• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2016

Бірлік пен бірегейлік – бүтіндігіміздің кепілі

734 рет
көрсетілді

Ынтымақ, бірлік, келісім –  ең асыл байлық ел үшін

Кеше Қазақстан Рес­публикасының Мем­­лекеттік хат­шы­сы Гүлшара Әбдіқа­лы­қо­ва­ның қатысуымен Ас­сам­­блея Кеңесінің кеңей­тілген отырысы өтіп, онда ҚХА қыз­меті­нің бірқатар өзекті мәсе­лелері қаралды. Кеңейтілген отырыс ба­ры­сында Ұлт Жоспарының «Бір­лік пен бірегейлік» бағытын, соның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің жаңа салаларын ҚХА аясында жүзеге асыру және ҚХА де­пу­таттық корпусы алқасы қыз­метінің негізгі бағыттары мен бірқатар ұйымдастыру мәсе­лелері қарастырылды. Кеңейтілген отырыста сөз ал­ған Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова Мемлекет бас­шы­сының Ұлт Жос­пары шең­беріндегі тапсыр­маларын жүзеге асыру бойынша айта келіп, Ассамблея Кеңесі мү­ше­лерінің және этномәдени бір­лес­тік­тердің жүргізіп жатқан жұ­мыс­тарының маңыздылығына тоқталды. Г.Әбдіқалықова ел тәуел­сіз­дігінің 25 жылдығы белесінде өте­­тін ҚХА XXIV сессиясының «Тәуел­­сіздік. Келісім. Болашағы Бір­тұ­тас Ұлт» атты күн тәрті­бі Қазақ­станды жаһандық транс­фор­ма­ция мен экономикалық тур­бу­­ленттік кезеңінде табысты дамы­­тудың шарты ретінде бейбіт­ші­лік пен келісімді нығайтудың маңыз­дылығын көрсететінін айтты. Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық деңгейде үлкен беделге ие екендігіне тоқталды. Бұған Елбасының Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жария еткен жаңа сыртқы саяси бастамасы – «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі дәлел болмақ. Маңызды құжат халықаралық тұрғыдан кең серпіліс туғызып, БҰҰ-ның ресми құжаттарының тізбесіне енді. Мемлекеттік хатшы бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту жөніндегі барлық жұмыс қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының үйлестіруі арқылы жүргізіліп жатқанына тоқталды. «Реформа аясында «Бірегейлік пен бірлік» бағыты бойынша Ассамблея қызметінің жаңа ба­ғыттары – қайырымдылық шара­лары, медиация, қоғамдық мониторинг қалыптастырылды. Олар мем­лекет пен қоғамның бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешу ісіне азаматтық тұрғыдан қатысуды тиімді қамтамасыз етеді», – деп атап көрсетті Мемлекеттік хатшы. Ассамблея Кеңесінің кеңейтілген отырысында сөз алған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту жолындағы атқарып жатқан қызметі туралы баяндады. Бүгінде Солтүстік Қазақстанда 24 облыстық және 154 аудандық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Облыстағы «Қоғамдық келі­сім» бірлестігі этномәдени бір­лестіктер арасындағы байла­нысты нығайтуға қызмет етіп келеді. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамытуға, қазақстандық этностар­дың тілдік болмысын сақтауға және өркендетуге ықпал етеді. Басқа ұлттардың өкілдері ретінде 542 бала ана тілін оқып-меңгеруде. 2012-2013 оқу жылында қазақ балаларының 65,6 пайызы ана тілінде білім алатын болса, биылғы оқу жылында бұл көрсеткіш 67,2 пайызға жетті. Сол сияқты, басқа ұлт өкілдерінің ішінен 273 бала қазақ сыныптарында білім алады. Қыс­қасы, сол­түстікқазақстандықтар­дың мем­лекеттік тілді меңгеруге де­ген ынтасы артып отыр, деді Е.Сұлтанов. Беларусь этномәдени бірлес­тігінің төрағасы Леонид Питаленко Ассамблеяның ауқымды жобасы «Үлкен ел – Үлкен отбасы» аясын­да атқарылған шараларға тоқтал­ды. Қазақстандық бірегейлікті және азаматтардың бірлігін нығай­туға бағытталған төртінші инсти­тут­тық реформаны жүзеге асыру бо­йынша этномәдени бірлестік­терге үлкен үміт пен жауапкер­шілік жүктелетіндігін білдірді. Сондық­тан да этномәдени бірлестіктер «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идея­сы негізінде жастардың бойында қазақстандық патриотизм мен аза­маттық бірегейлікті қалыптас­тыруды өзінің алдыңғы кезектегі міндетінің бірі ретінде санай­тын­дығын ерекше атап көрсетті. Қазақстан Республикасы Ұлт­тық музейінің директоры Дар­хан Мыңбай «Қазақстан хал­қы Ассамблеясының және Қазақ­станның көпэтностық қоғамының қалыптасу тарихы» залының та­ныстырылымы төңірегінде әңгі­меледі. Облыс әкімдерінің көме­гімен Ұлттық музей елдің тарихи деректі-жылнамасын жасап шық­ты деп айтуға болады. Жа­ңа зал экс­понаттары Тәуелсіз Қазақ­стан­ның мемлекеттілігінің қалып­та­суы мен дамуының алғаш­қы кезеңі­нен өскелең ұрпаққа толық­қанды ақпарат береді. Ұлттық музей ұйымдастырып отырған мұн­дай шаралар еліміздің басты құнды­лықтары мен жетістіктерін музей­ге келушілерге паш етеді, деді Д.Мың­бай. Д.Мыңбай айтқандай, кеңей­тілген отырыс аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы берген тапсырмаға орай құрылған «Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстанның полиэтностық тарихы» атты залдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының бет-бейнесі болып табылатын бұл залда Қазақстан халқының тарихи жадынамасы мен рухани-мәдени мұрасы сақталады. Сондай-ақ, кеңейтілген кеңеске қатысушылар «Тәуелсіздік тарихы: қазақстандық даму жолының қар­қыны» деген тақырыптағы көр­мемен, ҚХА депозитариясымен та­нысты. ҚХА Кеңесінің қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы Қа­зақстан халқының бірлігі мен қоғам­дық келісімді одан әрі нығайту және дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Ассамблея Кеңесінің жұмы­сына Парламент депутаттары, мем­­лекеттік орталық және жергі­лікті атқарушы органдардың же­тек­­шілері, республикалық және аймақ­тық этномәдени бірлес­тік­тердің, аймақтық Ассамблеялар хатшы­лықтарының, ҚХА Ғылыми-сарап­шылық кеңесінің мүшелері, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»