Таяуда отандық өнімді Ресей нарығында ілгерілету үшін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев бастаған қазақстандық делегация Омбы қаласына (Ресей Федерациясы) іскерлік сапармен барды.
Сапар барысында қазақстандық агроөнеркәсіп кешені, азық-түлік, құрылыс, химия өнеркәсіптерінің және қаптау саласының 20 шақты өндірушілері ресейлік тұтынушы компанияларды өз мүмкіндіктерімен таныстырды.
Сапар шеңберінде Ауыл шаруашылығының вице-министрі бастаған қазақстандық делегация Омбы қаласының губернаторы, үкіметінің төрағасы В.Назаровпен кездесу өткізді.
Е.Нысанбаевтың айтуынша, екі тарап өзара сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге, оның ішінде, ең бастысы, ауыл шаруашылығы саласындағы бизнестің дамуына жәрдем ету қажеттілігін бірауыздан мәлімдеді.
«Қазақстан ірі аграрлық мемлекет болып табылады. Нарықтық экономика талаптарына сай қалыптасып үлгірген бұл саламыз инвесторлардың қызығушылығын тудыруда. Бұл бағыттағы жақсы бастамалар іске асырылып жатқанына қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақ аясында осы байланыстарымызды одан әрі белсендетуге жауаптымыз. Кездесулердің түрлі форматтары мен алаңдарын дамытуды жоспарлаймыз», деді делегация басшысы.
Омбы облысының губернаторы В.Назаров, өз кезегінде Қазақстанмен тауар айналымының көлемі тұрақты түрде өсіп жатқанын айтып, оның негізі ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі өнімдерінен қалыптасып отырғанын ескерді.
«Біз жаңа бірлескен кәсіпорындар құруды және сауда қарым-қатынастар дамытуды қалаймыз. Облыс арқылы ірі көліктік-транзиттік дәліздер өтуде, сондықтан бірлескен сауданы кеңейту үшін шекараға шектес аймағында бірыңғай логистикалық орталық құру ерекше маңызды әрі қажетті. Омбы облысының транзиттік әлеуетін игеру біздің басты мақсаттарымыздың бірі», деді В.Назаров.
Облыс губернаторы қазақстандық тауарлардың жекелеген жәрмеңкесін ағымдағы жылғы шілде айының соңында Омбы қаласында ұйымдастыруды ұсынды.
Іскерлік сапар барысында отандық кәсіпорындар Омбы облысының іскерлік орталарымен, ауыл шаруашылығы, азық-түлік, экономика, құрылыс министрліктерімен, сондай-ақ даму және инвестиция агенттігімен келіссөздер өткізді.
Сонымен қатар, делегация мүшелері Қазақ тілі және мәдениеті орталығының қызметімен танысты және Омбы қаласындағы Қазақстан консулдығы ғимаратында қазақ диаспорасының зиялы өкілдерімен кездесу өткізді.
«Егемен-ақпарат»