• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2011

Сырбаз Сыр сұлуланып келеді

693 рет
көрсетілді

ТОҚСАН АУЫЗ СӨЗ: Сөзі­нің астары тым терең, өз за­манынан көш ілгері ой­лай­тын, әрбір әңгімесінің тәрбие­лік мәні зор Шәкәрім Құдай­берді­ұлынан «Сыр – Алаштың ана­сы» деген аталы нақыл қал­ған. Қажы қате сөз айтпа­ған. Дәлел ретінде Құнанбай не­ме­ре­сі­нің «Ғылымсыз адам – айуан» өлеңін алға тартсақ бола­ды. Онда ол: «Дұрыс деме, құр ойлап, Ақылға сынат, сабыр қыл. Жығылмайтын дә­лел тап, Бірезу болма өзім­шіл», дейді. Яғни, Шәкәрім сөзінің әрбірі ақиқат. Өйткені, ұстаз «құр ойламаған», сөзін «ақыл­ға сынатқан», әрбір ойын са­быр­мен жазған һәм «жығыл­майтын дәлел» тапқан.

Әлдебір аласапыран замандарда, зұлматқа толы күндерде, ақ табан шұбырынды кезеңде, ел ішін ашаршылық жайлағанда бүкіл қазақ баласы көш-керуе­ні­нің ба­сын Сырға бұрыпты. «Ба­лығы тай­дай тулаған, бақасы қой­дай шулаған», «аққу ұшып, қаз қон­ған», жағасы береке мен мерекеге, ырысқа толы Сыр-ана жан-жақтан жылап келген бала­лары­ның маңдайынан сипап, жа­расын таңып, көзіндегі жасын сүртіп, әлдәруан боп жеткендерге әр берген. Өміріне нәр берген екен. Қыс­қасы, қысастық көріп, қысыл­таяңға тап болған қазақ Сырды анасындай емген. Сыр-ана бала­сы­на иген. Кәрі құлақ қарттардан бізге жеткен әңгі­ме­нің желісі осын­дай. Құдайберді­нің қажы ба­ласы да осыған сүйе­ніп айтқандай әлгі сөзін. Оның үстіне арғы ата­сы Ырғызбайдың Ақтөбе жақтан ауа көшкені және бар. Сондықтан Алашқа ана болған Сырдың қазақ үшін орны да, жөні де бөлек  десек те болады. Қазақ тарих-хаты ежелгі Сей­хұнмен етене араласып кеткен. Орынбордан кейінгі астана ата­ғын алуының өзі Ақмешіт айма­ғы­ның Алаш үшін ардақты мекен екенін көрсетсе керек. Алғашқы театрдың қадасы Сыр бойында қадалып, мемлекеттің бар маңыз­ды шаруасы осы аралықтан бастау алған. Астана атағынан ай­рылса да, республиканы ауыл­шаруа­шылық өндірісімен қамта­ма­сыз етіп, қамбалардың тоқ болуына қызмет етті. Әрі-беріден соң алғаш рет адамзат баласы­ның ғарышқа Қызылордадан ұшуы­ның өзі санғасырлық әңгі­менің жүгі болса керек-ті. Қош делік. Алашқа ана, жоқ-жітікке пана болған Сыр бойы­ның бүгіні қандай? Төтесінен қо­йылғ­ан сұраққа тұтықпай жауап беруге болады. Өйткені, Қызыл­орда өңірінде атқарылған шаруа да, жасалған жақсылық та жетерлік. Былтыр Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында былай деген еді: «Келер жылы мемлекет тәуелсізді­гі­нің 20 жылдығы. Жиыр­ма жыл­дық мерекеге дайындық осы кезден басталуы керек». Ұлт көш­басшысының ұтымды ойын қы­зылордалықтар бірден іліп кетті. Сөйтіп, «Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына – 20 әлеуметтік ны­сан» жобасын бастап жіберді. Әлеуметтік мә­се­лесі шешілген жұрттың әлеуе­ті зор болатыны бесенеден белгілі жәйт. Сол себепті Сыр жұрт­шылығы бұл мәселені бірінші орынға шы­ғарып, кезек күт­тір­мес шаруа­лардың қатарына қос­ты. Солайша, Қазалы ауданын­да үлкен форум өтіп, азаттықтың жиырма жылдығына арналған әлеуметтік нысандар бір күнде халық игілігіне берілді. Енді со­ны жік-жігімен таратып айт­айық. Ұлттың ұясы – мектеп Қазақтың құрығы қызылдар­дың қолында болғанда ұлт талай қысастықты бастан өткерді. Қиыр­дағы ауылды айтпағанның өзін­де мемлекеттің орталығы болған Ал­матыда қазақ бала­лары қазақ тілінде біліммен сусындап, ту­ған тілінде тәр­бие ала ал­ма­ды. Шона Сма­ханұлы сияқты қайраткер-қа­лам­гер­лер­дің жанкештілігінің арқасында ға­на Алматыда қазақ мектебі ашыл­ды. Қазақылықтың қаймағы бұ­зыл­­маған, ұлттың ұясындай бол­ған Қызылорда облысында ана тіліміздегі мектептер болмады деп аузы­мыз­ды қу шөппен сүртпей-ақ қоя­лық. Дегенмен мына дерекке назар аудармауға болмайды. Кеңес өкі­меті салтанат құрған 70 жылдың ішінде облыс бойынша 191 мектеп салыныпты. Бір қара­ғанда аз емес сияқты. Алматы тәрізді алып қала бір қазақ мектебіне зар болып жүр­генде, Сыр өңірінде мұншама оқу ошақ­тары­ның салын­ғаны көңілге медет беретін де секілді. Бірақ Тәуелсіздік тұсында ел игілігіне берілген мек­тептердің са­нын көр­ген­де, әлгі ой­дан бірден бас тарта­сыз. Екеуін салысты­рып қара­ған­да көз ұя­ла­ды. Қа­зақтың өз қо­лы өз аузына жеткеннен бері Қызылорда облы­сында 88 мектеп пайда­лануға берілген. Айырмасы айт­паса да түсінікті. Айналасы 20 жылдың ішінде Кеңес өкіметінің 70 жыл­да жасаған «жақсылы­ғы­ның» жартысы салынып, жеткіншектерге білім берген. «Өзіңнен тумай ұл болмас» дегенді осы арада айтсақ, жарасатын тәрізді. Ақмешіт аймағының Ақтөбе облысымен шектесер тұсы Арал ауданы. Теңіз тартылып, қайық­тар қайраңда қалған уақытта балықшылар ауын арқалап елден үдере көшкен заман да бол­ған. Елбасының арнайы баста­ма­сымен құрылған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» (САРАТС) бағдарламасының арқасында Кіші Аралға су то­лып, балықшы ауыл­дарына жан бітті. Көреген саясат­кердің кө­рікті ойынан туған бағ­дарлама ауылдан көшкен ағайын­ды ту­ған жерге қайтарды. Дәл қазір ба­лық аулау көлемі 400 тоннадан 3600 тоннаға дейін артқан. Елге ел қосылып, адам қа­ра­сы артқаннан кейін түрлі әлеу­меттік нысандардың қажет бола­тыны шығар күндей ақиқат. Ал халық­тың мұқтажын өтеу жергілікті биліктің бұлжымас міндеті. Осыдан бес жыл бұрын Ел­ба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Сыр өңі­рі­не сапары барысында Арал ау­да­ны­ның «Қосжар» ауылына да ат ба­сын бұрып, елдің тыныс-тір­шілі­гімен танысып, хал-ахуалын көзбен көріп қайтқан. Сол сапар­дың бары­сында құндақтағы бала­сын құшақ­таған ана Елбасының алдына келді. Сөйтіп, нәрестеге Президенттің атын бергісі келетінін айтып, бата­сын сұрады. Аз ғана ойланған Ел­басы шарананы қо­лына алып, оған «Ерсұлтан» деп ат берген. Сол Елбасы есімін қойған Ерсұлтан қазір мектепке барды. Десек те, «Қосжар» ауы­лын­дағы мектептің жайы мәз емес болатын. Жақында осы елді мекенде 100 балаға ла­йық­талып салын­ған оқу ошағы ашылды. Ең­сесі биік, іші кең, заманауи құрал-жаб­дықтармен жасақ­тал­ған мектепте Ерсұлтанмен қатар ауыл өрендері білім алып жатыр. Осы арада мына жайтты айтуға тиіспіз: мемлекеттік бағдар­ламаның аясын­да былтыр 18 мек­тептің қа­бырғасы қаланған. Соның жар­ты­сы осы Арал ауда­нында са­лынып жа­тыр. Бұл халық санының ар­тып, бала туу көрсет­кішінің кө­ле­мі көбей­генін білдіретін бірден-бір дәлел. Ал Арал ауданы­ның орталы­ғын­да «Мереке» балабақшасы ашылып, іші бүлдіршіндерге тол­ды. Балабақша құрылысына бюджеттен әжептәуір қаржы бөлін­ген. Нәтижесінде 280 орындық мектепке дейінгі орталық инеден жаңа шыққандай болып аудан орталығында жарқырап тұр. Социалистік Еңбек Ері көптеп шыққан, күріштің Ота­нына ай­нал­ған Шиеліде де жаңа әлеу­мет­тік ны­сан­дар­дың тұсау­ке­сері өтті. Біз мо­йын­дайық мойында­майық, қа­зір дүние есігін аш­қан нә­рес­те­лердің дімкәстігі кө­бе­йіп барады. Туған­нан ден­сау­лы­ғы нашар бо­лып, әлсіз жетіліп келе жатқан балалар жеткілікті. Мәң­гілік сұрақ: не істемек керек? Ата-ана баласы­нан еш нәр­сені аямай­ды-ау. Дей тұрғанмен Астана мен Алматыға баласын жетектеп, қай­та-қайта ба­ру­ға қаржы мүмкін­дік бермейді. Әрі-беріден соң об­лыс орталы­ғы­на барып емдету де қиын­дық туғы­зады. Сон­дық­тан интернат типтес емдеу ор­та­лық­тарын салу күн тәртібіне шықты. Осын­дай игілікті бастама­ның арқа­сында Шиелі ау­данында 50 орын­дық мү­гедек бала­ларға арналған интернат құрылысы 2009 жылы бас­талды. Ол осы жылдың басын­да пай­да­лануға берілді. Интернат­тың құры­лысына 496 миллион тең­ге жұм­­салған. Ал ішін жаб­дықтау үшін 32 миллион теңге бө­лінген. Аталмыш нысан 3 бө­лік­тен тұрады. Бірінші бөлігінде балаларға арнал­ған ойын және демалыс, меди­циналық оңал­ту бөлмелері орналас­қан. Екінші бө­лікте тіркеу, киім ілетін орын, аптека, лаборатория бө­лім­­дері орын тепкен. Үшінші бөлім тек меди­ци­налық бөлмелерге ар­нал­­ған. Қыс­қасы, балалар үшін барлық жағ­дай жасалған. Осы күні Шиелі кентінің «Көк­шоқы» шағын ауданының бала­лары да қуанышқа бөленді. Тақыр­да доп теуіп, шаңның үстінде күре­сіп жүрген шағын аудан балалары үшін 150 орындық стадион пайда­лануға берілді. Өткен жылдың та­мыз айын­да алғашқы кірпіші қа­ланған стадион аз ғана уақыттың ішінде ел қа­жетіне жарады. 101 миллион тең­ге жұмсалған стадионда жасан­ды футбол алаңы, жеңіл атлетикалық сектор секілді орын­дар бар. Жаңақорған ауданы да жаңа мек­тептермен жарақтанды. «Сунақ­ата» елді мекеніне қарасты «Еңбек» ауылында 100 орындық су жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Негізі, «Еңбек» ауылында алғашқы мек­тептің құрылысы 1989 жылы қаланған екен. Алғашында оқу оша­ғында тек бастауыш сыныптары ғана болған. Кейін ел Тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен соң орталау мектеп дәрежесін алған. Бірақ мектеп ғимаратының сапасы сын көтер­мей­тін. Апатты жағдайдың алдында тұрған. «Көп тілегі көл» демей ме?! Биыл ел тілегі қабыл болып, ауылда жаңа мектеп салынды. Сондай-ақ мұндай бақыт «Қожакент» ауылы­ның тұрғындарына да бұйырды. 140 орындық орталау мектептің құры­лы­сы 2009 жылы басталған. Ал­ғашында облыстық бюджеттен 60 миллион теңге бөлінген. Былтыр 266 миллион теңге және берілген. Сөйтіп, мектептің құрылысы дер шағында аяқталған. Сонымен қатар Жаңақорған ау­данының орталығында 90 орын­дық «Алпамыс» санаторийлік ба­ла­бақ­шасы ашылды. Ал «Бес­арық» ауы­лында «Талдысу» балалар демалыс лагері биылдан бастап балаларға қызмет жасайды. 350 орындық лагерьде 4 жатақ­хана, балалар шы­ғар­машылығына арналған 1 павильон жұмыс істейді. Балалар денсаулығын сауық­тыру­ға қатысты әрекеттер Жалағаш ауданында да жасалып жатыр. Жа­қында аталған ауданда №19 санаторийлік балабақшасы ашылып, лен­та­сы қиылды. Оның құрылысы үшін облыстық бюджеттен 179,3 мил­лион теңге бөлінген. Екі қабат­ты әсем ғимарат алыстан менмұн­да­лап көзге түседі. Балалардың игілігі үшін ойын, жа­тын бөлмелер кең әрі жарық етіп салынған. Жеткіншектер жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлініп, аптаның бес күнін бақшада өткізіп, ем-домын қабыл­дайды. Мемлекет маңдайынан сипаған жұрт Адам – мемлекеттің баға жетпес капиталы. Ал адам өмірі ел­дің көзінің қарашығындай сақтай­тын басты құндылығы. Өмірі­мізге нарық еніп қарық бол­ған тұста, жұрт ала дорба арқалап кеткен уақытта адам өмірінің де арзандай бастағанын байқадық. Десек те, дамудың даңғыл жолын тауып, әлеуметтің әлеуетін арт­тыру­дың кілті қолымызға тигенде мемлекет адам өміріне араша түсетін, денін сау ететін ізгі істі қолға алды. Соның арқасында «100 мектеп, 100 аурухана» бағ­дар­ла­масы дүниеге келді. Мектеп – жеткіншектердің жанына жылу беріп, білім нәрімен сусындатса, аурухана – адам тәнін емдейді. Екі тізгінді қатар ұстап, бірін-бірінен ажыратпай дамытудың негізгі астары да осы болса керек. Қызылорда облысының эко­ло­гиялық ахуалы туралы айт­қан­да етегің жасқа толады. Арал­дан ұшқан тұз, Байқоңыр­дың зардабы, бәрі айналып келгенде аймақтың экологиясын әл­сіретіп жатыр. Оған уран өндірі­сін, мұнай бұрғы­ларынан ауаға тарап жатқан газды қоссаңыз, тіпті қиын. Осы орайда ел ден­саулығын жақсарту, сала­мат­ты өмір салтын қалып­тастыру, жаңа ауруханалар ашу секілді кезек күттірмес мәселе­лердің құлағы қылтиып көрінді қоғамда. Мемлекет өз азамат­тары­нан несін аясын? Бұл іске білек сыбана кірісіп кетті. Солайша, жергілікті жерлерде ауруханалар көптеп салына бастады. Жалпы, Қызылорда облысы­ның басқа аймақтардан бір ерекшелігі бар. Ол – елді мекендер­дің шойын жол мен тас жолдың айналасына орналасуы. Қармақ­шы ауданының «Қызылтам» ауы­лы да темір жол мен тас жол­дың қақ ортасына орналас­қан ауыл­дың бірі. Ауылда төрт жүз­ге тарта тұрғын бар. Бұл елді ме­кенде соңғы жылдары жол жөнделіп, ауызсудың кәріздері жа­ңар­тылып, телефон желілері тар­тыл­ған-тын. Енді халыққа медици­налық қыз­мет көрсететін орын керек еді. Сол себепті елді мекенде фельдшерлік-акушерлік бекет салу жоспарға енген. Оны соңғы үлгі­дегі керек-жарақпен жасақтау да көзделген болатын. Осындай мақ­сат­тар үшін облыс­тық бюджеттен 10 миллион 822 мың теңге бөлінді. Қаржы болса қа­рап отыратын заман емес қой. Құрылыс қарқынды жүрді. Нә­ти­жесінде ауыл халқына алты ай­дың ішінде медициналық ор­та­лық пайдалануға берілді. Солайша, ауылда адам жанының ара­шашысы болған ақ халатты абзал жандар пайда болды. Бү­гінде аталған фельдшерлік-акушерлік орталықта үш адам жұ­мыс жасап жатыр. Биылғы жыл қазалылықтар үшін үлкен қуанышпен бастал­ды. Ауданның «Бірлік» және «Аран­ды» атты екі ауылында бір күнде 2 медициналық бекет ашылды. Елбасы осыдан біршама уа­қыт бұрын ел халқына нақты міндет қойған болатын. «2020 жылы 20 миллионға жету керек». Аталған бастаманың ұлт үшін де, мемлекет үшін де қан­шалықты ма­ңызды екенін бұл арада тәпт­іштеп айтып жатудың керегі жоқ шығар. Бірақ мем­ле­кеттің халық санымен қуат­ты екенін ескерте кеткеніміз жөн. Елбасы бас­та­масына Қа­за­лы ау­даны­ның «Бірлік» ауылы да ба­рынша үлес қосып жатыр. Соң­ғы жыл­дары ауылда бала туу көр­сет­кіші артқан. Ал бү­гінде «Бірлік» ауылында 730 адам күнелтіп жатыр. Сондай-ақ ауыл хал­қының ден­сау­лық жағ­дайы да біршама жақсар­ған. Бұған дейін кең тарап кеткен құрт ауруы бә­сеңдеп, жұқпалы кесел­дер­дің саны сиреген. Ал ана мен бала өлімі мүлде тіркелмеген. Дегенмен ауыл хал­қының сау­лығы саламат, бала туу өсті, қалғаны Құдайға аманат деп қарап оты­руға бол­майды. Соны­мен 11 миллион 500 мың теңгеге меди­ци­налық бекет салынды. Ал «Аранда» салынған меди­ци­налық бекеттің құрылысы бес айда толығымен аяқталды. Бұл бекеттің де салынуына жо­ғары­да айтқан сома жұмсалған. Оның 888 мың теңгесіне қажетті құрал-жаб­дықтар алынған. «Бірлік» пен «Арандыдағы» қос бекет те «Қо­жа­бақы» ауылының емхана­сы­на тікелей бағы­ныш­ты. Ондағы ем­ха­наны «ҚР Ден­саулық сақтау сала­сының үзді­гі», білікті дәрігер Мирамхан Махамбетяр басқара­ды. Енді қа­за­лылық аға­йы­ндар басы ауы­рып, балтыры сыз­даса үйдің жа­нындағы бекетке барып, қажет­ті ем-домын алатын болды. Алматыда жүргенде Аралдың жайын ойлайтын едік. Әлем бо­лып Аралға көмектесіп жатыр. «Бі­рақ нәтиже қаншалықты» дей­­тінбіз. Сөйтсек, жоғарыда айт­қан «САРАТС» бағдарлама­сының өзі теңізді жағалай орналасқан жұрт үшін үлкен іс бітіріпті. Елге орал­ған халықтан бөлек, әлеуметтік жағдайдың дұрысталып, жаңа жұ­мыс орындарының ашылып, жү­йелі тірлік жүріп жатқаны жан­ды жадыратады. Ел Тәуел­сізді­гінің 20 жылдығы қарсаңында Арал­дың «Ерімбетжаға» елді мекені де шат-шадыман күй кешті. Өйткені, көп­тен күткен меди­циналық бекет ашылды. Адамның денсаулығы ат ба­сындай алтынға айырбасталмай­ды. «Оралыңның барында ойна да күл» дейді халық даналығы. Он­дағы «орал» біздіңше денсау­лық сияқты. Қарға адым жерді аттай алмай шерменде болып, бал­ты­рың мен басың қатар сыздас­а, ойын да, күлкі де әдірем қалмақ. Ал елді алға сүй­рейтін, әлеумет­тік, экономи­калық, саяси тұрғыда серпін беретін ха­лықтың дені сау, жаны таза, көңілі алаң болмаса, онда мемлекеттің даму жолы даңғыл­дана түспек. Республика басшы­лығы нақты тап­сырма беріп, облыс атқа мінерлері оны өмірге ендіріп жатқандағы мақ­сат, яғни алыс елді мекендерде медици­налық бекеттердің көптеп ашы­луы мемлекет саясатының дұрыстығын көрсетсе керек. ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН: Мемлекеті маңдайынан сипаған жұрт бақытты. Халқы қуатты елдің таңы арайлап атады. Күні күліп батады. Болашағы да жақұтты. Сыр – сұлуланып келеді. Жұртының көзінен қуаныш кө­ре­сіз. Ал осының бәрі, атыңнан айналайын, Азаттықтың арқасы! Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.

Автор туралы анықтама

Журналист Ержан Байтілес «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі болып қызметіне кірісті. Ол 1981 жылы осы өңірдегі Шиелі ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң бірнеше республи­калық басылымда тілшілік қызмет атқарды. 2008 жыл­дың желтоқсан айынан бастап республикалық «Ана тілі» газеті бас редакторының бірінші орынбасары болып еңбек етті. Әріптесімізді оқырмандарға жоғарыдағы мақаласы арқылы таныс­тыра отырып, оған жемісті жұмыс, шығармашылық табыс тілейміз.