• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2011

Астанада бильярдтан Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған турнир өтті

443 рет
көрсетілді

Артында ұмытпайтын елі бар Белгілі қаламгер Қойшығара Салғараұлы айтқандай, «Ақаңның арамыздан кеткеніне жыл жарымдай уақыт болса да, күні бүгінге дейін жанымызда жүргендей сезіледі. Себебі, оны іздейтін халқы бар, ұмытпайтын елі бар...». Соңында жанашыр жоқтаушысы бар Ақа­ңа арналған, Ақаңа қатысты шаралар өткі­зіліп-ақ келеді. Белгілі қаламгердің мұ­ра­жайы ашылды, мектеп, көшелерге есімі бе­рілді, «Ақселеу оқулары» өткізілді. Бүгін алаштың аяулы перзентінің туған күні. Осыған бай­ланысты астаналық жазушылар мен сәулетшілердің арасында бильярдтан турнир ұйымдастырылды. Бұл шараның демеушісі Ақаңды аға тұтып жүрген аза­маттың бірі, Қазақстан Сәулетшілер одағының вице-президенті Саматбек Бөкебай атты бауырымыз екен. Осы шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбайұлы: «Ақселеуден ойда жоқта ерте айырылып қаламыз деп кім ой­лапты. Оның соңында қалған мұралары бүгінде халық қазынасына айналды. Ақселеудің алты том­дық жинағын көрген сайын, оны қолыма алған сай­ын, әр кітабын парақтап ашқан сайын ортамыздан қандай адамның кеткенін, қандай ұлы тұлғаның кеткенін сезінгендей боламын. Енді не дейміз, Ақсе­леудің өзі мына Сарыарқаның сәмиян бір төбесіне көтеріліп, жатып алды ғой. Оның туған күніне орай жасап жатқан мына шараларыңыз құтты болсын, оң болсын. Ақаңның рухы шалқып, аты халқының аузынан түспей жүре берсін. Иншалла, Ақселеу мәңгілік даңққа, мәңгілік құрметке ие», деп тебірене сөйледі. Рухы пейіште шалқыған жанның өзі кетсе де артында қалған жұрты – достары, әріптестері, інілері, туған-туыстары бұл күнгі шараға тек бильярд ойнап, шар қууға ғана емес, бір-бірімен кездесіп, әңгіме-дүкен құрып, Ақаңның рухына тағы бір мәрте тағзым етуге келгендері де көрініп тұрды. Қаламгер Кенже Жұмағұловтың сөзімен айтсақ, «Жеңімпаз болу шарт емес, додаға қатысу міндет, ең бастысы, Ақаң туралы әңгіме айтып, ол хақында әңгіме тыңдау бір ғанибет». Таңертең басталған бәйге қас қарая аяқталды. Бұл турнирдің бас жүлдесін қаламгер Несіп Жүніс­баев иеленді. Екінші жүлде сәулетшілер ауылында қалды. Оның иесі – Қуаныш Қияшев. Алматыда өткен көптеген турнирлердің жеңімпазы болып жүрген қаламгер, ұстаз Намазалы Омашев үшінші орынды қанағат тұтты. Әдемі басталған шара, әдемі аяқталды. Ақаңның – Ақселеу Сейдімбековтің өзінсіз өткен туған күніне қатысты шараға жиналған жұртшылық алдында ақын Дәулеткерей Кәпұлы қаламгерге арнаған сағыныш өлеңін оқыды. Шарафаддин ӘМІР, Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.