• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2016

Періште көңіл поэзия

2798 рет
көрсетілді

Мына жарық дүниенің дидарында ниеттес, тілектес, пікірлес, өзіме болған өзгеге де болсын деген, аузын ашса жүрегі көрінетін, ақ тілеулі жандар қаншама. Бір ғажабы, олар Жер шарының әр қиырында тұрып, бір-бірін танымауы да мүмкін. Алайда, сол азғантай адамдардың ниетіне қарай жұмыр Жер жүрісінен жаңылмай, күн орнынан шығып, ай уақытында туып тұр ма деп ойлаймын. Жарық дүниеге адамзаттың бәрін бауырым деп сүйетін данышпан Абайдың көзімен қарайтын сондай аяулы жандардың бірі, кішіліктің жолын бұзбай, кісіліктің туын жықпай, халқына қадірлі, еліне елеулі болған ақын – Күләш Ахметова. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Жамбыл облысының құрметті азаматы, жиырмаға жуық жыр жинақтарының авторы, ақын Күләш Ахметованың өлеңдері өмірдің өзіндей қарапайым, өмірдің өзіндей түсінікті. Қазақ поэзиясы ХХ ғасырда құлпы­рып, ерекше күйге енді. Әлемдік жауһар­лардың қатарына ұялмай қосатын шы­ғармалар дүниеге келді. Мұңлы муза иесі, жырдың Хан Тәңірісі Мұқағали, асықпай ағып, ұзаққа баратын өзендей Жұмекен, тентек мінез Тоқаш, қайсар мінезді Фариза, нәзік сезім иесі Күләш болып түрлене түсті. Азаматтық үнінің айқындығымен, нәзік сыршылдығымен ерекшеленетін Күләш Ахметова шығармалары туған елді сүю, адалдық, достық, махаббат сезімдерін ту етеді. Адамның көңіл-күйі, жан әлеміндегі құбылыстар, әйел тағдыры – ақынның лирикалық толғаныстарының желісін құрайды. Күләштің «Туған жер» деген тырнақ­алды өлеңі 14 жасында жарық көрген екен. Содан бері алтын бесік – атамекенін жырлаудан танбай келеді. Күләш жас кезінде атақты Ұлбике апасына ұқсап айтыстың ауылына да ат шалдырған. Бұл жайында Күләштің өзі: «Жамбылда медициналық училищеде оқып жүргенде облыстық айтысқа қатыстым. Сол айтыс­та қазылар алқасының төрағасы болған Кенен Әзірбаев: «Ат жақты, қыр мұрынды екенсің, жақсы ақын боларсың», деп батасын берген еді», дейді. «Өнерді адамның жан дүниесін емдей­тін рухани шипа деп қарасақ, айтыс – жедел жәрдем сияқты да, жазба әдебиет асықпай емдейтін ине секілді», деген пікірдегі Күләш, алайда, соңғысына біржолата ден қойды. 1968 жылы ақын Өкім Жайлауов аға: – Мырзаш, болашақта жақсы ақын болады деп мына екі қарындасыңды алып келіп тұрмын, бірінің аты – Күләш, бірінің аты – Ізімкүл, көз қырыңды саларсың – деп, тұлымы желбіреген екі қызды қолыма тапсырып еді. Ізімкүл университетті бітірерде менің жетекшілігіммен Ұлбике ақыннан диплом жұмысын қорғады, ал Күләш, Өкім аға айтқандай, ақын болып шықты. Содан бері көзімізден таса болған жоқ, үнемі толысу үстінде келеді. Өзінің жырымен оқушыларының мейірін қандырып, көкейіндегісін табумен, хал­қын қызғыштай қорғаумен келеді. «Поэзия адамның жан дүниесінің сұлулығы. Қазақтың қыр соңынан қалмай келе жатқан екі кемшілік бар: бірі – жалқаулығы, екіншісі – бірін-бірі мойындамайтын менмендігі. Осыдан арылуы­мыз керек», дей келе, ақын қазақты қыз­ғыштай қориды: Қазақты жамандама, қазақ бала! Халық қой қазақ деген аз-ақ ғана. Осынау Ай үстінде, Жер үстінде, Қазақтың жанашыры қазақ қана!   Сен – қазақсың! Қазақ едің туғанда! Онда, дүние тағылымынан үлгі ал да, Атажұрттан, ана тілден айырылма, Төбеңде күн, төменде Жер тұрғанда! Күләш жайында, оның шығарма­шылығы туралы аз жазылған жоқ. Жиырма бір жастағы ақын қыздың жауқазын өлеңдері 1967 жылы әдебиетіміздің алып­тарының бірі Сәбит Мұқановтың назарын өзіне аудартыпты. Сол кездегі жастардың сүйікті басылымы «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Балауса өлең өрісі» деген мақаласында С.Мұқанов әдебиет есігінен имене аттаған бір топ жас ақындардың жаңа жырларына барлау жасай келіп, Күләш Ахметованың «Көңілдің кейбір күйлері», «Жеңеше» деген өлеңдеріне жылы пікірін білдіреді. «Жеңеше» деген өлеңде соғыста өлген ағасының әруағын күзетіп, шаңырағын шайқалтпай отырған қазақ әйелінің бейнесі шынайы суреттеледі. Расында да сол соғыстың салған тақсіреті қазақтың бір де бір шаңырағын айналып өткен жоқ. Мәселен, біздің ауылда Іңкәшай деген жақын жеңгеміз де бүгін келін боп түсіп, ертеңіне ағамыз соғысқа аттанып кетті. Шымылдығы желбіреп жас қалды. Өле-өлгенше ерінің жолын тосумен өтті, жарықтық... Күләштің 1977 жылы жарық көрген «Сен менің бақытымсың» деп аталатын жыр жинағына әдебиетіміздің алып­тарының бірі Әбділда Тәжібаев ақжарма тілегін арнап, «Күләш Ахметова – ақын» деп жалпақ елден сүйінші сұрайды. Әбділда сол мақаласында ақынның: Құлағанды деме де, бақытты қыл, Бақыттының тұнығын лайлама.   Масқара қыл, аяма, әшкере қыл, Атақ үшін атасын сататынды. Өмір – бәйге, замандас озып келсе, Күбірлемей, күндемей, күліп қара, – деген өлең жолдарын көшеге жазып іліп қоюға болатын есті шумақтар деп бағалайды. «Күләш жырлары мені қатты қуантты. Таза сағыныштардан, жарық армандардан туған мұңды, мөлдір жырлар әуендеріне үн қосқандай сезіндім, жыр құдіретімен жаңғырғандай, жаңа дүниеге кіргендей жадырадым. Біздің бақытты республикамыздың жас бұлбұлдары осылай молая беру керек!» деп жас ақынға батасын береді. Тегінде, шын ақындар өлең жазбайды, оларға өлең қонады, көктен құйылып түседі. Мәселен, өз басым Мұқағали­ды сон­дай ақын деп ойлаймын. Мұқаға­ли­­­дың: «Сен маған шарфыңды бер, шар­фыңды бер, Сырдың желі мой­нымды шарпып жүрер», дейтін ға­жайып өлеңінің Күләшқа арналғанын бүгінде біреу білсе біреу біле бермейді. «Ақынды ақын түсінбесе – сол қайғы, Ақынды ақын қолдамаса болмайды», деп жырлаған Мұқағали мен Күләштің жырларының арасында ерекше рухани жақындық бар. Мұқағалиды Күләш алғаш рет 1966 жылдың мамыр айында жазушылардың V сьезінде кө­реді. Он жылдай шығармашылық байланыста болады. Бір ғажабы, 1976 жылы Мұқағали өмірден қайтқан күні Күләш түс көреді. «Сағымды сайын далада бір сырлы бесік тұр екен. Мұқағали маған қарап: «Бұл бесікті енді сен тербет», деп аманат арқалатқандай болды», дейді. Ақындықты Алланың берген сыйы деп қабылдаған ақындар арасында көпшілік біле бермейтін рухани байланыс болады дегенге осыдай кейін қалай иланбассың. Әрине, Күләштің өмір жолы тақтай­дай тегіс болған жоқ. Ол өз өмірі жайында: «Анам Бекзада менің алты жасымда көз жұмғаннан кейін, інім Бақтияр екеуміз әжем Молшаның тәрбиесінде болдық. Әжеміз Ұлбике ақынның ұрпақтарының бірі болғандықтан болар, өте шешен, өте зерделі жан еді. Үшінші сыныптан бастап тіл ұшыма өлең орала берді. Жетінші сыныпта «Анама», «Туған ел» деген тақырыптарда өлең жаздым. Әжем 16 перзент көтерген, айтысқа қатысқан әнші кісі еді, ауылдастары «Үкілі келін» деп атайтын. Әулеттің үлкен әжесі Үміт те астауын алтынмен аптатып, итаяғын күміспен күптетіпті делінетін, үйінде ат басындай алтын бар деп ел аңыз таратқан Өтеулі байдың келіні болатын», дейді. Ақын: «Бұл дүниеде бәрі ниетке орай беріледі. Менің пайымдауымша, шын ниеттенген адам қалайда мақсатына жетеді. Менің мақсатым – айласыз, қулық-сұмдықсыз, тыныш тіршілік кешіп, әуелі ұрпақтарыма, жастарға, бір нәрсе айту», дейді. Ақынның өмірде де, өлеңде де ұстанған ұстанымы осыған саяды. Қазақта: «Тегінде бар тек жатпайды», деген сөз бар. Күләш өлең қонған, домбыра дарыған Талас өңірінің Үшарал ауылында дүниеге келген. Арғы тегі шетінен ығай мен сығай, кеуделері шежіреге тұн­ған, алтын сандық кеуделі, кәрі құлақ, ескі көздер еді. Солардың ішінде алдымен ауызға ілігетіні – Ұлбике Жанкелдіқызы (1825-1849) ХІХ ғасырда өмір сүрген, қазақтан шыққан ақын қыздардың ішінен ең алғаш айтыстары кітапта жарық көрген ұлы ақын. Ұлбикенің әкесі Жанкелді де, анасы Жаңыл да ақын болған. Арғы тегі түгел ақын, ақындық үзілмеген әулет­тен шыққан дарын. Ол Қызылорда облысының бұрынғы Тереңөзек ауданында туып, Сырдың бойында дүниеден өтеді. Ошақтыдан айтыскер ақын қыздар көп шыққан. Солардың ең соңғы үздігі Жаңылдық апамызды мен көрдім. Өз өнеріне мас болып жүрген ақын қыз: «Жаңылдық жас күнімнен өзім маспын, жігіттер қолға ұстайтын гауһар таспын» деп айтысады екен жарықтық. Ұлбике – айтыс өнерінің негізін салған кісі. Оның айтыстарын ең алғаш академик В. В. Радлов Петербургте 1870 жылы бас­тырып, кейін орыс, неміс тілдеріне аударып жа­риялайды. Ә.Диваев пен Мәшһүр Жүсіп те ақын мұрасын ыждағатпен жинаған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Қайым айтыс Ұлбике мен Күдеріден басталады, олардан бұрын ондай айтыс болған жоқ», – деп жазады. Қысқа ғана ғұмырында Ұлбике Кү­дері­қожамен, Майлықожамен, Мәделі­қожамен, Таспақожамен, Сералы­қожа­мен, Жанкел ақынмен айтысады. Көбірек айтысқан ақыны – Күдеріқожа. «Өлеңнің таңдайында ұясы бар» Ұлбикедей ақыннан жеңіле берген соң Күдері әкесінен: «Ұлбикені қайтсем же­ңем, Ұлбикені тоқтататын бір сөз тауып бер», деп сұраған екен. Сонда әкесі: «Балам, Ұлбикемен айтысамын десең Бұха­раға барып үш жыл оқып кел», – депті. Ұлбикенің Күдерімен 4-5 айтысы сақталған. Сексен шумақтан тұратын бір айтысын мен өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ақын Төреқожа Ханқожаұлынан жазып алған едім. Ұлбикенің тағдыры өте аянышты. Күйеуі Бойтан қайран ақынның аузына қақпақ, басына тоқпақ болады. Қайын атасы мен енесі де күн көрсетпейді. Ақы­­рында, асыл Ұлбикені күйеуі қызға­ныштан ұрып өлтіреді. Сөйтіп, қазақ халқының жырының бағына туған, кеу­десі өлеңге тұнған, таңдайына өлең ұя салған аяулы Ұлбике жиырма төрт жасында өмірден өтеді. Артына өшпес мұра қалдырды. Мұхтар Әуезов те, Сәбит Мұқанов та Ұлбикенің ақындығын жоға­ры бағалады. Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Үйсін Төле биден асқан би жоқ. Абылайдың тұсында құнға кесім қылдырған, бітім айтып, билік қыл­дыратұғын биі Күлік Шобалай баласы Жәңке батыр би екен. Бұл кісінің құнға қылған кесімі: қара құн – жүз жылқы, он екі жақсы, сүйек құны – елу жылқы, алты жақсы, өнер құны – тоқал, тоғыз жақсы. Бұл үш құн ертеректе Көтеш ақынға алынған. Ұрғашыда Ұлбикеге алынған. Батыр өлсе жеті ердің құнын алған. Ұл­бике теңдесі жоқ адам», – деп жазады. Ұлбикедей қыршын кеткен қазақтың ұлы ақынының қазақ қоғамында кезінде қандай әңгіме болғаны, қазақ үшін Ұлбикенің бағасының қандай болғаны осыдан-ақ көрініп тұр. Ұлбикедей ақын қазақта көп емес. Бүгінде Күләш бүкіл болмысымен маған сол небәрі 24 жасында мерт болған Ұлбикедей ұлы ақынның айтылмаған арманы секілді болып көрінеді. Ұлбике айтыс өнерінің аққанат пе­ріштесі болса, Күләш бүгінде жазба поэ­зиясының ақтілеулі анасына айналып келеді. Осылайша араға ғасырлар салып көмейіне бұлбұл ұя салған Ұлбике-өлең рухы Күләшті жаңылмай іздеп тапты. Жалпы, әйел баласына ақын болу оңай емес. Ол туралы Күләштің өзінен асырып айту мүмкін емес. Ол бір қолымен бесік тербетіп отырып, байтақ елінің тағдырына алаңдайды: ...Өзіме өзім сүйенем, о, расында, Өзіме өзім жол салдым борасында. Өзіме өзім жете алмай отырамын, Ыдыстар мен дыбыстар арасында, – деп ағынан жарылады. Тегінде, Күләш көп ақынның бірі емес. Оның өмірі де, өнері де – өлең. Ол өлеңсіз өмір сүре алмайды. Өлең оның бүкіл болмыс тіршілігіне айналып кеткен. Ол жаңа жауған қардай жаны таза, жүрегі ізгілік пен иманға толы, барша адамзат баласын құшағына сыйдырғандай, қылдай қиянаты жоқ, ақ тілеулі ақын. Оның өлеңдері оқырманға жазды күнгі жұпар самал желдің жайлы лебіндей әсер етеді. Зәредей жасандылығы жоқ нағыз шынайы таланттан туған шығармаларды толқымай оқу қиын. Күләш поэзиясының басты тақырып­тары – ұлт мұраты, ел мен жер тағдыры, елдік пен ерлік, уақыт пен кеңістік, дала мен қала, жыл мезгілдері, жастық пен достық, ғашықтық ғаламаттары. Өрлігі мен нәзіктігі, тәкаппарлығы мен талдырмаштығы егіз өрілген, өмірі мен өнері біте қайнасқан К.Ахметова тәуелсіздікке дейін лирикалық өлеңдері­мен елге танылса, тәуелсіздік алғаннан кейін біржола азаматтық әуенге көшті. Адамдарды таңдантып, мәңгі ойлантып, Ұшқан құстай зулайды, самғайды уақыт. Мына шексіз ғаламда өз далаң мен, Өз Отаның болғаны қандай бақыт! Сәбидей көлеңкесіз көңілмен, періште тілекпен ақ қағазға құйылып түскен мұн­дай өлең жолдарын тебіренбей оқу мүм­кін емес. Әйелге тән нәзіктік пен ақынға тән асқақтықты бір бойына сыйдырған ақын Ұлы даланы, қазақ ұлтын, Қазақстанды көзінің қарашығындай көріп, жүрегін бөлеп талмай жырлап келеді. Күләштің нәзік әрі кең жүрегіне көгілдір аспан да, Ұлы Дала да, оны мекендеген адамзат та – бәрі сыяды. Соның бәрін әзиз жүрегіне салып әлпештейді, аялайды. Туған елінің тауын да, тасын да, байтақ даласын да, жасыл орманын да, қалтыраған жапырағын да, мөлдіреген таңғы шығын да – бәрін де риясыз сүйеді. Оның өлеңдері ылғи да періште көңілден, таза пейілден, пәк сезімнен, мейірбан жүректен туады. Сондықтан да ізгілік, парасат, кісілік жолынан таймаған Күләш бәрімізден де шынайы әрі таза. Күләш туған елін, туған халқын жақұт жырымен жебеп, асыл санасына бөлеп жазады. Жұрттың бәрі дәл Күләштай болса, ел де, жер де, қоғам да, адам да, заман да басқа болар еді. Біз ол кезде Асан Қайғы желмаямен іздеген Жерұйықта жүрер едік. Әдетте, жұрт біреуді біреуге ұқсатып, бір ақынды бір ақынмен салыстырып, жарыстырып жатады. Күләш ақын ретінде де, азамат ретінде де ешкімге ұқсамайды. Не жазса да толғап жазады, түп тереңінен қозғап жазады. Жырдан жақұт шашып, мар­жан төгіп, мейірімін құйып тұратын ақын. Ақын шығармашылығының негізгі өзегі, тозбайтын мәңгілік тақырыптар – адами қасиеттер, иман мен ізгілік қа­сиеті. Ақынның азаматтық үні мен терең танымы төмендегі жыр жолдарынан айқын аңғарылады: Алла – бір, Барлығынан Сол ғана асқан, Қарасам, ғаламатқа толған аспан. Жұлдыздар керуен түзеп кеңістікке, Тәңірлік шеберлікпен орналасқан. Ақын данышпан Абаймен де осы тұстан үндеседі. Ойды аяймын ұқпаған ұлы Абайды, Көзді аяймын көрмеген құралайды. Түзетем деп әлемнің кемшілігін, Әуре болған ақынды кім аяйды? Осыдан кейін Мұқағалидың «Барлық ақын бір анадан туыпты» деген өлең жолдарына қалай тәнті болмассың. Күләштің мінсіз поэзия жасаудағы шеберлігін, шыншылдығын, өлең қонған қасиетін Мұқағалиға көбірек ұқсатамын. «Жапырақ – жаздың жүрегі» дейтін өле­ңінде: Солай, алда әртүрлі тұрар сындар, Тұрарсыңдар, әртүрлі ән құрарсыңдар. Нәзіктерім, сендермен сырласайын, Менің нәзік жанымды ұғарсыңдар, – дейтін Күләш, «Көгершіндер, көгерсін жер, әйтпесе өлерсіңдер» – деп ерте көк­темде бүрсеңдеп терезесінің алдына қон­ған көгершіндерге жем беріп отырған Мұқағалидан аумайды. Қысқасы, жер-көкті, туған халқын қалтқысыз сүйген ақын жар салып, әлемді, адамзатты, табиғатты қорғауға ша­қы­рады. Күләш жырларының басты құны да осында. Ондай жырлар ешқашан өлмейді, адамзатпен бірге жасай береді. Елу жылдан астам тынымсыз шығар­машылық өмірінде К.Ахметова «Ақ гүлім менің» (1975), «Сен менің бақытымсың» (1977), «Жапырақ – жаздың жүрегі» (1979), «Махаббат жылы» (1980), «Мейі­рім» (1981), «Ләйлектер қайтып келгенде» (1985), «Арғымақтар даласы» (1987), «Сен жанымда жүрсің» (1989), «Наурыз нұры» (1991), «Күн шыққанда күліп оян» (1996), «Өкініш әні» (1997), «Бақ» (2006), «Құт» (2006), «Махаббат» (2006), «Менің сәулелі сәттерім» (2015), «Орман» (2015) атты жыр жинақтарын дүниеге әкелді. Кітаптан кітапқа үздіксіз өсумен, толысумен келеді. Қаламы мен қарым-қабілетіне ғана сүйенген Күләшті атақ-даңқ адаспай өзі іздеп тапты. 2006 жылы «Құт» кітабына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Қай бір жылы жазушы Мархабат Байғұт Елбасы Н.Назарбаев жайында «Еге­мен Қазақстан» газетіне «Сәби күлкісі сақталған кісі» деген мақала жария­лаған болатын. Сол айтқандай, Күләш та сол сәби сезімін, бала мінезін сақ­тап қалған ақын. Қуанса ақ жарылып шын қуанады, қайғырса шын қайғырады. Оған төмендегі жыр шумақтары дәлел: Мен бір бақыт іздеп жүрмін, достарым, Ұқсамайтын бақытына басқаның. Жұлдыздардай жарық әрі биік тым, Сол бақытты іздеп жүріп жиі ұқтым. Ортақ болу керек оған достарым, Бауырларым, сәбилерім, сүйіктім. Күләштің біреуді жамандап, сыртынан ғайбат сөз айтқанын, біреудің көңілін қалдырғанын халық білмейді. Жақсы адамдар сирек қосылады деп жатады. Бір тәмсілде Жаратқан иеміз бір жақсы бір жаманнан қосып отырады деп айтылады. Құдіреттің көзі қалғып кеткенде екі жақсы қосылатын болса керек. Күләш пен Қайырбек те сол соңғылардың қатарынан. Көз тимесін, бір біріне сай қосылған. Жазира мен Жарқындай алтын перзенттерінен немере сүйіп отыр. Менің бір күнделігімде: «Жұрт немере тәтті дейді. Иә, немере тәтті, бірақ ол шөбере сүймегендердің сөзі. Шөбере одан да тәтті», – деп жазғаным бар еді. Күләш пен Қайырбекке жақсы қартайыңдар, елдің алдында қол ұстасып, жұптарыңды жазбай, баянды ғұмыр кеше беріңдер, деген тілек айпақшымын. Сәуір айының салқын самал ескен күндерінің бірінде дүниеге келген, тұлым­шағы желбіреген Таластың аруы бүгінде жетпісінші көктемін қарсы алып, Алаш­тың аяулы да айтулы ақынына айналды. Ендеше: Халқым аман болса деп көзімді іліп, Халқым аман болса деп оянамын, – деп жырлаған періште тілек ақынның мерейтойы құтты болсын. «Маған ұлттық идея не десе, мен ұлтты сүю, қазақты сүю дер едім. Еліңді, жеріңді, тарихыңды, дәстүріңді, тіліңді, дініңді, ұрпағыңды, мұратыңды сүю – түгелдей осы қазақты сүюдің аясына кіреді», деген екен Күләш бір сұхбатында. Қара шаңырақтың амандығы үшін, Қазақ деген ұлттың ұлы мұраты үшін, Ұлы Жаратылыстың үйлесімі үшін жыр жырлай бер, ағыңнан ақтарыла бер, күн шыққан сайын күліп ояна бер, сәулелі сәттерің, шаттықты шақтарың көп болсын, ақ тілеулі асыл қарындасым. Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ АСТАНА