• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2016

Заң талаптары халыққа жеткенде ұтымды

324 рет
көрсетілді

Жер сату мәселесіне тоқталмас бұрын, саланың бүгінгі таңдағы кейбір өзекті мәселелері туралы айтуға тура келеді. Ауыл шаруа­шылығы секторы біздің еліміз үшін экономиканың негізгі саласы болып саналады. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде оның баламасы жоқ сала екені айқын. Сондықтан да оның төңірегіндегі мәселелер халыққа барынша етене. Кез келген мемлекет үшін нарықты азық-түлікпен қамта­масыз ету – дамудың жоғары көр­сеткішін айқындайтын ма­ңызды фактор. Қазақстандық аграрлық саланың басты мін­деті де халыққа жоғары сапалы азық-түлік өнім­дерін жет­кізу. Сонымен бірге, сек­тор­дың экспорттық әлеуетін арт­тырып, жұмыспен қамтуды ұл­ғайту және осының арқасында халы­қтың әл-ауқатын арттыру Елбасы Н.Назарбаевтың сала қыз­­меткерлерінің алдына қойып отыр­ған маңызды міндеті. Бүгінгі таңда сала бас­шы­лы­ғының және олардың қыз­метін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ететін Парламент депутаттары­ның алдында сектордың дамуына кедергі келтіріп отырған себеп­терді айқындап, оларды ең­серу жолында үлкен еңбек ету міндеті тұр. Меніңше, қазір агроөнеркәсіптік саланы дамытуда бірінші кезекте қолға алыну­ға тиісті төрт түрлі фактор бар. Бірін­шіден, заңнамалық және нормативтік базаны жетілдіруіміз керек. Бұл бағытта ауыл шаруа­шы­лығы нарығындағы барлық қатысу­шылардың міндеттері мен құқық­тары барынша айқындалуы тиіс. Соның ішінде бүгінгі күн тәртібінде тұрған жерге қатысты мәселеге тоқтала кетейін. Біз­дің заңнамаларымызда жердің шетелдіктерге сатылмайтындығы нақтыланған. Енді осы талапты барынша нықтап, қазіргі нормативтерді түрлі қитұрқы жолдармен айналып өткісі келетіндерге тосқауыл қоюды құқықтық тәсілдермен іске асыруды қамтамасыз ету қажет. Осы мәселенің төңірегінде Қазақстандағы тұрақтылық пен тыныштықты шайқалтқысы келетіндердің де жолын кесіп, халыққа заң талаптарының негізін түсіндіру туралы жұмыстар атқару міндеті бәріміздің алдымызда тұр. Екіншіден, ауыл шаруашылығы секторын қаржылық қолдау мәселесін тұрақты арнаға түсіру қажет. Бұл мәселе саланы дамыту­дың күретамыры екен­дігін тегіс ұғуымыз керек. Мем­лекеттің жыл сайын бөліп жатқан субсидиялары тиімді пайдаланылып жатыр деуге ауыз бармайды. Оның әр­бір ауыл шаруашылығы субъекті­сіне шаққандағы көлемі біздің ЕАЭО-дағы әріптестеріміздікі­нен аз екендігімен қоса, рационал­ды пайдаланылмайтынын тағы да үлкен қынжылыспен атап көрсетуге тиіспін. Сондықтан осы шаруаны реформалайтын уақыт жетті. Үшіншіден, ашылған ғылыми жаңалықтарды тиімді пайдалану керек. Басқасын айтпағанда, бұл мәселеде осы уақытқа дейін отандық тұқымға байланысты нақты ғылыми тұжырымдар жоқ. Төртінші фактор – барлық ауыл шаруашылығы құрылымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Міне, осы мәселелерді шешу бойынша айқын бағыт бел­гі­леніп, тиімді жұмыстар жүр­гізілсе, ауыл шаруашылығы сек­торын аймақтағы озық салаға айнал­дыруға толық мүмкіндігіміз бар.  Жеңіс НҰРҒАЛИЕВ, Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық  аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы