аясындағы алқалы жиын Астанада өтті
Кеше «2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асырудың алдын ала қорытындылары» тақырыбы бойынша халықаралық конференция болып өтті. Оған Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент депутаттары, министрлер, Ұлттық комиссия мүшелері, шет мемлекеттердің елшілері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың мамандары, отандық сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Конференция жұмысының алғашқы сөзін Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова алып, еліміздегі гендерлік саясат аясында жүзеге асып отырған маңызды қадамдарға тоқталды.
– Осыдан тура 11 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, «2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы» әзірленді. Бұл жобаның қабылдануы саяси сананың биіктігін көрсетті, ол азаматтық жағынан белсенді қоғам қалыптастыру жолындағы батыл шешім болды, – деді ол.
Мемлекеттік хатшы, сондай-ақ, елімізде гендерлік теңдікті ілгерілету үшін дамыған институттық негіз құрылғанын, әйелдердің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси мүмкіндіктері кеңейтілгенін, халық денсаулығының нығайып келе жатқанын, азаматтардың рухани-адамгершілік дамуына жағдай жасалынғанын айтты.
Жалпы, аталған стратегияны іске асыру барысында Қазақстан 10 жылда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Елімізде әйел теңдігі деген ұғым мен олардың ер-азаматтармен үзеңгілес мемлекеттік қызметте жұмыс жасауы үйреншікті жайтқа айналды. Осы тұста нәзік жандылардың білек сыбана жұмыс істеп, бір отбасын асырауға қабілетті екені белгілі болды. Әйелдер қауымы билік басында да өздерінің іскер де жауапты екендіктерін дәлелдеді.
Бүгінде Парламент Мәжілісінде әйелдер үлесі 27,1 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш 2006 жылы 10,4 пайыз болатын. Осыдан-ақ Қазақстандағы гендерлік теңдік стратегиясының орындалу барысын аңғару қиын емес.
– Ел экономикасының дамуына қыз-келіншектердің қосқан үлесі артуда. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын бизнес төңірегіндегі әйелдерді орта есеппен 38 пайыз деп алсақ, қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға артты. Сонымен қатар, білім мен денсаулық саласында еселі еңбек етіп жүргендердің дерлігі осы жандар, – деді Г.Әбдіқалықова.
Конференцияда «Даму» бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура сөз алып, БҰҰ тарапынан гендерлік саясат төңірегіндегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол: «Өткен жылы Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб пәтерінде әлем көшбасшылары «Гендерлік саясатты жетілдіру мен дамыту бағытында – 2030» бағдарламасын жасады. Онда мемлекеттік саладағы әйелдердің әлеуметтік-экономикалық дамуға үлес қосып жүрген рөлі басты назарға алынған, – деді.
Сондай-ақ, өкіл Қазақстанның ұстанған саясаты мен Мемлекет басшысының көреген көшбасшылығының арқасында елде ынтымақ пен бірлік, татулық және әйел теңдігі орын алғанын жеткізді. Мұнан кейін алқалы жиында шетелдердің елшілері мен министрлер баяндамалар жасады. Олар республикамыздағы гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты одан әрі дамытудың басым бағыттарын белгілеп, тиісті тапсырмалар алғанын мәлімдеді.
Жиын соңында елімізде отбасы институтын нығайту мақсатында Президенттің тапсырмасына сәйкес, жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіліп тұратыны, мұның өзі гендерлік теңдік стратегиясының бір жемісі екені айтылды.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан»