• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2011

Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайды

523 рет
көрсетілді

Елбасымен біргеміз!

Халық қалауы – болашаққа баспалдақ Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шы­лық етуімен Қазақстан барлық әлеуметтік маңызы бар салаларда қарқынды серпіліс жасады, деп мәлімдеді жуырда Ресей үкіметінің басшысы Владимир Путин. Мәсе­лен, елдегі бүгінгі білім беру жүйе­сін жетілдірудің онжылдық бағ­дар­ла­масы инновациялық дамуға кө­шу­дің басты талабы – кадрлық әлеуетпен қамтамасыз ете отырып, Қазақстанды жаңа экономикалық өрлеуге бастамақ, деп есептейді В. Путин. Сондай-ақ, Росбалт агенттігі Ресей үкіметі жетекшісінің «Осы елдің халықаралық дәре­же­дегі беделі де айтарлықтай өсті», – деген пікірін де жария етті. В. Путин әсіресе Қазақстан басшы­лы­ғының ауыр күйзеліс жылдарында қолға алған іс-шараларын ерекше атап өтті. «Екі елдің арасындағы тауар айналымы ұлғайып келеді, біз дағдарыстан дағдарған кезең­нен шықтық. Біз, Қазақстан Прези­дентінің ғаламдық дағдарыстың салдарларымен күрестегі ерік-жігеріне ризамыз», – депті ресейлік премьер-министр Росбалтқа берген сұхбатында. Жасыратыны жоқ, ғаламдық эко­номикалық дағдарыс аяқтал­ма­ған және әлемдегі геосаяси тұрақ­сыздықтың аумағы кеңейген ке­зең­де Қазақстанға күшті де тиімді көш­басшылық ауадай қажет. Өйт­кені, соңғы жылдардағы эконо­ми­калық қиыншылықтар көптеген елдерді тақырға отырғызып тастады. Тіпті, олардың кейбіреулері әлі күн­ге дейін үлкен қиыншы­лық­тарды бастан кешуде және ға­лам­дық қаржы дағдарысының жаңа толқынынан үрейленуде. Әлемдегі көптеген елдердің экономикалық тығырыққа тірелгенімен салыс­тыр­ғанда, Қазақстан құлдырауды ал­ғашқы болып құрықтаған елдердің қатарына жатады. Мысалға, алдын-ала жасалған болжам бойынша, 2010 жылы ІЖӨ өсімі 7 пайызға жуықтады. Мұндай көрсеткіш Мем­лекет бас­шы­сы Нұрсұлтан На­зар­баевтың эко­номикалық сая­са­тының тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдейтіні сөзсіз. Яғни, көзі ашық, көкірегі ояу қа­зақстандықтардың барлығы қай кезде де өзінің көш бастаушы Президентін қолдайтыны анық. Осы тұрғыдан алғанда, Президент өкі­лет­тігін ұзартуды көздейтін референдум өткізу жөніндегі бастама да­муымыздың жоғары қарқынын сақтауға және біздің еліміздің әлем­нің индустриялық алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің тобына қосылуына серпінді қадам жасауына берік негіз қалайды деген сөз. Қазақ­стан­дықтардың Ұлт Көшбасшысына тағы бір он жылға ел билеуге сенім ар­туы – Мемлекет басшысының 2020 жылға дейін елімізді да­мы­тудың стратегиялық бағдар­ла­ма­сын жүзеге асыруына қолайлы жағ­дай туғызатыны белгілі. Қазақстанның халқы басқа пос­ке­ңестік елдердің халқымен салыс­тырғанда, саяси билікті ауыс­ты­руға әуестенбегені рас, дейді белгілі саясаттанушы, «Известия-Қа­зақстан» газетінің бас редакторы Эдуард Полетаев. Қазақстандықтар биліксіз қалған кезеңді, саяси дүдә­малдықты басынан кешпегендіктен бірлікті қалайды, референдумды өткізу бастамасын жақтайды, дейді саясаттанушы. «Мысалға, мем­лекет­тің бірінші басшысының әр­бір ауысуы төңкеріспен, бұзақы­лық­пен, құлдыраумен жүзеге аса­тын көршілес Қырғызстанды алай­ық. Өткен жылдың сәуір айында президент Құрманбек Бакиев тағы­нан тайдырылған соң Қырғызстан саяси дағдарысты басынан кешіруде. Қ.Бакиевтің билігі тоқтатылған­нан кейін, елдің оңтүстігінде қыр­ғыз және өзбек қауымдарының арасында қанды қақтығыстар орын алды. Алмазбек Атамбаев басшы­лық ететін қазіргі үкімет елдегі ахуалды тұрақтандыруға тырысуда, алайда жағдай әлі де ушыққан күйінде қалып отыр. Сондықтан, Қазақстанның халқы саяси хаос­тың ешқандай да жақсылық алып келмейтінін жақсы түсінеді», – дейді Эдуард Полетаев. Шынында да саяси таңдау жа­саудағы шарасыздықтың соңы өкі­нішті жағдайларға ұрындыруы әб­ден мүмкін. Сондай кемшілікті біз көршілерімізден көріп отырмыз. Бұдан шығатыны, қазақ қоғамына еліміздегі этникалық және әлеу­мет­тік топтарды біріктіре алатын қайратты да қабілетті көшбасшы керек. Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаевтың саяси бағыты осы тұрғыдан алғанда ел халқы­ның басым бөлігінің қолдауына ие. Бір ғана мысал айтайық. Ұлттық бірлік пен саяси тұрақтылықтың ар­қасында Қазақстан өзінің алдын­дағы стратегиялық маңызы зор ғаламдық мәселені іске асыра алды. Ол – 2010 жылы өткен Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымының Астанадағы 7-ші саммиті. Ал, референдумды өт­кізу қазақстандықтардың осынау тарихи жетістігін бекітіп, стра­те­гия­лық дамуының жаңа көк­жиек­терін анықтап алуына мүмкіндік береді. Қарапайым халық президенттің билікте қалғанын қалап отыр, дейді сенатор Серік Ақылбай. Өйт­кені, билік өзгерген кезде, саясат та өзгеріп кетеді. Мемлекет бас­шысының бүгінгі саясаты – еліміздегі ұлтаралық татулық, дінаралық сыйластық, экономикамыздың қа­рыш­тап дамуы, инновациялық тех­но­логиялардың келуі – бұның бар­лығы біз үшін керемет алға жылжу болып отыр. Осыны қарапайым қара халық түсініп, референдум өткізу туралы бастама кө­те­руде. «Бұрын би­ліктің ішінде бо­лып, бүгін биліксіз қалған кейбір оппозиционерміз деп жүргендер сайлауда бір жерге өтсек, бір орынға талассақ екен дейтін шы­ғар. Бірақ, халыққа тұрақтылық, тыныштық, береке керек. Яғни, референдум – бұл жоғарыдан емес, төменнен басталған үрдіс. Ха­лық­тың осындай ұмтылысын көр­ген­нен кейін, Парламентте біздің үндемей отырғанымыз дұрыс емес. Біз халықтың қалауымен бірден келістік. Конституцияға сәйкес, тек заңды тұрғыда референдум өткізу туралы өзіміздің қадамымызды жасадық. Менің ойымша, бұл өте дұрыс қадам. Себебі, Елбасы өзінің бастаған ісін 2020 жылға дейінгі экономикалық даму бағдарлама­мызды өзі аяқтағаны дұрыс», – дейді Серік Ақылбай. Президенттің өкілеттігін ұзар­туға референдум өткізуге қажетті негізгі идеологиялық дәлелдің бірі – 2010 жылы маусым айында қа­былданған «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы ту­ра­лы» Заң. Үңіліп қа­расақ, қазақ­стан­дықтардың ерекше сеніміне кірген М­ем­­­лекет басшы­сы­на рес­ми мәртебенің берілуінің өзі – халық­тың кезекті пре­зиденттік сайлауға мұқтаж емес­тігін көрсетеді. Мәсе­лен, қазіргі кезде әлеуметтік зерт­теулердің қорытындысы бойынша, Қазақстан халқының 95 пайыздан астамы Нұрсұлтан Назарбаевқа сенетінін растаған. Республика аза­мат­тарының 90 пайыздан астамы Мем­лекет басшысының билік ба­сындағы атқарған қызметін жоғары бағалайды. Осы жерде салыстыра кетелік. Қазақстан тұрғындарының еліміздегі басқа саясаткерлерге деген сенімі өте төмен, оларды қол­дайтындардың көлемі 5 пайыздық деңгейден аспайды. Сөздің тоқ етері сол, қазіргі таңда Қазақстанда пре­зидент сайлауын өткізу өзінің бұрынғы мағынасын жоғалтты. Өйт­кені, қоғамда да, саясатта да Нұр­сұлтан Назарбаевқа балама бо­латын бірде-бір адам жоқ. Бұл ақи­қатты саналы азаматтар да, шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар да толық мойындап отыр. 2012 жылы Қазақстанда референдум өте ме, әлде, сайлау өте ме бәрібір Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін сақтап қала­ды, дейді қазақстандық саясаттану­шы Эдуард Полетаев. «Бүгінгі Пре­зи­дентті халықтың басым көп­шілігі қолдайтындықтан, ол кез-келген жағдайда – сайлау болсын, референдум болсын толық жеңіске жетеді. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев өзінің көшбасшы екенін кеңес заманында-ақ дәлелдеген адам. Ол қатал партия мектебінің сынынан сүрінбей өтті. Нұрсұлтан Назар­баевты бұрынғы КСРО-ның мемлекеттерінде билікке келе сала одан айрылған саясаткерлермен салыс­ты­руға келмейді», деген пікірде Э.Полетаев. Сондай-ақ, Қазақстан­да­ғы президенттік сайлауды референдуммен ауыстыру бастамасы батыс елдерінде ешқандай да таңданыс туғызған жоқ, дейді ол. Сөзімізді қорыта келгенде ай­та­рымыз, референдумның нәти­же­ле­рі Мемлекет басшысының бүгінгі саясатына халықтың сенім арта­ты­нын көрсетіп, еліміздің саяси ке­ңіс­тігінде мүлдем жаңа жолды қа­лыптастырады. Өйткені, алдағы он­жылдықта ғаламдық қауіп-қатер­лермен білек сыбанып күресуі үшін қазақстандықтарға тәжіри­белі көшбасшы, абыройлы саясаткер қажет. Ал ұлттың өз Көш­басшысының төңірегіне топтасуы – Қазақстанға халықаралық дәре­жедегі беделін сақтап қалуға ғана емес, сондай-ақ өзінің ішкі саясатындағы жетістіктерін баянды етуге де жол ашады. Таңатар ТАБЫНҰЛЫ. Әлемді нұрға бөлеген Тәуелсіз еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі Қазақ­стан­ның әлемдік аренадағы абы­ройы мен беделін арттыра түсті. Егер тарихқа көз жіберсек, он то­ғыз жылда бір мемлекеттің эко­но­микалық-әлеуметтік, қоғамдық-сая­си бағыттарда табысты іс жүр­гізуі сирек құбылыс. Мәселен, әлемді жайлаған қаржы дағдарысы кезінде Қазақстан халқы таршылықтан тарығып, жоқшылықтан жүдеген жоқ. Керісінше, зейнетақы, жәр­дем­ақы және жалақыға Елбасының Жолдауында атап көрсеткен мөл­шерде тиісінше үстемелер қосыл­ды. Сөз бен істің арасында еш­қандай алшақтық болған жоқ. Бұрынғы Кеңес одағының құ­рамында болып, соның билігімен ғана өмір сүріп келген еліміз аз уақыттың ішінде еңсесін тік көте­ріп, көрші ел сыйлап, әріптестері са­насатын қабырғалы елге айналды. Бұл Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың сара басшы­лы­ғы арқасында саясат сахнасында жеткен жетістіктеріміз екені дау­сыз. Саммит жиынын телеарнадан басынан аяқ көрдім. Әсіресе, қаты­сушы елдер осы бір ұйымның жал­пы әлемдік аренадағы рөлін көте­руге аса асыға қоймайтынын да танытты. Дегенмен, Саммиттің жан-жақты ойластырылып ұйым­дас­тырылуы, талқыланатын мәсе­ле­лердің толыққандылығы көп­те­ген жоғары дәрежелі лауазым ие­лерінің сөздерінен ортақ мүдде тұр­ғысына қарай ойысып, бір ар­наға тоғысты. Ұйым төрағасы ретінде Қазақстан ұсынған Астана Декларациясының қабылдануы Қа­зақ­станның, оның бейбітсүйгіш халқының абыройын әлем алдында асқақтатып тастады. Сөйтіп, әлем Қазақстанды тағы бір мәрте мой­ын­дады. Өзінің сан ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи тұлғасы бар ел екенін дәлелдеді. Ал, Саммитке қатысушы елдердің ішінде талай алпауыттардың бар екені өзінен-өзі белгілі. Мен сексеннің сеңгіріне келген адаммын. Бұрын облыс деңгейінде басшылық қызметте болып, Елбасымен кездескен сәттерім де көп болды. Елбасының байып­ты­лы­ғы, білімділігі мен кез келген мәселені талқылаудағы даралығы ерекшеленіп тұрады. Дана халқы­мызда «Әкеден ұл туса еді, әке жолын қуса игі еді» деген қанатты сөз бар. Бұл халқына қалқан бол­ған, елі сүйенетін арқа болған, Нұрсұлтандай нар ұлдарға, нар­тұл­ғаларға арналса керек. Халқының қамын жеген, болашақтың кемел келешегін ойлаған, парасаттылық пен батылдық, көрегендік пен ке­мең­герлікті ту етіп ұстаған Елба­сы­ның саясатын біз әрқашан қолдаймыз. Б.САҚАУОВА,  еңбек ардагері.  Алматы облысы. Кемел ойдың иесі Отанымыздың жүрегі, халқы­мыз­дың тірегі, гүл жайнаған Астанада 1-2 желтоқсанда өткен Қазақ­станның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төр­ағалық етуін қорытындылаған Саммит еліміздің мәртебесін көте­ріп тастады. Біздің әлем бас қосқан жиын­ның осылай жоғары дәрежеде өте­тін­дігіне күмәніміз болған жоқ. Әзір­лік жұмыстарының аса зор ыж­дағат­тылықпен жүргізілгенін газет беттерінен, телеарналардан бе­рілген хабарлардан естіп, біліп отырдық. Әлемдік алқалы жиында көп­те­ген елдер басшыларының сөздері Қазақстанның Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйы­мы­на төрағалығы кезінде жеткен жетістіктерін саралай айтып, оған саяси баға да беріп жатты. Бұл ұйы­мның алдағы уақытта қандай жолды және қандай саясат ұстануы қажеттігін белгілеп берген кезең болды десек, артық айтқандық болмас еді. Елбасының таяу жылдары ын­тымақ пен бейбітшілікті сақтау ба­ғытындағы жұмыстары ең бірінші Қазақстанды бейбітшілікті сүйе­тін, ынтымақты қолдайтын мем­лекет екендігін әлем алдында паш етті. Таулы Қарабақ пен Грузия, Армения мен Әзірбайжан, көршілес Қырғыз еліндегі жанжалдар мен қырқысулардың алдын алу, бітімгершілік жолында жүріп, оларды бейбіт мәмілеге келтіру Елбасы­ның асқан парасаттылығы мен аса шебер саясаткер екенін дәлелдеп берді. Өзгенің тілін табу оңай емес. Алайда, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев өзге ұлт­тар­дың өзекті мәселесін бейбіт жолмен шешуге атсалысты, бел орта­сында жүрді. Болмасты болдырды, иілместі идірді, бұра тартқанды күрежолға салды. Саммитте өздерін алпауыт елдерге санайтын кейбір мемлекет басшылары жеме-жемге келгенде ке­рітартпа ойларын да білдіріп қалуға тырысты. Бірақ, қаралған мә­селелердің адамзат баласына ор­тақтық маңызы оған жол берген жоқ. Саммит аясында Астана Дек­ла­рациясының қабылдануы өз тәуел­сіздігін алған жас ел болса да, Қа­зақстанды әлемдік маңызды мәсе­лелерді шешуде негізгі рөлдерді сәтті ойнай білетін, жауапкершілікті атқара алатын мемлекет ретінде танытты. Тіпті, дүние жүзі, атап айт­қанда, құрылықтарды бөле-жар­май-ақ, біртұтас бағыттарды тал­қы­лауда да өзінің ұстанымы бар еке­нін айқындап берді. Бұл бейбітшілікті сақтаудың тетігі екені сөзсіз. Саммиттің табысты өтуі біз сияқты көпті көрген көнекөз адамдар үшін де қуаныш, мақтаныш. Өйткені, ел болашағы сенімді, абы­ройлы қолда екеніне көзіміз жетті. Елбасының сарабдал саясатына кәміл сеніммен қарап, оны әр­дайым қолдауға әзірміз. Саммиттің өте сәтті қоры­тын­дылануы Қазақстан Елбасының арқасында егер жауапкершілік жүк­теле қалса, Еуроатлантикалық және Еуразия аумағында бітімгершілік миссияларды жүргізе ала­тын­дығын көрсетті. 2011 жылы Елбасын Ислам Конференциясы Ұйымын басқаруға шақыруы да тегін болмаса керек. Оған Елба­сының үлкен абыроймен жетекшілік жасайтынына еш күмән жоқ. Е.ДАЛБАҒАЕВ, Алматы облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы. Ректорлар қауымдастығы коалицияға  қосылды «Нұр Отан» ха­лық­тық-демо­кратиялық пар­тия­сы­ның бас­та­ма­сымен демократиялық күштердің жалпыұлттық «Қазақ­стан-2030» коа­лициясы құрылғаны белгілі. Өз алдына Ұлт Көш­бас­шы­сының өкі­леттігін ұзарту жөнінде референдум өткізуді қолдау мақ­сатын қой­ған нұротандықтардың үндеуінде барлық саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер үшін және еліміздегі «тұ­рақтылық, келісім, прогресс пен модернизация  қымбат» деп есептейтін әрбір азамат үшін коалиция есігінің айқара ашық екендігі айтылған. «Нұр Отан»» халықтық-де­мо­кратиялық партиясының бұл бас­та­ма­сын қызу қолдаған Алматы қа­ла­сы жоғары оқу орындары ректор­ларының кеңесі де осы коалицияға қосылуға ынта білдіріп, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педа­гогикалық университетінің мәжіліс залына жиналды. – Бүгінгі басқосу – «Нұр Отан» ха­лықтық-демократиялық партия­сы­ның «Қазақстан-2020» жалпы­ұлт­тық демократиялық күштер коа­ли­циясын құру туралы баста­ма­сына қолдау көрсетіп,  сол коалиция төңірегіне топтасу мақсатын көздейді, – деді Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық уни­верситетінің ректоры, профессор Серік Пірәлиев жиналысты ашып тұрып. – Мұнда  Алматы айма­ғын­дағы  жоғары оқу орындары рек­тор­ларының  кеңесі  мен еліміздегі 100-ден аса жоғары оқу орын­да­ры­ның қауымдастығына еніп отырған  білім ордаларының  профессор-оқы­тушылар құрамы  мен осы оқу орындарының студенттер қауы­мы­ның өкілдері бас қосып отыр. Мақсат – ортақ, тілек – біреу. Ол «Нұр Отан» ХДП бастамасымен құрылған «Қазақстан-2020» жал­пы­ұлттық демократиялық  күштер коалициясына  ену және  соның қа­тарында Елбасының өкілеттік мерзімін  2020 жылға дейін ұзарту  жөнінде референдумды қолдау. Алғаш болып сөз алған  «Тұ­ран» университетінің ректоры, Жо­ға­ры  оқу орындары  қауым­дас­ты­ғының төрағасы Рахман Алшанов жоғары  оқу орындарының рек­тор­лары  «Қазақстан-2020»  жалпы­ұлт­тық коалициясына  енуге  ын­та­лы  екенін, референдумды шын жү­ректен қуаттайтындықтарын  айта келіп, біз, ректорлар қауымы  ре­фе­рендумды  тек сөз жүзінде  ғана қол­дап  қоймай, оны ұйымшыл­дық­пен өткізуге белсене  атсалы­суымыз керек, – деді. Т.Жүргенов  атындағы  Ұлттық өнер академиясының ректоры А.Мұ­хамедиұлы, Қазақ мемлекеттік қыз­дар  педагогикалық универ­си­те­ті­нің ректоры Ш.Беркімбаева, Қ.Сәт­баев  атындағы  Қазақ ұлттық тех­ни­калық  университетінің ректоры Ж.Әділов,  Туризм және  спорт ака­демиясының ректоры Қ. Зәкәрия­нов  және басқалар Елбасының өкі­леттігін 2020 жылға дейін ұзарту  туралы  референдум өткізу  жөнін­дегі  бастаманы бірауыздан қолдай отырып, «Нұр Отан» ХДП бас­тамасымен   құрылған  демокра­тия­­лық  күштердің «Қазақ­стан-2020» жалпыұлттық коа­ли­ция­сына  топ­тасуды мақұлдады. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Болашақтықтар референдумды қолдайды! Алғашқы түлектері тарапынан құрылған «Болашақ» стипендиат­тары­ның қауымдастығы 10 жылдан бері өзінің бүкіл қызметінде жас­тар­ды елдің орнықты дамуы жолында бі­ріктіре отырып, Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың реформаларына қалт­қысыз қолдау білдіріп келеді. Президенттік бағдарламаның нә­ти­ж­есінде мыңдаған қазақстандық студенттер озық шетелдік университеттерде білім алып қана қоймайды, сонымен қатар жаңа әлеммен етене таныс бола түседі, өз еліне өзге мә­де­ниеттер мен құндылықтар тұр­ғы­сынан қарау мүмкіндігіне ие болады. Даму жолында қарышты секіріс жасаған мемлекеттердің тәжірибесі жеке тұлғаның тағдырлы рөл атқара алатынын дәлелдейді. Конрад Аденауэр, Ли Куан Ю, Франклин Рузвельт, Мұстафа Кемал Ататүрік, Шарль де Голль, Мохамад Махатхир сияқты заманынан озып туған көреген-кемеңгер, айрықша қажырлы және табанды көшбасшылар өз халықтарын тұрақты дамуға, өсіп-өркендеуге және бақуатты тұрмысқа жеткізді. Біз Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстанның Туын бұрын-соңды болмаған биікке көтеріп, мил­лиондаған қазақстандықтың жүрегіне келешекке деген нық сенім ұялатып, әлем тарихындағы көрнекті тұлғаға айналғанын мақтаныш етеміз. Тәуелсіздігіміздің небары 20 жы­лында біздің Президентіміз Қазақ­станды елеусіз елден әлемдік қауым­дастықтың зор құрметіне бөленген қуатты мемлекетке айналдырды. Бү­гінгідей барынша дамыған елдердің қатарына енуге нақты тарихи мүм­кіндік туып тұрған шақта біздің бар­ша­мыз орасан зор саяси тәжірибеге, халықтың жоғары сеніміне және үлкен халықаралық беделге ие Елбасының төңірегіне топтасуымыз керек. Сондықтан «Болашақ» қауым­дастығы өткен сенбідегі ашық жи­ы­нында «Қазақстан-2020» жалпыха­лықтық коалициясына қосылуға және жастарды Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу бастамасын қолдап, тұрақтылық пен өсіп-өркендеу үшін саналы таңдау жасауға шақыру туралы шешім қабылдады. Халқымызға қажет көшбасшы Қолымызды жүрегімізге қойып тұрып айтсақ, Елба­сы­мыз – Қазақстанның бағы үшін жіберілген Алланың елшісі. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз Президенттің әлем алдын­дағы асқақ тұлғасын айқындап берді. Астана төріндегі самиттің жоғары деңгейде өткенін бүгінде бүкіл әлем мойындауда. Әрине, бұның барлығы Н.Назар­баевтың саяси аренадағы беделінің жоғарылығын көр­се­теді. Кеңес өкіметі тұсында Қазақстан дейтін рес­публика барын көршілес елдерден басқалар білмейтін. Айналдырған жиырма жылдың бедерінде Қазақ­стан­ды Жер шарының барша мемлекеті мойындады. Сөз жоқ, бұның барлығы Нұрсұлтан Әбіш­ұлының сара саясатының арқасында жүзеге асуда. Енді, міне, еліміз Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етпек. Ислам ынтымақтастықты нығайту, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және ғылыми салалардағы талаптарды жақсарту, сонымен бірге елдер арасындағы тығыз қарым-қатынас пен өзара түсінікті арттыруға мүмкіндіктер туғызу бағытындағы бұл еңбектің де жемісті боларына сенімдіміз. Қазақстанның жарқын болашағы үшін қазіргі Пре­зи­дентіміздің қажеттілігін халық жақсы түсініп отыр. Сон­дық­тан елімен етене Елбасының өкілеттігін 2020 жыл­дың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі бастаманы  қол­даған үндеуді мен қызу қуаттап, он сегіз мың ға­лам­ның жаратушысы – Ұлы Аллаһтан Мемлекет бас­шы­сы­ның денсаулығын бес уақыт намазда жалбарынып тілеймін. Ирисдаулет қажы АХМЕДОВ, Космоэнергетика, рухани және сауықтыру әлемі академиясының академигі. Еліне емірене еңбек еткен Әр өңірдің, әр елдің өзіндік ерекшелігі болады. Осы тұрғыдан айтқанда, біздің Қызылқоға – облыстан ең шалғайдағы аудан. Елді мекендері де бір-бірінен қашық­та жатыр. Мұқыр, Сағыз секілді қос елді мекеннен басқасына пойыз қатынамайды. Атыраудан төтелей тартылған асфальт жол тағы жоқ. Мұнай кеніштері де көп емес. Бір сөзбен түйіндегенде, ауданның проблемасы бастан асып жатушы еді. Ең бастысы, ауданға былтырға дейін табиғи газ желісі тартылмай, әр шаңырақтың тү­тінін түзу ұшырмақты ойлайтын ақжау­лық­тылар қысы-жазы тезек жағу аза­бы­нан арылмаушы еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы жолдауларында халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсар­ту­ға баса мән беріп, инфрақұрылымдарды дамытуды тапсырып келеді. Осы мақ­саттардың іске асуы үшін бюджеттен қаржы қарастырып, оның орындалуын қатаң қадағалап отырады. Елбасымыздың осы тапсырмасына орай былтырдан бері қияндағы Қызыл­қо­ға ауданына табиғи газ желісі тартыла бас­тады. Алғашында аудан жұртшы­лы­ғы­ның абдырап қалғаны рас. Өйткені, бұл аудан құрылғаннан бергі 60 жылдан аса мерзімде қол жетпеген арман еді. Ауыл­ы­мыз­ға табиғи газ желісін тартып беріңдер деп айтудың өзі аспандағы айға қол соз­ғанмен бірдей болатын. Енді міне, “ал­дымен экономика...” деген бағдарлы мақ­сатты ұстанумен бірге, халықтың әлеу­меттік тұрмысын алғы кезекте ойлайтын Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баевтың жемісті саясатының арқасында 60 жыл армандаған табиғи газ рахатына ке­неле бастадық. Ауданның темір жол бойындағы төрт-бес елді мекенінен бас­қа­сына “көгілдір отын” желісі тартылып, әр үйдің пешінде маздаған алаумен бірге төріне жылылық енді. Әр адамның кө­ңілінде шуақ орнады. Мал тезегін жағып, шелектеп күл шығаратын келіндер қаба­ғындағы кірбің жазылды. Енді ауданның елді мекендеріне таза ауыз су желісі де жетіп жатыр. Миялы-Са­ғыз аралығын жалғайтын жолды жөн­деу бастау алды. Міне, біздің аудан аума­ғын­дағы тұрмысты жақсартудың мысал­дары осындай. Бұл әрине, тек бір ауданда ғана қолға алынған жұмыс емес. Елі­міз­дің әр түкпірінде осы тақылеттес игі шаралар қаншама! Оның бәрі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ықпалымен іске асырылып жатыр. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы бар өңірдің бір-бірінен қалыс қалмай, бірдей дамығанын, өркендегенін шын жүрегімен қалайды. Алыстағы ауылдар да өркениеттің жемісін көрсе екен дейді. Қазақтың жастары әлемдегі ең білімді, ең білікті маман болса екен дегенді тек армандаумен шектелмей, жыл сайын 3000-нан астамын “Болашақ” бағдарламасымен ең дамыған, ең озық университеттерде оқытып жатыр емес пе? Әрине, Елбасының елі үшін емірене еткен еңбегі ұшан-теңіз. Оны бір-екі мысал­мен тарқатып беру мүмкін емес. Елін сүй­ген Ер ғана халқының тұрмысын жарқын етуді, келешегін кемелдендіруді ойлайды. Ол Ер – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасын елі де сүйеді. Оған арқа сүйейді. Ендеше, елім деп еміренген, халқым деп бар қажыр-қайратын жұмсап жүрген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейінгі мерзімге ұзартудың еш әбестігі болмайды. Реформатор, батыл ой­ла­рын іске асыруда табандылықтан тай­қы­майтын кемеңгерлік қасиеті мол Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды әлемдегі көш­бас­шы мемлекеттер қатарына қосарына, сөйтіп, елінің ертеңі үшін ерен еңбек етеріне сенемін. Толқын БЕЙІСҚАЛИ, Қызылқоға аудандық мәслихатының хатшысы. Атырау облысы.