Осыдан бірнеше ай бұрын «Эйр Астана» әуе компаниясының ұшқышы Роман Быков есірткімен ұсталып, қамауға алынған болатын. Мұндай ақпаратты естіген жұрт елең ете қалды. Тіпті, кейбіреулері ұшқыштар есірткі пайдаланып алып, әуе көлігін басқарады, деген алыпқашпа әңгімені естіп, ұшаққа отыруға қорқып қалғандарын жасырмады.
Еске сала кетейік, ұшқыш 1 наурызда «Мәскеу-Алматы» бағытындағы рейспен бірге Алматы әуежайына келіп қонған. Тексеріс кезінде оның есірткі шегіп алғаны анықталған. Соңынан 1,55 грамм марихуана тәркіленген. Алайда, ол кінәсін мойындамады. Дегенмен, жүргізілген медициналық сараптама оның қанында есірткі затының барын көрсетіп берді. Міне, осы оқиғаға байланысты іс қозғаған Алматы қаласындағы Түрксіб аудандық соты есірткіні қолданғаны және заңсыз тасымалдағаны үшін деген айыппен Романға 2,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ, ол 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді және 2 жылға дейін әуе кемесін басқарудан шеттетілді.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан»