• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2016

Арыстар тағылымы

430 рет
көрсетілді

* Әлихан Бөкейхан-150 А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік универ­ситетінде «Әлихан Бөкейхан және Алаш тағылымы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл ұлт көсемі Әли­хан Бөкейханның биыл ЮНЕСКО шеңберінде тойланатын 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Сонымен қатар, конференция Қостанай облысының 80 жыл­дығына да арналды. Онда республикалық «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, белгілі ғалым, әли­хан­танушы Сұлтанхан Ақ­құл­ы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­си­тет­інің доценті, алашта­нушы ға­лым Қайырбек Ке­меңгер, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еу­ра­зия ұлттық уни­­­­верси­тетінің профессоры, алаштанушы ғалым Сағымбай Жұмағұлов, А.Байтұрсынов атындағы Қос­танай мемлекеттік универ­си­тетінің профессоры Сансызбай Жиентаев, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры, тарихшы ғалым Еркін Әбіл және басқалар маз­мұны терең баяндамалар жасады. Қазақ елі тәуелсіздігінің, дер­бес мемлекет болуының бас­тауында тұрған аса ірі мемлекет қайраткері Әлихан Бөкей­ханның Қостанай өңірінің дамуына тікелей қатысы барлығы туралы ақпарат қостанайлықтар үшін осы конференция салған олжа болды. – 1917 жылғы Ақпан төң­керісінен кейін сол кезде Торғай облысы болып аталған Қостанай өңірінің алғашқы басшысы Әли­хан Бөкейхан болғанын қазір көпшілік біле бермейді. Уақытша үкімет билік басына келгеннен кейін Әлихан Бөкейхан Тор­ғай облысының комиссары болып тағайындалады. Бұл тағайындауды Әлиханның өзі талап еткен, ол Қостанай өңі­рін 1917 жылдың наурызынан сол жылғы 13 желтоқсанға дейін басқарады. Өйткені, самодержавиелік пат­­шалық құ­рылыстан демо­кра­тиялық парламенттік-феде­ра­тивтік мемлекетке айналу алдында тұрған Ресейде Торғай облысының та­лан-таражға түсу қаупін алдын ала сезген ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан осындай қадамға барған. Ол қазақ даласының ең құнарлы жерлері – Қостанай мен Ақтөбе өңірлерін сақтап қалуға күш салған адам. Тіпті, 1919 жылы большевиктер билік басына келмей жатып Қостанай уезін Челябі облысына қосып жібергенде, оны 1920 жылы қайтарып алуға күш салғанның бірі де бірегейі Әлихан Бөкей­ханов болатын. Ал қазір Қос­танай еліміздің ең құнарлы, астықты, өндірісті аймағы болып отыр, – деді әлихантанушы Сұл­танхан Аққұлы. Конференцияда Әлихан Бөкей­ханның қазақ елінің экономикасын, білім саласын дамытудағы көзқарастары да айтылды. Бас­қосуда Алаш қайраткерлерін танып болдық па деген мәселе көтерілді. Сондықтан, олардың есімін ардақтап, оқу орындарына, көше аттарына беру, ескерткіштер орнатылса кеткен кемшіліктердің орны толар еді. – Өткен жылдың аяғында Еура­зия ұлттық университетінде алаштанушы ғалымдардың, Пар­ламент депутаттарының, қо­ғам қайраткерлерінің басын қос­қан ғылыми-теориялық конференцияда Әлихан Бөкейханнның 150 жылдығының ЮНЕСКО аясында тойлануына орай, елде жүзеге асырылса деген 67 тар­мақтан тұратын ұсыныс айтылды. Соның ішінде Алматы метро­политеніне, Қазақстандағы ұлттық университеттердің біріне Әлихан Бөкейхан есімін беру де бар, – деді Сұлтанхан Аққұлы журналистермен болған баспасөз мәслихатында. Ғылыми-тәжірибелік кон­фе­ренцияға қатысушылар Қос­та­най қаласының орталық кө­шелерінің біріне Әлихан Бөкей­ха­нның есімін беру және А.Бай-т­ұр­­сынов атындағы Қоста­най мемлекеттік университетіндегі журналистика, экономист және заңгер мамандықтарында үздік оқып жатқан студенттерге Әли­хан Бөкейхан стипендиясын тағайындау жөнінде ұсыныс ай­тып, қарар қабылдады. Олар Тәуелсіздігіміздің бастауында тұрған аса көрнекті күрескер, алаш қайраткерінің мерейлі жылы осы ұсыныстар жүзеге асады деп сенім білдірді. Сонымен қатар, конференция қонақтары мен университет оқытушы-профессорлық құрамы, студенттер білім ордасының ал­дында Алаш қайраткерлері құр­метіне Алаш аллеясын ашып, оған Әлихан Бөкейханға, Ах­мет Байтұрсыновқа, Міржақып Дулатовқа және Қошке Кемең­герұлына арнап алғашқы ағаш көшет­терін отырғызды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ