*Сырт көз – сыншы
Астанада кеше басталған ХІІІ Еуразиялық медиа форумда әлемнің қазіргі таңдағы ең маңызды мәселелері талқыланып жатыр. Оған жаһанның 50 елінен келген 30 спикер мен 400 делегат қатысуда. Мұның сыртында бұқаралық ақпарат құралдарының тағы 400-ден астам өкілі форумнан хабар таратуға кірісіп кетті. Журналистер жиынның алғашқы күнінде жоғарыдағы тақырыпты қаузаған негізгі 4 мәжіліс өтті. Бұған қоса, белгілі журналистер, саясаткерлер мен экономистер осында 5 шеберлік сабағын жүргізді.
Форумның күн тәртібі ғаламды құрсаған дағдарыс, мұнай өндіру кешеніндегі проблемалар, Таяу Шығыстағы ахуал, Ауғанстан мәселесі, ХХІ ғасырдағы ақпарат соғысының ерекшеліктері, мемлекеттік қаржы ресурстарын басқару секілді тақырыптарды қамтыды. Бұлардың бірқатары кешегі жиынға өзек болды. Форумға қатысушылар өздерінің БАҚ өкілдерімен жеке, бетпе-бет кездесулері барысында да осы өзекті мәселелер жөнінде пікірлерін білдірді. Солардың бір легі мына ойларды тарқатты.
Мариэнн ПЕРЛ,
Chaim for Change веб-платформасының жауапты редакторы (Франция):
– Қазіргі әлемде қыз-келіншектерге зорлық-зомбылық көрсету барынша кең өріс алып тұр. XIII Еуразиялық медиа форумның бұл мәселені көтеруі тектен-тек емес. Сондықтан қысым көрген әйелдер мәселелері және онымен күресу жолдары күн тәртібіне берік еніп кетті. Мен бұл проблемамен көптен бері айналысып келемін. Зерттеу барысында байқағаным, көптеген елдерде әйелдер өздерінің еріктерінен тыс жыныстық қатынасқа түсіп қалады да, осы үшін соңынан қатты жәбір-жапа көреді. Бұған қоса, оларға білім мен медициналық көмек алуға мүмкіндік берілмейді. Осылайша әйелдер құқығы жаппай бұзылып жатыр. Мен Жер бетінің түкпір-түкпірінде болып, азапты жағдайда өмір сүріп жатқан әйелдердің тіршілігін көп көрдім. Олар жайлы кезінде деректі фильм де түсірдім. Ақырында өзім басқарып отырған Chaim for Change веб-платформасы қыз-келіншектердің құқын қорғайтын ғаламдық қозғалысқа айналып кетті. Ал алдағы уақытта мұндай кемсітушілік болмауы үшін лаңкестік топтар тарапынан жасалатын түрлі кибер араңдатушылықтың ықпалында кетіп қалмауымыз керек.
Меніңше, Қазақстан терроршылардан төнетін қауіп-қатердің алдын алып, ұрысты бейбіт жолмен шешуді бірінші кезекке жақсы қойып алған. Осы ретте қазір әлемде әйелдерге төнген түрлі қауіп-қатердің бар екенін ашық айтатын уақыт келді. Мәселен, ғаламтор, әлеуметтік желі бар. Маған Кенияның шалғай ауылында тұратын бір қыз хабарласты. Ол өзінің басындағы мәселесін айтты. Ал бұлайша шыға алатындар тым көп емес. Бұл жерде БАҚ-тың халық үшін үлкен қозғаушы күш екенін айта кеткен ләзім. Егер өз ахуалыңызды дұрыс етемін десеңіз, мәселені бірінші өзіңізден, күнделікті дағдыңыздан бастағаныңыз абзал.
Джек СТРО,
Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі:
– Қазақстан Президенті манифест жариялап, əлемде қауіпсіздікті сақтау тетіктерін көрсетті. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Сіздердің елдеріңіз кезінде Семей ядролық полигонын жауып, жақсы үлгі көрсетті. Қазір əлемде ядролық қаруды сынақтан өткізетін мемлекеттер қатары азайып келеді. Бұл – қуанарлық жағдай. Алайда, Солтүстік Кореяда қауіпті қарудың сыналып жатқаны əлем халқын алаңдатып отыр.
Рас, қазіргі әлемде алаңдайтын нәрселер өте көп. Бірақ соның ішіндегі ең қауіптісі де, ең жылдам соққы жасайтыны да ядролық қатер. Ал осы қауіптің бетін қайтарып, бейбіт өмірге қарай бет бұрсақ, қалған проблемаларды біртіндеп шешу немесе ондағы қиындықтарға ептеп те болса төтеп беруге мүмкіндік туады. Алдымызда адамзат баласын экономикалық және экологиялық сипаттағы орасан зор қауіп-қатерлердің күтіп тұрғанын жұрт білуге тиіс. Оның шарпуы соғатын кезге де тым көп уақыт қалған жоқ. Келешекте адам баласына азық-түлік пен ауыз су тауып берудің өзі үлкен проблемаға айналады.
Осындай кезде Жер планетасы тұрғындарының барынша ұйымшыл да тату-тәтті болғаны аса маңызды. Қазақстан лидері Нұрсұлтан Назарбаев бізге осы мәселелерге тағы да мұқият назар аударуды ұсынып отыр.
Риз ХАН,
Global media productions компаниясының өкілі:
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың манифесі бәрімізді де терең ойға қалдырды. Онда айтылғандардың барлығы шындық. Бізде қазір бұдан басқа таңдау жоқ. Екінің бірі. Не өмір сүруді одан әрі жалғастыруымыз керек, не құрып кетуге бет алуымыз керек. Өмірдің ащы шындығы тап осындай.
Енді БҰҰ Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ядролық қару жасау саласындағы ғылыми зерттеулер реестрін құрса, бұл үлкен жетістік болады деп есептеймін. Барлық ғалымдар осы бағыттағы әлемде болып жатқан жаңалықтарды біліп отырады. Менің ойымша, бірқатар ел осындай зерттеулерді дамыту үшін қомақты қаражат құя алар еді. Сонда ғана ғалымдар арасында нағыз шынайы бәсекелестік қалыптасады. Нәтижесінде оларға атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолданудың орайы келіп, күні туады.
Ольга КЕФАЛОЯННИ,
Грекия парламентінің депутаты:
– Біздің бәріміз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімен мұқият танысып шықтық. Онда тек Қазақстанға қатысты ғана емес, күллі әлемді толғандыратын өзекті мәселелер қамтылған. Егер шын мәнінде Жер бетінде бейбітшілікті қалпына келтіріп, планетаны сақтап қаламыз десек, манифесте айтылған және ұсынылған тұжырымдарға ден қоюымыз керек. Ол және кезек күттіріп жататын міндет емес. Оны тап бүгіннен бастап басшылыққа алған дұрыс. Осы орайда Қазақстанның ядролық қару қолдануды тоқтатуға қатысты бастамалары сәтті жүріп жатыр деп айтуға толық негіз бар.
Медиа форумда осы жағдайлардың бәрі айтылуда. Себебі, манифесте қозғалған мәселелер біздің бәріміздің көкейімізден шықты. Бейбітшілік тек Қазақстанға ғана емес, біздің бәрімізге де керек. Осының бәрі ядролық сынақтардан өз еркімен бас тартқан ел басшысының басқа жұртты ақыл мен сабырға, парасатты пайымға шақырған басалқылы мәлімдемесі болып көрінеді. Біз мұны бек қолдаймыз. Біздің бәріміз бұл мәселені тап қазірден қолға алуға ықпал жасауымыз керек. Әйтпесе, ертең бәрі де кеш болуы мүмкін.
Артур ДЕНАРО,
Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің бұрынғы кеңесшісі:
– Қазақстан ядролық қарудан бас тартты. Елдегі қауіпсіздікті қарудың мұндай түрін қолданбай-ақ қамтамасыз етуге болатындығын дәлелдеді. Қазақстан тарапынан жүзеге асып жатқан бастамалар ядролық қарудан ада әлем құруға зор үлес қосуда. Ал осының орнына ядролық қаруға қол жеткізуге ұмтылып отырған елдер де жетерлік. Бұл – өте қауіпті және алаңдатарлық үрдіс. Бізге қазіргі Солтүстік Кореяның әрекеттерінің өзі жетеді. Қазақстан Президентінің осы жөніндегі бастамасы аталған пиғылдағы елдер лидерлерін ойландыруға тиіс. Жерді сақтап қалудың бұдан басқа жолы жоқ. Өткен жылдардың барлық текетірестері бізге әлі сабақ болмаған сияқты.
Осы тұрғыдан келгенде, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы өте құптарлық. Ол бұған өзінің нақтылы ісі арқылы құқылы екенін де көрсетті.