• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2016

Менің әкем Берлинге дейін барған

296 рет
көрсетілді

«Даланы қанмен суарған сұм соғыс өртінің шарпып тұрған шағы. Кескілескен ұрыс. Ажал оқтары төбеден бұршақтай төгіп тұр. Жан-жақта жан тәсілім еткен жауынгерлерде есеп жоқ. Кеше ғана немістер бой тасалаған окопта бүгін Мүрсәлі қасындағы қырғыз майдандасымен бірге өздеріне үңірейген ұңғысын бағыттап, жер-дүниені дүр сілкіндіріп жылжып келе жатқан жау танкісінің жақындауын күтіп жатыр. Оның қарсы алдынан ашық шығып, «ашуын басу» ақылға қонымсыз. Одан да айла-әдіске көшіп, қалайда асауға тұсау салудың амалын іздеген жөн. Түрінің өзі сұсты көрінетін танк дәл бұлардың бұғып жатқан жерін үстінен гүрілдеп басып өтті. Төбесінен таудай болып өткен танктің артқы жағынан дәлдеп тұрып лақтырған граната «тажал темірдің» үнін өшірді. Дәл осындай амалмен немістің тағы бір танкісін өртке орады». Әкем Мүрсәлі Тәтипановты соғыс­тағы осы ерлігі үшін «Даңқ» орденімен марапаттаған екен. Мұны ол ешкімге мақтанып айтқан емес. 1910 жылы Қа­­ра­ғанды облысы, Жаңаарқа ауданын­да дүниеге келген ол соғыс бас­тал­ғанға дейін шахтада жұмыс істеп, 1942 жылдың 10 қаңтарында өзінің сұра­нуымен майдан даласына аттанады. Жалғыз ағасы Зыкиді амалын тауып соғыстан қалдырып, өзі кеткен. Сондағы ойы «екеуміз де соғысқа аттанып, оралмай қалсақ, ұрпақ жалғастығы тоқтап қалады» деген қорқыныш болған. Құдайға шүкір, туған жердің дәм-тұзы бұйырып, соғыстан аман-есен оралды. Әкем майдандағы ерліктерін мақтанып айтуды құп көрмейтін. Дегенмен, соғыс салған жан жарасы сыздатса керек, кей-кейде естеліктер тізгінен босатып отыратыны бар еді. Оның «Ерлігі үшін» медалін қалай алғандығы жөнінде айтқандары ойыма оралып отыр. Әкемнің қызмет еткен полкіне немістерден «тіл» әкелу тапсырмасы беріледі. Бұл өте қиын да, қауіп-қатерге толы шаруа екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен, бұйрықтың аты бұйрық, тәуекел етуге тура келеді. Абырой болғанда, тапсырманы мүлтіксіз орындау әкемнің маңдайына жазылған екен. Асқан ептіліктің арқасында бір немістің дымын шығармай ұстап алып келеді. Әлгі немістің асынып алған сөмкесінен жаудың жоспарынан хабар беретін өте маңызды құжат табылыпты. Осының арқасында бірнеше күн жаудың аңдысын аңдып, жоспарларынан бейхабар болған біздің әскер үшін құпия ашылып, шабуылға шыққан. Мұның соңы жау­ды кейін шегіндірумен аяқталған. Осы кескілескен ұрыста әкем ая­ғынан қатты жарақат алады. Ашық далада еңбектеген күйі бірнеше сағат алға жылжып, окопқа жетіпті. Сол жерде жатып, аздап ес жиған соң біздің солдаттардың жаралыларға жәрдем беріп жүргенін байқайды. Бірақ тапсырма солай болған шығар, әйтеуір солдаттар жаралылардың арасынан тек офицерлерді ғана іріктеп арбаға салып, госпитальға жөнелтіп жатыр екен. Қатардағы жауынгерлердің жанына да жоламайды. Мына әділетсіздікке күйіп кеткен әкем ашуға булығып, қолындағы автоматымен аспанға атып, солдаттарды да емдеуге алып кетпесе атып өлтіретінін айтып қорқытыпты. Жат жерде, белгісіз жағдайда кімнің өлгісі келеді дейсіз, барлығының да зарыға күтіп отырған отбасылары бар. Осындай талапшылдығының арқасында өзі де, өзі секілді біраз жауынгерлер де  ажалдан аман қалыпты. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас екен. Аяқтан алған жарақаты жазылған соң қайта майдан даласына аттанады. 1943 жылдың 26 қазанында жау оғы әкемді екінші рет қарын тұсынан жарақаттапты. Бұл жолы Ленинградтағы госпитальда емделіп, екі айдан кейін қайта ұрысқа кіріседі. Соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан әкем 3-Беларусь майданында 240-гвардиялық атқыштар полкінің 2-атқыштар батальонында болып, Варшава, Сталинград, Будапешт секілді бірқатар қалаларды азат етуге қатысқан. Ең соңы Берлинге дейін барып, Рейхстагқа тігілген тудың куәсі болған. «Берлинді алғаны үшін» медалі осы кезде берілген. Мергендігімен де көзге түсіп, «Үздік пулеметші» гвардиялық белгісін алған. Соғыс жылдары өзінің 25-26 неміс жауынгерін өлтіргенін айтып отыратын. Жалпы алғанда, соғыстағы ерлігі үшін берілген орден-медальдары 15-20-ға жуықтайды. Сұм соғыс аяқталғаннан кейін елге аман-есен оралғасын құдай қосқан қосағын жолықтырып, онымен шаңырақ көтеріп, 8 перзент тәрбиелеп өсірді. Майданда болғанын ешкімге міндет етпестен, қарапайым ғана қоңыр тіршілік кешіп, көрші ауданнан халыққа нан тасумен айналысты. Әділдігінің арқасында оншақты жыл Жаңаарқа аудандық сотында халық қосшы биі қызметін атқарды. Жалпы, ата-анамның бір-біріне деген қарым-қатынасы, айтқан ақыл-кеңестері біздің, яғни перзенттерінің өмірін барынша жақсы жаққа бұра білді. Анам әкеме қарсы сөйлемек түгілі, қабағын көтеріп, тіке қарамайтын. Өмірінің соңғы он жылын көзі көрмей, су қараңғылықта өткізген әкеме анам бар жағдайды жасады. Адамда арман таусылған ба, әкемнің жан сарайында көп өкініштің тұншығып жатқанын кейінгі жылдардағы жүдеген жүзінен сезуші едім. Неге десеңіз, кезінде ол кісінің көптеген ерліктері мемлекет тарапынан елеусіз қалды. Екінші рет беріледі деген «Даңқ» ордені сол күйі бұйырмады. Әкемнің көзі кеткеннен кейін біздер оның құпиясы көп соғыстағы өмірінің қандай болғанын білгіміз келіп, жан-жаққа сұрау салдық. Сонда бізге Ресейдің Санкт-Петербург қаласы Лазаретный көшесіндегі №2 үйде әкемнің экспонаты сақтаулы тұрғандығы жөнінде ресми хабар келді. Оның қандай экспонат екенін білу алдағы уақыттың еншісіндегі дүние. Дегенмен, осы мәліметке қарағанда, әкем­нің майдандағы біз білмейтін тағы ерлік істері бар шығар деп ойлаймыз. Әкемнің анасы, біздің әжеміз 22 құрсақ көтерген екен. Содан қалғаны екеу ғана болды. Әкем Мүрсәлі мен шешем Мәрим, әкемнің туған ағасы Зыкей Тәтипанов пен жеңгесі Бұлкен төртеуі бүгінде өздерінің аманаттары бойынша Ағадыр ауданында бір зиратта қатар жатыр. Жандары жаннатта болғай! Светлана ТӘТИПАНОВА-ИМАНҚҰЛОВА, Түркістан қалалық сотының судьясы Оңтүстік Қазақстан облысы