Дүниежүзіндегі таңдаулы алма көшеттері Оңтүстік диқандарының да игілігіне айналды. «Ақ алтынмен» аты шыққан Мақтаарал ауданының даңқы енді алмамен де өрлемекші. Жақында облыс әкімдігінің ұйытқы болуымен «Ontustik Invest-2016» халықаралық форумы өткен. Форумда «Александровский сад» серіктестігі Мақтаарал ауданында екі мың тонна жемісті қайта өңдеп, 1,5 мың тонна жеміс-жидекті сақтайтын кептіру кешенін салмаққа келісімшартқа отырды. Осындағы индустриялық аймақта ашылатын қойманың өзіндік құны – 800 млн. теңге. Осы жоба бойынша кептірілген өнімнің 70 пайызы ішкі нарыққа жіберілсе, 30 пайызы көрші мемлекеттерге экспортталады.
Форумда оңтүстікқазақстандық «Александровский сад» серіктестігі Түркияның «Almaty Teknik Tarim» ЖШС-мен қарқынды бауды жүз гектарға дейін көбейту мақсатында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Тамшылатып суарылатын қарқынды бау жобасы жылына 10 мың тонна алма береді деп жоспарланып отыр.
Қазақстан және Түркия жағынан қаржыландырылатын жоба құны 2,2 млрд. теңгеге жетеді. Ішкі нарықтан бөлек, сыртқы саудаға шығарылатын жаңа жоба 2018 жылы толық күшіне енеді.
Осындай жағдайда сырттан тасымалданып келген шетелдік жеміс-жидектерге тосқауыл қойылады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»