• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2016

Ақынын іздеген «Егеменге» алғысым шексіз

337 рет
көрсетілді

Оқыған кісілерден естіп, кітап­ханалардан іздеп, газеттен газет қой­май, ақыры «Егемен Қа­зақстан» газетінің осы жылғы 11 наурыздағы «Шарқ ұрған қыран едім кең даланы...» атты Ғабит Іс­кендерұлының ақын Өмірзақ Қожамұратовпен «сырттай сұх­батын» мұқият оқып шық­­­тым. За­ман­­дасым, достығымыз жарасқан, жүрегінің жылуын аямаған алтындай азамат-ақынның жалынды жырларының оттай шарпыған өрнектеріне тағы бір мәрте тұ­щын­дым. Ө.Қожамұратовтың басқаға ұқ­са­­майтын болмысын біле­тіндердің барлығына қуанып, автор тілінің уыт­ты­лығына риза болып, атына ар­­­найы шексіз рахметімді айтқым келді! Иә, Ө.Қожамұратов дарынымен ақындығын танытып, қылшылдаған қырықтың үстінде жарық дүние­мен мәңгі қоштасып, бақилыққа аттанды. Туғанына 80 жыл толып, ақынның мерейтойы өтетін сәтті жылы осы жыл болатын... Ақынның 60 жылдығы әзер дегенде өзі өскен Тамдысында, 70 жыл­­дығы оны білетін азғана кісі­лер тобымен Алматыда өткенін біле­тінбіз. Басымыздан өткен то­қырау, Кеңес Одағы ыдырап, әр ел өз егемендігін ала сала, іргесін, ша­­­па­нының етегін жия бастаған дүбірлі кезең Өмірзақ өскен Тауелі­бай өңіріндегі қазақтардың да тары­дай шашылып, атажұртқа қоныс ау­даруына әкелді. Аса дарынды, бітімі бөлек, жері мен елін шексіз сүйіп, ол жөнін­де жалынды жырлар жазған Ө.Қо­жамұратовты Өзбекстанның Тау­елібай өңірінде білмейтін жан бол­маған-ды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өңешін өртеген өлеңін жаза бастап, жыл өткен сайын «Жұ­мыр жерге жүрек болып от беріп», алыстағы атажұртқа танылғаны оның өмірінің шын­дығы еді. Ақын жырларында, дүниетанымында, өмірге деген сүйіспеншілігінде басқаларда сирек кездесетін қасиет – тұтастық бар еді. Осы қасиет әдептен-ақ қазақ­­тың жыр алыптарының жылы лебізіне, аузына іліндіріп танытты да. Бірақ басқаның өзіне берген азарына шыдамай, аз ғана өмірін азап пен қасіреттің құрбанына айналдырып алды. Өмірзақтың мұндай жағдайға түсуіне сол кездегі талантты бағаламайтын қоғамның ұр да жық ұлықтарының қиянаты себеп еді. Қазақ поэзиясының алыптарымен кездескенде Ө.Қожамұратовтың өлеңіне берілген баға қаншама. Олар жазылып та, айтылып та жүр. Ақынның атын мәңгі есте қалдыру мақсатында туған жерінде мектепке есімі де берілген. Ал қазіргі кезде жас ұрпақ оның отты өлеңдерін жатқа оқиды. Оларды естісең, жү­регіңді жылытып, жаныңды рахатқа бөлейді, еріксіз ырғағына жаның тербелгендей күй кешесің. Заманында Өмірзақ Қожа­мұ­ратовтың шынайы дарынын танып, қолұшын берген танымал сыншы Зейнолла Серікқалиұлы ақынды көзі тірісінде Алматыға алдырып, «Ой кешу», «Күн астында құдірет» атты кітаптарын бастыртқаны оның азаматтығының белгісі емес пе! Ол, сірә, ұмтылар ма? Осындайда ақынның ұлылығын танытатын поэзия кешін ұйымдастырып, 80 жыл­дық мерейтойын атап өтуге атсалысатын азаматтар табылса ғой... Меніңше, өлең-жырдың құді­ретін терең түсінетін адамдардың Өмірзақ Қожамұратовты ұмытуы мүмкін емес. Оның жырларының өміршеңдігі жырға ынтық талап­­керлердің де шабытын шарық­тататыны даусыз.  Үсебай ЖҰМАБЕКОВ,  ардагер-зейнеткер  Қостанай облысы, Рудный қаласы