Жетістіктер мен қиыншылықтар
Қарағанды қаласындағы Б.Бейсенов атындағы заң академиясында «Жергілікті полиция қызметі: «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында қалыптасуы мен қызметінің алғашқы нәтижелері» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ішкі істер министрлігінің басшылығы, Қарағанды облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясының Құқықтық кеңес өкілдері қатысты.
Жергілікті полиция қызметі сынды жаңа құрылымның аяқ алысын талқылаған жиынды Мәжілістегі заң шығару және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитеттің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің төрағасы Нұрлан Әбдіров ашып, жүргізіп отырды. Мәжілісмен 2016 жылдың 1 қаңтарында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындауға бағытталғанын және де осы заңға сәйкес, тұрғындар мен жергілікті атқарушы органдарға есеп беретін жергілікті полиция қызметінің құрылғанын атап өтті.
Қазіргі таңда құқық қорғау саласындағы жаңа құрылымның алдындағы міндеттері нақтыланған. Ол – қоғамдық тәртіпті нығайту және қылмыстың алдын алу, сонымен қатар, тұрғындардың ішкі істер органдарына деген сенім деңгейін көтеру және олардың жұмысындағы ашықтықты қамтамасыз ету.
«Әлбетте, жергілікті полиция қызметі қоғамдық жаңа институт болғандықтан, ол жұмыс істей бастағаннан бергі уақытта біршама сұрақтардың туындағаны рас. Дәл қазіргі кезеңде жаңа құрылым жұмысының белгілі бір нәтижелеріне талдау жасауға болады», – деді Н.Әбдіров.
Өз кезегінде Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қазіргі таңда жергілікті полиция қызметін ұйымдастыру бойынша қажетті деген барлық заңнамалық және практикалық шаралардың қабылданғанын тілге тиек етті. Әсіресе, министр жаңа құрылымның жергілікті әкімдіктермен және ішкі істер органдарының басқа да қызметтерімен қарым-қатынасын реттейтін механизмнің әзірленіп, іске асырылып жатқанына егжей-тегжейлі тоқталды.
Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков кеншілер астанасына маңызды шаруамен арнайы келген мәртебелі меймандарға алғыс сезімін жеткізген соң, жаңа құрылымның аймақтағы тыныс-тірлігі туралы өңір басшысының бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев әңгімелеп берді.
«Бүгінгі күні Қарағанды облысында әлеуметтік-саяси жағдай тұрақты сақталуда. Бұл жерде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, оның ішінде, жергілікті полиция қызметінің еңбегі бар екендігі сөзсіз», – деген ол атқарушы билік тарапынан ішкі істер органдарына көрсетіліп жатқан қамқорлық турасын сөз етті.
Қазіргі таңда Қарағанды облысында жергілікті полиция қызметінің құрамында 2702 қызметкер бар. 2016 жылы ішкі істер органдарын ұстап тұруға облыстық бюджеттен 10 млрд. 203 млн. теңгеден астам қаржы бөлінсе, жергілікті полиция қызметіне осы соманың 1 млрд. 738 млн. теңгесі қарастырылған. Қаржыландыру кезең-кезеңімен жүргізілмек. Мысалы, осы аптада жергілікті полиция қызметіне автокөліктер алу үшін бюджеттен 100 млн. теңге бөлу жоспарланған.
«Өңірде жергілікті атқарушы органдар мен ішкі істер органдары арасында тығыз қарым-қатынас орнатылған. Қарағанды облысындағы жергілікті полиция қызметінің жұмысы бойынша қалалар мен аудандар әкімдерінің қатысуымен тұрақты түрде мәжілістер өтіп тұрады», – деді А.Дүйсебаев.
Дөңгелек үстелде сөз алған Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полициясы комитетінің төрағасы Игорь Лепеха реформа барысында бірқатар мәселелердің туындағанына тоқталды. Мәселен, бүгінгі күнде полицейлер отбасының шырқын бұзатын жанжалқойлар ісін көбіне жазалауға дейін жеткізе алмай отыр екен. Бұрын мұндай берекесіз жандар бірнеше күнге әкімшілік қамауға алынатын. Ал қазір денсаулыққа жеңіл зақым келтіргендерге 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. «Яғни, жағдай былайша қалыптасады: күйеуі әйелін сабайды, әйел полиция шақырады, біз бұл материалды сотқа жібереміз, содан кейін барып әлгі еркекке 400 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал мұны естігенде әйел бірден күйеуімен татуласады да, бұдан кейін полицияға хабарлағанды мүлдем қояды. Сөйтіп, біз проблеманы отбасына қайта қуып тығып, бұл жағдай кісі өліміне дейін апаратын ауыр зардаптармен аяқталғанша тосып отырамыз», – деді И.Лепеха.
Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында еліміздің басқа өңірлерінен келген ішкі істер органдарының өкілдері де өз облыстарындағы жағдай туралы баяндады. Атап айтқанда, Ақмола облысынан Ж.Омаров, Қарағанды облысынан Ж.Жақаев, Павлодар облысынан Ю.Колесников, Астанадан Б.Малыбаев және Алматы қаласынан Ж.Бәйкенов жұмысын енді бастаған жергілікті полиция қызметіндегі мәселелер турасында ой-пікірлерімен бөлісті.
Дөңгелек үстел отырысын қорытындылаған Мәжіліс депутаты Н.Әбдіров бүгінгі күнде жергілікті полиция қызметінің алдында тұрған ең басты міндет – қылмыстың алдын алу екендігіне баса назар аударды. «Түрмеге тоғыта беру – тығырықтан алып шығатын жол емес. Біздің бағыт – қылмысты болдырмаудың жан-жақты амалдарын қарастыру», – деп түйіндеді сөзін Н.Әбдіров.
Көшпелі жиын аясында Мәжіліс депутаттары Қарағанды және Теміртау қалаларындағы жергілікті полиция қызметінің нысандарымен танысты. Полиция қызметкерлерімен және де тұрғындармен әңгіме-дүкен құрып, ұсыныс-пікірлерге құлақ асып, көптеген жайттарға қанықты.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ