• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2016

Бір аулада – шағын Еуропа

290 рет
көрсетілді

Петропавл қаласының қара­пайым тұрғыны Әнуар Файзулин өмір бойы К.Сүтішев көшесінде тұрып келеді. Әкесінен мұра ретінде қалған жеке баспана жар астында орналасқандықтан, көктем, күз айларында бала-шаға қол­дарына күрек, кетпен ұстап үлкен әбігерге түсетін. Сай-саланы қуалай аққан қарғын суды қанша ауыздықтауға тырысқанымен, бой бермейді. Ауланы шайып кетеді. Топырақ үгінділері саз балшыққа айналып, жүріп-тұру мүмкін болмай қалады. Осы көрініс жылда қайталанатын. Бірде он саусағынан өнер там­ған шеберге бөгесінді неге тастан қаламасқа деген ой келіп, іске білек сыбана кіріскен. Үйді айналдыра тұрғызған тасқамал бекініс  әрлі-берлі өткен адамдарды әсемдігімен таң-тамаша қалдырған. Бөгде көзге осыншалық ұнай қояды деу оның да қаперіне кірмесе керек. Ендігі ой-қиялы ертегідегі сарайлар мен қамалдар салуға ауып, бар өнерін салып баққан. Бұл еңбегі де зая кеткен жоқ. Алыстан қараған адамға оның үй-жайы тау баурайындағы көне Еуропаны көзге елестеткендей әсерге бөлейді. Мұнара, көпір, темір қақпаларға дейін керемет ұқсастық бар. «Жансызға жан бітірді» деген осы! Кейбіреулер мұндай ғаламатты ғаламтордан, кітаптардан ғана көр­гендерін, бәзбіреулер Тайландтан ғана кез­дес­тіргенін айтып, желпіндіріп қойғанымен, біртоға мінезді зейнеткер сабырлы қалпынан айныған емес. Қазір екінің бірінің қолынан келе бермейтін мұндай шеберлік ісмерлікке ол ұлы Русланды да бау­лып жүр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Руслан әке тәлімін тез-ақ меңгеріп алған. Ол қасында иесіз тұрған үйді күрделі жөндеуден өт­кізіп, бала күнгі қиялын шын­дық­қа айналдырды. «Шағын Еуро­пасына» айналдыра қарағай, шырша, балқарағай егіп, жасыл желекпен көмкерді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» ПЕТРОПАВЛ