• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Мамыр, 2016

Шаруа жұмысына шырай кіргізеді

763 рет
көрсетілді

Ерінбей еңбектенгенге Жер-ана мейірімін төгеді, ырысын береді. Жерді емгеннің жерге қарап қалған кезі жоқ. Сондықтан, тынымсыз еңбек пен нәтижелі жұмыстың соңы үлкен жетістік екенін екінің бірі білсе керек. Біздің «Жан-Арай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қызыл­орда облысындағы ауыл шаруа­шы­лығымен айналысатын мекеменің бірі. Жыл сайын 5 мың гектар жер­ге егіс саламыз. Орта есеппен 50 центнерден күріш аламыз. Күріштен бөлек, өзге дақылдарды да егіп жатырмыз. Былтыр «Жан-Арай» құрамажем зауытын да іске қостық. Мысалы, аймақ шаруа­лары жылына 60 мың тонна мал азығын тұтынады. Біздің зауыт шаруалардың осы қажеттілігін қанағаттандыруды көздеп отыр. Ал зауытқа қажетті күнбағыс, күріш, бидай секілді өнімдерді өзіміз өндіреміз. Жетпегенін басқа шаруашылықтардан сатып аламыз. Жүгері мен күнжараны да өсіруді қолға алуды ойлап отырмыз. Зауытта жемнен бөлек Сыр маржанын да ақтайды. Күріш цехы тәулігіне 120-130 тонна күріш өңдеп шығады. Өндіріс орнында қара күрішті тазалау, ақтау, қапқа салу жұмыстарының барлығы заманауи технологиялармен атқарылады. Сыр салысының маржан, янтарь, лидер, диамонд атты сұрыптары 5 келіден бастап 10, 25 кейде тапсырысқа орай 50 келілік қапқа дейін өлшеніп, нарыққа жіберіледі. Сырдың бренд дақылы бүгінде алыс-жақын шетелдіктердің қазанында қай­нап жатыр. Аптасына 5-6 вагон ақталған күрішті көрші мемлекеттерге жіберіп жатырмыз. Олардың қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей бар. Болашақта ТМД аумағындағы өзге мемлекеттер мен алыс шетелдерге шығаруды көздеп отырмыз. Енді экспорттың көлемін бір сәтке де түсірмейміз. Ал осындай жұмыстың барлығы жер болмаса, қалай атқарылады? Мүмкін емес қой. Сондықтан, еліміздегі жер мәселесінде осы жайт ескерілуі керек. Өйткені, жер иесіз және бос жатпауы қажет. Бос жатқан жерден мемлекетке де, халыққа да ешқандай пайда бермейді. Қайта игерілмеген жердің азып-тозып, құнарлылығы жойылып кететінін есте ұстаған абзал. Елбасының өзі жердің өзге­лер­ге сатылмайтынын, әсіресе, шетелдік азаматтарға берілмейтінін баса айтты. Бұл Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамытудың бір тетігі деп білемін. Себебі, бос жатқан жерлер шаруа қожа­лық­тарына, кәсіпкерлерге, қара­пайым халыққа жалға беріліп, одан өнім өндіреді. Сондай-ақ, бұл ойдан шығарылған дүние емес. Әлемнің барлық мемлекеттерінде іске асырылып жатқан жұмыс. Мәселен, көрші Ресейдің өзі жерін 49 жылға жалға беріп отыр. Елбасы «Біздің мақсат – ауыл ша­руа­­шылығымен ай­­н­а­­лы­­­с­а­­т­ын­­дарға жекеменшігіне жер алу мүм­­кіндігін беру. Егер олар жер­ге иелік ететін болса, оны күт­іп-баптап, қадірлейтін бо­­ла­­ды. Жер – ата-бабамыздан мұра­ға қалғ­ан біздің басты бай­лығы­мыз. Қазақстанның 14 мың шақы­рым­нан астам мемлекеттік шекарасын ресімдеу үшін мен көрші ел­дер­дің басшыларымен 8 жыл бойы келіс­сөз жүргіздім. Осының бәрі жеріміздің тұтастығын қам­та­масыз ету үшін жасалды. Мен аза­маттарымыздың осы мәсе­­ле­ні көтергеніне қуаныш­ты­мын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөліне­тін болса, бұл біз­дің хал­қымыз өз жерін қасық қа­ны қалғанша қор­ғайтынын көр­сетеді»,– деді. Елбасы әрда­йым елдің бола­ша­ғын ой­лайды. Бұл да мемлекет экономикасын күшейтіп, шаруалар­дың жұмысын жандандыру­ға бағы­т­талған нақты қадам деп ойлаймын. Бақдәулет МАҚАШЕВ, «Жан-Арай» ЖШС бас директоры Қызылорда облысы