• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Мамыр, 2016

Жер күтімді қажет етеді

301 рет
көрсетілді

Осы күндері көтері­ліп жатқан жер туралы мәселеге жұрт­шы­лықтың алаң­дау­шылық білдіріп, өткір-өткір пікір айтып, жер­ді қор­ғау жөніндегі әңгі­ме­лері, бір жағынан, көңілге қуаныш ұяла­тады. Бұл дегеніңіз – хал­қымызда намыс барын, елде болып жатқан өзгерістерге олардың енжар емес екендігін көрсететін жақсы құбылыс. Шүкір, бұл әңгімелер тәуелсіздігіміздің баянды болатындығына, қазағымыз көзінің қарашығындай болған қасиетті жерінің бір қадағын да ешкімге бермейтіндігіне сендіреді. Екінші жағынан, осындай алаң­дау­шылық шектен шығып бара жат­қан кезде қазіргі жер төңірегінде болып жатқан түрлі әңгімеден өз басым елімізде әлі де құқық­тық қоғамның толықтай қалыптаспай жатқандығын көргендей болам. Заң актілерін тереңдеп меңгермей, эмоцияға бой алдырып жатқанымыз байқалады. Ал Елбасының өзі бастап, бұқаралық ақ­парат құралдарының баршасы жердің шетелдіктерге сатылмайтындығы туралы қайта-қайта жазып жатқан жоқ па! Оқыған адамға бәрі түсінікті, естір құлаққа қона­тын сөздер. Енді мына жағдайға қара­ңыз... Егер қазақтың құнар­лы жерлерін, шұрайлы даласын осылай иесіз-күйсіз қалдыра беретін болсақ, ертеңгі күні олар құмға, шөлге айналып кетуі де шындық қой. Жерді қолынан іс келетін өз азамат­тарымызға жекеменшікке беру – еліміздің ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлкен серпін беретінін ескерейік. Халқымызда «Өзім дегеннің өгіз қара күші бар» дейтін мақал бар. Ұлан-байтақ жерімізді қазақтың өзі сатып алып, оған ие болып, күтіп-баптап игеретін болса – онда жеріміз тозбақ емес. Ал жалға алып біреулер оны игере алмай жатса, тиімсіз пайдаланып жатса – ол жерлерді қайтарып алудың да тетік­тері ойлас­тырылған. Өткен жылғы бір сапарда Швей­царияда бір фермермен сөйлескенім бар. Жері күтімде, шақпақ-шақпақ жасыл дала, көкорай шалғынға бөккен бел-белестер. Көлденең жатқан бір бұтақ жоқ, айнадай тап-таза. Таңға­ласың, қызыға қарайсың. «Бұған қалай жеттіңіз?» деген сұрағымызға фермер өз жерінің үш ғасыр бойы атадан балаға мирас боп келе жатқанын мақтанышпен әңгіме еткен. Мінеки, келешекте қазақ жері де осылайша гүл-гүл жайнап тұрса шіркін, деп іштей армандайды екенсің! Сондықтан да Жер кодексіне енгі­зілген өзгерістердің астарынан қауіп іздеудің қажеті жоқ деген ойдамын. Иесіздік жерді тоздырады. Жер әрдайым күтімді қажет ететінін ұмытпайық. Әлібек АСҚАРОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының бас директоры,  жазушы Алматы