• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2011

Туған жерге туыңды тік

600 рет
көрсетілді

Нұрқожа Естеусізов. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың есімі Нарынқол айма­ғы ғана емес, аудан, облыс кө­леміне кеңінен мә­лім. Ол қазіргі атауы бойын­ша «Нарынқол ауы­лының ауылдық ауруханасы» – мемлекеттік ком­муналдық қазы­на­лық кәсіпор­ны­ның директоры. Оның осы қызметі сөз жү­зінде оңай болғанымен, үңіле қараған адам үшін бүкпесіз сыр жатқанын байқатады. Оған тоқ­та­лып өткен орынды сияқты. Өзі­ өмірінің тең жартысынан астамын адам жанының ара­ша­шысы әрі қор­ғаны болып табы­латын – дәрі­герлікке, аппақ қардай арымен арнап келе жат­қан түй­сі­гі мен түсі­нігі терең азаматқа аймақ­тағы адам баласының айтар өкпесі жоқ. Бойындағы бар қа­бі­лет қарымын, білімдарлық биік­т­іктің және өмірдің өзінен жинақтаған тәжірибесін адам тағдыры үшін жұмсаудан аянып қалмайтын Нұрқожаның ізденісі мен іскерлігі ешуақытта да босаңдық танытып көрген емес. Қайта ақ желеңді абзал жан атанған ол өзінің міндеті мен парызын шаң жуытпай атқару үшін қолынан келгеннің бәрін жасап келеді. 70-жылдардың ортасы еді. Алматы мемлекеттік медицина институтынан емдеу ісі бо­йын­ша маманданып шыққаннан кейін облыстық ауруханадағы интернатурадан өтті. Дәрігерлер үшін белгіленген бұл талап пен сынақ оның келер күндері мен жылдарына жарқын жол ашты. Қызмет бабындағы баспалдақ­тары да бірте-бірте биіктей бас­тады. 70-80-жылдар аралығын­да сол кезеңдегі аудандық орта­лық аурухананың мықты практик маманы, перзентхана бөлі­мі­нің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Аталған жұмыстардың ауқымының күрделілігін, артар жауапкершілігінің салмақтылы­лы­ғын ұғымталдық ұтқырлығы­мен алға қарай алып жүру, бесаспап атанған жалынды жігітке онша қиынға соға қойған жоқ. Әрине, өмірде бәрі сәттіліктер­ден тұрмайды ғой. Кездесіп қалатын кедергілерге Нұрқожа еңсесін түсіріп, мұқалу мен мүжіліп кетуді өзіне ар санады. Қайта қайратына мініп, қарсы тұрып, қиындықтың қабыр­ғасын сөгіп шығу жағынан қапы қалған жері болмады. Соның арқасында үміт пен сенім оны алға жетелей түсті. Оның өмірбаяндық деректері өр­нек­­ті жолдардан тұ­раты­нын өзіміз көзі­мізбен көріп, кө­­­ңі­лі­мізге тоқы­ған­­­быз. Оған ар­тыл­­ған сенім де аз емес. Аудандық туб­диспан­сер­дің бас­ дәрігерлік қыз­меті ұсы­­ныл­ғанда қарсы­лық таныт­пады. Бірден келісімін берді. Туберкулез ауруының ол кезде ауданда өршіп тұрған уақыты бола­тын. Шұғыл түрде алдын алмаса аса үлкен қауіп бар екенін аң­ғарған Нұр­қо­жа күндіз күлкі, түн­де ұйқы көр­мей жіті іс-қимылға кірісіп кетті. Онысы жемісті нәти­жесін бермей қоймады. Өкпесі қабынған адам­дар­­дың қа­тары аза­йып, оның ең­бегінің жан­ғанының куәсі болға­ны­мыз бар. Сыр алдырған ауруға берік тос­қауыл қойылуы денсау­лық сақ­шы­сының қолынан іс келетін жанашыр екеніне қалың қауым­ның сонда тағы бір көздері жеткен. Халық арасында: «Басшы адам­­­ға ой серік», деген қанатты сөз­дің жиі айтылатынын құлағы­мыз ша­лып жүр. Бұл жағынан алғанда Нұрқожаның тоқмейіл­су­ге беріліп, тоқыраған жерін көрген де, естіген де емеспіз. Естілердің сөзін де көкі­регіне құндақтап ала­тынын ешкім жоққа шығара алмайды. Оның Саққұлақ бидің: «Адамның басшы­сы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушы­сы – ой, жолда­сы – кәсіп, қор­ғаны – сабыр, қорғау­шы­сы – мінез, сын­шы­сы – халық», деп жетеңе жеткізе айт­қанын құп көріп, берік ұстаны­мына айнал­дырып алуы тегін болмаса керек. Ол осындай адамгершілік асыл қасиеттерімен Райымбек ау­дандық орталық аурухана­сы­ның бес жыл бойы бас дәрі­гері болып тұрғанында да ажары ашық азамат ретінде танылды. «Жақсы­ның жақсылығын айт, нұры тасы­сын», демекші, на­рық­тың алқым­нан алып тұрған қысталаң қиын­шы­лықтарына қа­рамастан өзі шыр-пыры шы­ға­тын, жанын салатын ана мен бала өлімін облыс кө­ле­мінде бірнеше есе төмендетуге қол жеткізді. Басқа көрсеткіштер бо­йын­ша да оқ бойы озық орында тұрды. Сонда оның әлдекімдер сияқ­ты кеудесін ұрғылап, кердең қақ­қа­нын көрмеппіз. Ол жақсы­лыққа жарыла қуанып, алған атақ-абы­ройына ісіп-кебуден бо­йын аулақ салып жүреді. Адамға тән мәде­ниеттілік, кішіпейілділік шең­бері­нен шықпады. Инабатты­лық ибасына жүгінді. Басқалар­дан талап етері де осы болды. Нұрқожаның: «Ту­ған жерге туыңды тік», деген киелі сөзге кішілік пен кісілік тұрғысынан қарауы, қазіргі за­ман­ның ерлік бет­терінің бірі деп қабылдауға тұрар­лық. Ол бұған жалаң ұран емес, атадан қалған асыл мұра – ұлағаты бар өнегеден өрбіген өсиет деп сезінді. Сон­дық­тан оны орындау парызым деп санады. Мәселе оның кіндігін кескен жұртына деген кішпейілділігінде. Сүйіспеншілігі мен ма­хаб­ба­тында жатыр. Қалың бұқара қауым да оны осылайша ақ жүре­гімен қа­был­дап, үлкендері оған деген құр­метін, кішілері кіршіксіз ізетін көр­сету­мен келеді. Оның кіндігі туған жерге байланып қал­ған. Ауыл­дан алыс жаққа сапарлап кетсе, кеудесін кернеген сағыныш­тан екі өкпесін қолына алып жеткенше асығады. Сол үшін ол ауыл­дан таяқ тастам жерге шық­қысы келмейтінін де жасырмайды. «Ба­қы­тым мен жо­ғым­ды осын­нан іздеймін», дейді. Мұ­нысына әбден келісуге болады. – Менің халық үміт күткен қатарластарым мен кейінгі за­ман­дастарыма қанымның қай­нап кететін кездері болатынын несін жа­сырайын. Олардың ба­сым көп­ші­лігі 90-жылдардың орта шенінен бастап, уақытша киыншы­лық­қа төзе алмай, туған ауыл­дарын тастап, қала жаққа қарай үдере көш­кендері қабыр­ға­ма қат­ты батты. Алқа-салқа болып ауыл қалды. Сөй­тіп, бы­лайғы жұрт­тың «ауы­лына қа­рап, азаматын та­ны» деп берер ба­ғасына кәдімгі­дей кө­лең­келерін түсіріп кетті. Олар­дың бар­ған жерлерінен бақ таппай, бас­тары қатып, бармақтарын шайнап жүр­гендерінен де хабардармыз. Береке мен дәулеттің құт мекені ауылда екенін көшіп кеткен жерлестерім енді-енді ғана сезіне бас­тағандай. «Ат айналып қазы­ғын таба­ды», демей ме. Олардың түбін­де осында орала­ты­нына кү­мән келтірмеймін, – деп Нұр­қожа туған жер түлек­теріне кейде күйіп-пісіп кететінін де жасыра алмай жайып салды. Оның сөзінің жаны бар. Ауы­лының дәулеті мен сәулетін арт­тыруға тамшыдай болса да үле­сім­ді қоссам деген Нұрқожа­ның перзенттік құлшынысын құптамай тұра ал­майсыз. Түсіне білген адам­ға оның адам жаны­ның аман­ды­ғы үшін жа­нашыр­лы­ғымен жасап жатқан жақ­сы­лығын ауылдас­тары мен мекендестері әркез төбе­леріне көтере мақтан етіп жүргені. «Халық айт­са, қалт айтпайды», деген әділ баға да осы сөздің төркі­нінде жатса керек. Кіндігін кескен жұртының кішпейілі атанған атпал азаматтың беделі мен мәрте­бесінің туған топырағын­да асқақ көрініп тұруының өзі, оның алда­ғы асуларын алқынбай алып келе жатқанын көрсетеді. Осы жерде оның атқарып жүр­ген жұмысының ауқымына ой өлшемімен сараптама бағытында салмақтап қарайтын болсақ, көңіл өсірер көрсеткіштер тізбегіне тірелеміз. Ол басқарып отырған ауылдық аурухананың жетістіктері кейбір аудандық, қалалық ауруханалармен терезе теңестіре ала­ты­нын айтудың өзі бір ғанибет. Біз мұны ойдан алып отырған жоқпыз. Өткен жылдың жазын­да Нарынқол ауылдық ауруха­насына арнайы ат басын бұрып келген облыс әкімі Серік Үм­бетов жағ­дай­мен егжей-тегжейлі танысып шық­қан­нан кейін ауыл жұртшы­лы­ғымен өткізген жиналыста: – Мен ауылдық аурухананың тірлігіне ерекше қуанып, риза бо­лып тұрмын. Облыстық ден­сау­лық сақтау департаментінің айт­қанындай бар екен. Ау­­дандық, қалалық ау­­руханалар орта­лы­­­­ғындағы жағ­дай­­дың ауылдық ауруханадан көрі­ніс тауып отыр­ғаны үлкен қуа­н­ыш. Оның бас­шысы Нұрқожаның ат­қар­ған жұ­мысы­ның айқын қол­­таң­басын көр­дім. Ау­рухананың маң­дай­­ша­ларына көр­кем безендіріліп жа­­зыл­ған Мұ­қа­ға­ли ақынның өлең­дері ауы­рып жат­қан адам­ның өмір­ден күдерін үз­дір­­мейді ғой, – деп ағынан жарылды. Расында да Нұрқожа басқа­рып отырған ауыл ауруханасы­ның уақыт талабына сай жаңа­рып келе жатқаны жаныңызға мейірім шуағын ұялатады. Ішіне кірсе шыққысыз мұнтаздай та­за­л­ығы, әр бөлімдердің техно­ло­гия­лық жаңа құрал-жабдық­тар­мен дер­ліктей қамтамасыз етілуі, кадр-мамандардың білік­ті­ліктері­нің артуы, ауруларды үйден және күндізгі бөлімнен емдеуді ұйым­дас­тыруы басшы ұтқырлығының белгісіндей бо­лып тұр. Сондық­тан да болар ауыл тұрғындары­ның осындағы медицина қызмет­керлеріне деген ыстық ықылас­тары бөлекше. Медициналық қызметтің мерейін үстем етіп отырған мына бір жайды айта кетпесе бол­майды. Нұрқожа Естеусізов бас­шы­лық жа­сап отырған «Нарын­қол ауыл­дық ауруханасы» – мем­лекеттік коммуналдық қазы­налық кәсіпор­нының аты айтып тұр­ға­нындай, денсаулық сақтау сала­сында қыс­қа жіптің күрмеу­ге келмей жата­тын жайлары да кездесіп қалады. Бюджет қар­жы­сына иек артудың реті келмейді. Сонда Нұр­қожа екі қо­лын қусырып қа­рап жүруді жөн көрмейді. Шағын және орта бизнестегі, фермерліктегі, кәсіп­кер­ліктегі іскерлік бай­ланыс ар­қылы мүмкіндіктің көзін тауып, қысыл­таяңның қыспағы­нан шы­ғып жатады. Сол сияқты оның мекемесі ауылға көмек көр­се­туден де бас тартпайды. Өзіндік үлесін қосып, қолға­бысын жасаумен келеді. Өз елді мекенінің қамын ойлаған азамат осындай-ақ болар. Оның еңбегіне қарай көрсе­тіліп жатқан құрмет пен сый-сия­пат та ауыз толтырып айтар­лық. Медициналық көме­ктің са­па­сын арттырудағы, ана мен бала ден­саулығын жақсартудағы, адам өлі­мін азайтудағы ұтқыр ұйым­дас­тырушылығының нәти­же­сін­де «Қазақстан Республика­сы Ден­­саулық сақтау саласы­ның үз­ді­гі», Райымбек ауданы­ның «құр­мет­ті азаматы» атақ­тарына, «Астана қаласының 10 жылдығы», «Шапағат» медаль­дарына ие болуы Нұрқожаның бүгінгі еңбе­гі­нің алып жатқан бағасының өлшемін айғақтап бере алады. Ертеңінен күтері бұдан да көп. Кіндігін кескен жұртының кішіпейілі атанып кеткен Нұр­қожа Естеусізовтің тамылжыған таби­ғатқа да жаны жақын. Ол На­рын­қол секілді жер жәнна­тын­да өмірге келгенін басына қон­ған бағына балайды. Найзадай бо­лып көкке шаншылған Хан­тәңі­рі, қыран тұмсықты Ақ­бұ­лақ шың­дарына көз салғанда, Ба­йынқол өзенінің гүрілі мен жаға­сындағы ну тоғайдың сыб­дыры­на құлақ түргенде арқа­ланып кетеді. «Тау баласы, тау­ға қарап өседі» деген осы шығар... Қанат ТӘКЕБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылы.