материалдық-техникалық ба­за­ны жақсарту, оқулық пен оқу әдістемелерін сараптау жұмысы 3 кезеңде өтетіні, 2015 жылға дейін ұстаздардың жалақысын бірнеше рет өсіру, 2011-2013 жылдар ара­лығында жетім балалар мен ата-ана­сының қамқорлығынсыз қал­ған­дардың қамқоршыларына он айлық есептік көрсеткіш мөлше­рінде жәрдемақы төлеуге 14 миллиард теңге жоспарланып отыр­ға­ны айтылды. Бұған қоса мүм­кіндігі шектеулі балаларды ерекше қамқорлыққа алу, оларға білім үйретіп, тәрбие беретін арнайы мамандарды уақыт өткізбей әзір­леу мәселесін де тілге тиек етті. Мұның бәрі Президент Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен 2011-2020 жылдарға арналған білім берудің мемлекеттік бағдарламасын жүзе­ге асыру барысында кезек күттір­мейтін жұмыстар. Оны жүйелі түр­де атқару нәтижесінде білім беру сапасын көтеріп, маман дай­ын­дау ісінде бәсекелестік күшейе­ді, деді министр. Парламент Мә­жілісі мақұлдаған «Ғылым ту­ралы» заң ой еңбегінің өрістеуіне мүмкіндік беретінін тілге тиек еткен министр қалың жұрт қалай болар екен деп алаң кө­ңілмен күтіп отырған Ұлттық бірыңғай тестіде биыл айтар­лықтай өзгеріс болмайтынын, бірақ тест сапа­сы­ның арта­тынына, жауапкершілік­тің кү­шейетініне дәйектер келтірді. Министр журналистермен пікір алысу кезінде елімізде қазір 149 жоғары оқу орындары бар екенін, сан болғанмен сапа­ның аздығын алдағы уақытта жоо оңтай­лан­дыру мақсатында атына заты сай университеттер өз дәре­же­сін сақтап қала­ты­нын, кейбіреулері институт болып қайта құ­рылатынын, академия дәре­жесін иеленетіндер де шыға­тынын, ең бастысы, бәсекеге төтеп бере ал­май­тындары өз жұмысын тоқтату керек деген байламға келіп отыр­ғанын жеткізіп, студенттерді жа­тақ­ханамен қамтамасыз ету жұмысына жеке оқу орындары да тартылатынын, тапсырма берілгенін тілге тиек етті. Алқа мәжілісінің бір ерекшелігі ұзақ баяндамалардан гөрі нақты жұмыстардың дә­лел-дәйегі алға тартылып, се­лек­торлық тәсілде өткені дер едік. Мәселен, Қ.Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлт­тық тех­никалық уни­верситет­тің ректоры Ж.Әділов оқу орнында ұжымдық ұлттық лаборатория, қа­зақ-фр­ан­цуз орта­лығы құрылғанын ай­тып, студенттерді жа­тақ­ха­намен қамта­масыз ету мәсе­лесін көтерсе, Қарағанды об­лыстық білім басқар­масы­ның бастығы Е.Иманғалиев, өңір­дегі мектептердің 59 пайызы шағын мектептер екенін, «Ұлт­тық биология орталы­ғы» РМК-ның бас директоры Е.Раман­құлов, отандық ғылым­ның жаңа мүмкіндіктері тура­лы ой-толғамдарын білдірсе, Павлодар облысы Баянауыл аудандық білім басқармасының бастығы А.Лекеров, аудандағы білім ұяларының 90 пайызын шағын мектептер құрайтынын, жалпы 12 жылдық білім беруге көшу кезінде шағын мектептер мәселесін ойластыру керектігін назарға салды. Шымкент қала­сындағы кәсіптік мектептің бас­шысы Е.Сатқанбаев, кәсіп­тік мектепті қысқа мерзімде бітіріп, ең­бек­ке араласатын жас­тардың мәр­тебесін көтеріп, құ­қығын қорғау туралы өз бай­ламдарын айтып, оларға стипендия тағайындау керектігін және өндіріс шебер­лер­ле­рі­нің айлығын көтеретін кез­дің келгенін назарға салды. Қазақстан жастар кон­гре­сінің атқарушы ди­ректоры Ш.Байманов жас­­тар­ды тұр­ғын үймен қам­тамасыз ету, кәсіп­кер­лікке баулу, жастар­дың ұлттық моделін құру, студенттерді жатақ­ханамен қам­тамасыз ету, мүм­кіндікке қарай олар­ға жеңіл­діктер жа­­сау туралы айтып, жас­тар­ды үймен қамтамасыз ету мә­селесі Ба­тыс Қазақ­станда оң­тай­лы шешіліп жатқанынан мысал келтірді. Қос­та­най облыс­тық білім басқар­масының бас­тығы С.Бұрбаева, соңғы жыл­дары білім сапасына көңіл бө­лініп жатқанын, бір кездердегі жабайы жекешелендіру тұ­сында көк тиын­ға, не тегін та­ра­тылған, олар­дың ішінде қи­рап қалмай бүгінге жеткендерін «иелері» құн­дап отырғанын, әйтседе Ел­ба­сы жұмыл­дырып келе жат­қан елдік іске кей аза­маттардың тү­сіністікпен қа­рап, ұрпақтың қаже­тіне жа­ратуға қайтара бастағанын ризашылықпен айтты. Алқа отырысының қоры­тын­ды сөзінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов тәуел­сіздіктің ал­ғашқы жылда­рын­дағы қиын­дық­тарды қа­зір ең­сер­ге­ні­міз­дің нәти­же­сінде білім-ғы­лым саласын­дағы ұмты­лыс­­тар­дың өз жемісін бергенін, үш ауы­сыммен оқи­тын білім ұяларының азай­ғанын, жал­пы, жас ұр­пақ­тың білсем дейтін тал­пы­нысы 6 жасқа дейін 80 пайыз болатынын айтып, бейіндік мектептерді кө­бей­ту мәсе­лесін, 12 жыл­дық оқуға көшкен тұста 11-12 сынып пен жоғары оқу орын­дарындағы бірінші курс бағ­дарламаларын жан-жақ­ты үйлес­ті­ру қа­жет­тігін атап өтті. «Ғылым туралы» заң туралы да өз бай­ламын білдіріп, индус­триялық бағ­дарла­маларды мүлтіксіз жүзе­ге асы­ру­ды алға тартып, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жөніндегі ұсы­ныстарға қолдау білдіріп, «Студенттік баспана» бағ­дарла­масын жасауды ми­нистр­лікке тапсырды. Ол соны­мен бірге, аталмыш меке­менің жұ­мы­сына жақсы деген бағасын беріп, алда­ғы уақытта ат­қаруға тиіс жо­ба-жос­парларға қолдау көрсете­ті­нін айтып, білім сала­сы бойынша мемо­рандумға қол қойды. Сүлеймен МӘМЕТ.