• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2011

Жөні бөлек, жосығы ерек

1189 рет
көрсетілді

(Жазушы Шәрбәну Бейсенованың «Сүзгеннің соңғы күндері»  повесін талдау) Сүзге – ХVІ ғасырда өмір сүрген Сібір ханы Көшімнің әйелі... Әйелі бол­ғанда да бір мәліметте екінші әйелі, екінші бір мәліметте сегізінші әйелі. Сібірге іргесін беріп отырған қазақ байы – Сүйіндіктің қызы – Сүзге. Ібір-Сібір жұртын билеген, бір мәліметте арғы атасы хорезмдік, Көшім ханның бас бәйбішесі болса мейлі еді, бәлен­байыншы әйелі Сүзгенің көркем шы­ғарма тақырыбына айналу сыры неде? Бүгінгі жұрт Көшімнің басқа әйел­де­рінің бірінің атын білер ме екен? Біл­мейді-ау. Ал Сүзгені біледі. Сүзге ХVІ ғасырдан бүгінге аңыз болып жеткен, шежірешілердің жазбаларында хаттал­ған есім. Тіпті, өзіміздің қазақ әдебие­тінің тарихын түріктік ортақ алтын бастауға қарай сүйрелеумен өткен профессор Бейсембай Кенжебайұлының өзі: «Орыстың ХІХ ғасырда жасаған тобольдық жазушысы, атақты «Конек-Горбунек» деген поэманың авторы, П.П.Ершов баяғы Сібір ханы Көшім­нің әйелі Сүзге туралы поэма жазған екен. Сүзге ақылды, сұлу болыпты, ақын соны дәріптепті» (Б.Кенже­бай­ұлы. Күнделіктер. 1-ші дәптер, 35-бет.) – деп сұқтана жазыпты күнделігіне. Бейсекеңнің айтып отырғаны – «Черноглазая Сузге»! Демек, біздің Сүзге қызымызға сұқтанушы бір Бейсекең емес екен, орыс ақыны да өз мадақ поэмасын арнапты. Арғы анасы (әже­сі) баянауылдық П.П.Ершов «Тұлпар тай, сұңқар тай» («Конек-Горбунек») поэмасы жайында сыр жарғанда «Қа­зақ даласынан бала кезімде қанатты аттар көріп едім. Бала қиял мені кейін осы шығарманы жазуға итермеледі» деген. Тарихқа еніп, әйгіленіп кеткен шығарма жайында артық айтып жат­пай-ақ қоялық. Ал ақынның «Сүзге­сі...» ХІХ ғасырдың межесінен аспай қалып қойған шығарма! Демек, Ю.Тынянов тілімен айтсақ П.П. Ер­шов­тың «Сүзгесі...» – әдеби факті ғана. Енді міне, Шәрбану Бейсенова «Сүзгенің соңғы күндері» аталатын хикаят жазып отыр. О, бәрекелді! ХVІ ғасырда қазақ даласынан хана­ралық қарым-қатынастың құралына ай­на­лып уыз жас Сүзге Сібірдің кексе тартқан көкшуланы Көшім ханға қа­тын үстіне ұзатылып кете барады. Аз уақыт тұрып, өзінің ақылымен қадірін асырған, бірақ перзент сүйіп үлгер­ме­ген Сүзге. Сібірді жаулаушы Ермак жасауылдарының шабуылынан Көшім хан шегіне қашып, оның екі орда­сы­ның біріне айналған «Сүзге турада» ханшайымдық етіп тұрып жатқан, ас­қан сұлулығымен аты шыққан Сүзге халқы үшін құрбан болар еді. Шы­ғарма фабуласы осы ғана. Аз күндік оқиға. Ғұмырлық қасірет. Шығармада Сүзгені соншалықты аяулы етіп тұрған – оның айна­ла­сын­дағы қарашасын қиын-қыстау сәтте тас­тай қашпай, солардың жолында құр­бан болуы. Ол – Сүзгедейін әйелдің қасиетінен туған қасірет. Шынын айт­қанда, кермеге келіп қалған жаудан сытылып шығып, ығысып кете баруға барша мүмкіндігі жетіп-ақ тұр. Алайда, ол өзінің жеке басын күйттемей, өзіне сенген, тіпті ханша деп тіршілік етіп жатқан Кіші Орданың қараша халқын қоршаған жаудан құтқарып, құтқару жолында айласын асырып, жанын тонатпай, тәнін қорлатпай, өзін солар үшін құрбан етуі – қасіретті өлі­мін қасиетті өр рухты өлімге айнал­дырып даңққа бөлеп тұр. Ол осы ақық өлімімен өзі өле-өлгенше төбесіне кө­те­ріп өткен Көшім ханнан да биіктей түседі көз алдымызда. «Түйедей тас, түймедей асыл тас...» дегендей шап-шағын дүние, шып-шымыр туынды ой­ға орап жаратылыпты. Қазақ сахарасынан Көшім ханға жа­сау-жабдығымен ұзатылып барған Сүз­ге­нің жалын атқан жастығы, асқан сұлу­лы­ғы мен бейкүнә аңғалдығы...бәрі-бәрі ай­наласына күдік ұялата бас­тайды. Кәдімгі күнді көре алмайтын байғызбейілдік, кө­ре­алмаушылық, күн­­дестік, қызғаныш. Күн­­дестерінің көз алдында жүрсе көз­түрт­кі боларын білген Сүзге содан да бір алабы өзінің төркін жұртына ұласып кете баратын Ертістің бір жарлауыт қаба­ғындағы биік шоқыға Хан иесінің көңілін тауып қалашық салдырды. Ол «Сүзге тура» (кей мәліметте «Сүзген») аталды. Өзін-өзі алдауға жарады. Жанын жегідей жеген Жалғыздықты алдауға жарады. Өсек-ғайбаттан аулақ болуға жарады. Хан иесінің көңілін өзіне аударуға жарады. Алайда, атақты Сібір жаулау­шысы Ер­мак­тың шабуылы Көшімді «Үлкен хан ор­дасынан» жел көтерген қаңбақтай ауа кө­шуге мәжбүр етті. «Сүзге тураға» қарай­лауға, Сүзге сұлу­ға қайырылуға мұршасы болмады. Ер­мактың тарихтан белгілі екі қолбас­шысы Иван Кольцов пен Иван Гроза болса, Жармақ тапсырмасымен Иван Гроза «Сүзге тураға» қол бастап келді. Жау ниеті белгілі. Көшім үшін «Сүзге тураны» шаппақ. Көшім үшін Сүзге­дейін сұлуды қолға түсіріп, патша ағзамға сый етіп тартпақ. Осы бір қысылтаяң сәтте басқа-басқа, хан иесі – Көшім жасай алмаған ерлікке Сүзге барды. Хан иесі қайырыла алмай кеткен халқын аман алып қалып, ақылды айласымен оларды құтқарып, өзін өл­ім­ге қиды... Сүзгенің бір қарағанда, ша­ғын ғана ерлігін тарихтағы талай ұл-қыздың патетикалық тұрғыдан нұс­қа­ланған ерлігімен салыстыруға да болар, бәлкім. Бірақ, бірақ жазушы Шәр­ба­ну бейнелеуінде Сүзге ерлігінің табиғаты олардан бөлек. Шығарма көп желілі емес, бір желілі. Эпилог іспеттес қосымшаны есепке алма­сақ, Кіші орданы басқыншы жау­дың қор­шаған үрейлі сәтінен басталып Сүзге өлі­мімен аяқталады. Олай болса, шы­ғар­ма­ны – Сүзгенің жан байлығына құ­рылған хикаят десе де болады. Ол: «Сүзге ханым тұла бойын зіл басқандай еңсесін жаныш­қан азапты күйден ұзақты күнге еш серпіле алмай қойғаны» деп психологиялық ау­ыр күйден басталады. Ол сөйлемді «Аба­жадай сарай іші, міне, тапа-тал түсте күңгірт тартып, зілмауыр ауа ұйып қал­ған­дай» деп онан сайын ауырлата түседі. Сүзге басындағы ахуалды енді бірде оның айналасы көңіл ауанымен былай береді: «Бұның қабағына кірбің ілінгелі нөкерлері де, қызметшілері де тайсақтап, бетіне тіке қарамай, жанарларын алып қаша береді». Шығарма осындай психологиялық ал­­аң­даулы ауыр ахуалды берумен бастап өрістейді. Әрі қарай Сүзгенің жан-әлемін жөр­гемдей түседі жазушы. Сүзгенің тағдыры шиыршық жіптей суыртпақталады кеп. Бірыңғай баяндауға ден қоймай, Сүзгенің көңіл-күйімен, ішкі жан бұлқынысымен сюжет өзара сабақтас өріледі. Бірде түс көруі, келесіде ішкі монолог, тағы бірде бір жанның екіге жарылып айтысуы (періштесі мен сайтаны) сипатында көрінеді. Оның жанын жегідей жеп бара жатқан Жалғыздық қысылтаяң сәтте оқ жы­лан­дай бас көтереді. Сүзгені жан қайғысы – Жалғыздық қинайды. Өзі де бай­қамаған. Ал шындығында Жалғыздық – Сүзгені бір сәт те тастап кетпепті, бейтарап қал­дырмапты бір сәт те. Жал­ғыз­дық­тың жа­нына тереңдей ұя салып алып, ажыра­мастай жандасып, тіпті мұң кеулеп тұрар жансерігіне айналғанын тек өзі білмеген. Сол, сол Жалғыздық әрдайым ішінен бұлқына бас көтереді. Жанындағы жара болып мазалайды Сүзгені. Сүзге Жалғыздықты жан-жарым деп таныған хан иесіне деген ақ-адал ықы­лас­пен тұншықтырып тастағысы келеді. Ол қиын-қыстау сәтте де хан иесін ауызға ал­дымен алып, соның тілеуін тілеп оты­ра­ды. «...Япырай, осы уақытқа дейін хан иемнен бір дерек (хабар деп алғаны жөн еді – Қ.Е.) болса керек еді. Үн-түнсіз ұзақ кеткені қалай? Әлде қосындарын ертіп, жер шетінде, қидаласқан майдан шебінде жүр ме екен? Солай шығар... Алтын басы аман болса игі еді!?» дейді ол. Кейіп­кердің осындай ішкі дауысынан біз хан иесі басын өз басынан артық қадірлеген, оны дүйім жұрт­тың басы тұтып, өзін оның жолына құрбан етуге дайын Сүзге ханымды көреміз. «Ханды қарайлатпаған үлкен ханым­дардың ісі ме екен деп топшылайды». Күндестік көңілдің күдігі бұл. Хан иесіне тигізбей кінәлау. «Хан иесінен жаман-жәутік болса да бір бала сүйгенде, бұл үшін болмаса да өз қанынан жаралған ұрпағын аждаһаның ау­зында қалдырмауға келері хақ еді ғой...». Жар арманы, перзентсіз ханым­ның ішкі күйігінен туған күдік. Мұнда да хан иесін кінәлау жоқ. Қайта кінәні өзіне аудару басым. «Хан алдында қадірі болмағаны ма? Бұл хан үшін, бөбектің қызықтап ойнай­тын, ойнап-ойнап жалыққан кезде лақ­ты­рып тастай салатын әдемі қуыршағы есебі екен-ау. Анда-санда келіп, құмарынан шығып кетер қуыршағы ғана. Иә, иә! Бұл өзі албырттықпен ханның бір сәттік мейірім-мерейін шынайы кәусар сезімге балап жүрген екен-ау. Ханның бір сарайы мен санаулы түндеріне ғана уақытша құқы бар жас иіс қана екен. Одан артық ешнәр­сеге ұмтылма, ештеңеге дәмең болма­сын... Көшкен жұртында жападан жалғыз қалуы соның дәлелі емес пе? Бұл ғой соны ұқпай жүрген, соншама көзсіз болар ма?..» Кінәні өзіне арта отырып хан иесіне өкпелеуі бар. Әйел жанының ішкі запыраны бар. Ол өмірі кінәлап көрмеген Хан иесіне деген көңіліндегі асқынған күдікті туғызды. Бұл – Хан иесіне деген шексіз сенімдегі ханымның сенімінің тас-талқан болып күйрейтін сәті, күдіктің пси­хологиялық тұрғыдан шарықтап шегіне (кульминациясына) жетуі. Осыдан бастап Сүзге өзін-өзі қайта тер­геп, ысынған көңіл суына бастайды, ша­мырқанған көңіл «сап, көңілім, сап...» деп барып сабасына түседі. Енді Сүзге ханым Хан иесін ақтауға көшеді. Хан иесін кінәлай тұра оны ақтап алу, ақтап алуға себеп болар ақыл табу – кейіпкерді биіктете түседі. Ол енді Хан иесі тілегіне енеді: «Хан иесінің алтын басы аман болса, ерте ме, кеш пе әйтеуір бір іздеп келері шүбәсіз. Оған көңілі кәміл сенгендей. Оған дейін тек мына іргеге келіп алып, масайрап жат­қан кәпірдің зобалаңынан құдіреті күшті Тәңірдің өзі сақтасын...» дейді Сүзге. Бір желілі хикаятта Сүзгені осылайша сезім сергелдеңіне салып, іштей шар­пыс­тыру – табиғи қалыпты адам-пендеден табиғи бояумен жасалған көркем образ дәрежесіне көтеріп алып бара жатады. Асылы, сюжет өрімінде кейіпкер пси­хо­логиясын орайын келтіріп ашу бар да, шығарманың бар болмысын психоло­гия­лық талдауға құратын шығарма бар. Шәр­бану мына қолымыздағы шығармасын бас­тан аяқ психологиялық талдауға құр­ған дер едік. «Терезеден сыртқа телміріп қарай-қа­рай көзі талып, сілесі қатқан шақта тө­се­гіне барып қисайған. Көзі ілініп бара жа­тыр екен, әлде бір шудан, үздіксіз дүр­сілден шошып оянғаны. «Қалың кәпір ат ойнатып, қалаға басып кіргеннен құдай­ым сақтағай! Бұл неғылған шу, не деген тарсыл?» Қатты шошынған ол ызы-қызы шудан тұнған құлағын екі алақанымен баса қойды. Алайда толастар емес. Сөйтсе, шулаған өз құлағы да, дүрсіл – кеудесінен шығып кетердей атқақтай соққан өз жүрегінің соғысы екен. «Қорыққанға қос көрінеді», – деген осы да. «Бисмилләһи» – деп үш қайталап, білетін дұғаларын оқып, суылдаған көңілін әрең тоқтатқаны». Сарайды жау қоршаған қиын сәттегі Сүзге психологиясы. Қатерді күту – қатерге берілу! Ел шетіне жау тигенде үлкен орданы алып ішкі аймаққа шегініп кеткен Хан иесінен пәрмен жоқ, пәрмен түгілі хабар жоқ шарасыз ханымның жаумен бетпе-бет келіп қиналып тұрған сә­тіндегі Жалғыздық психологиясын жазу­шы осылай береді. Сүзге психоло­гия­сын­дағы барынша шарықтап, психологиядан психикалық құбылысқа айналып бара жат­қан сәт те Сарай сыртындағы тегеурінді жау дүмпуі мен шарасыз күйдегі ханым тірелген тығырықты ситуация ара­сында табиғи көрінеді. Кейіпкер жанын жазушылық талдау­дың аса бір шарықтап шырқап шыққан сәті ретінде Мұхаметқұлдың Сүзгені таяп келіп қалған жау қоршауынан алып шығып кету үшін келген сапарындағы Кіші Ордадағы жүздесуін айтар едік. Ханым мен ханзаданың кездесуі бір сәт ханымның есіне алғаш Көшім шаңы­ра­ғына түскен кезіндегі ойын көрсету үс­тінде қызыға қарап, оны күндестері бай­қап қалып, қарадай кінәсіз кінәлі, күнәсіз күнәлі болып қала жаздаған бір қиырға ала жөнеледі. Расында, жас ханымның ханзадаға көңілі кетіп-ақ қалған екен. Оны Сүзге үлкен ханымдардан жасыр­ға­ны­мен өзінен жасыра алмады. Өзі мой­ындап та мойындамай сытылып кеткен сол бір сезімі құрғыр мына кездесу тұ­сын­да лыпып көңіл төріне қалқып шыға келгені. Заматында сытылып кеткенімен, біржолата құтылып кетпеген екен. «Мұхаметқұлдың атын естігенде жү­ре­гі оқыс шоршып, солқ ете түскендей. «Неге келді екен?» Ол орнынан ебелектей ұшып тұрды. Ханымға тән байсал­ды­лы­ғынан айырылып, жеңіл етек әлдекім­дер­дей шошаң ете қалғанына өзінен-өзі қуыстанып, қысылып қалды» деп суреттейді осы бір сәтті. Одан әрі Сүзгенің жан күйзелісін, сезім шарпысуын әзәзіл мен періште елесті өз­ара айтыстыру арқылы шебер жеткізіпті. Әрі диалог, әрі монолог дерлік шарпы­су­лар соншалық табиғи, соншалық нәзік пси­хологиялық тебіреніске ие. Өзара тай­таласқан шарпысуға басу айтар кейуана сөздері ше? «Сезімге ерік берген сол­қыл­дақтықтың аяғы сор болмасын десең, на­мы­сыңды ойла». «Айбынды хан иеңнің абы­ройына дақ салып қана қоймай, ар­тыңдағы өзіңнің қалың еліңді де жерге қа­ратқаның». «Сен таза періштең бар жан­сың, періштеңді қорлатпа...» секілді ойлар орайы табылып айтылып, қалауы табылып қолданылып жатады. Сүзгені әзәзілдің азғыруынан аман алып шығар осы үн, осы дауыс (марқұм күтуші кейуана кейпі) Кейуа­наны тың кейіпкер-елес етіп көрсе­те­ді. Ол Сүзге қасиетіне қасиет үстейді, оны көркем образ райында көр­кейте түседі. Шәрбану шығармасын оқып отырған­да әйел рухының мықтылығына қайран қаласың. Сүзгені қиын-қыстау ситуацияда шырылдатып ой ойпаңына түсіріп, одан рухын көтеріп алып шығып оны ең ақыры өзін бәленбайыншы тоқалдыққа алған Көшім ханнан да азаматтығы, халықтық ойы мықты әйел етіп тұлғалап отыр. Ол Көшім хан секілді ел-жұртын жауға тастай сала бой тасалап қашпады, қиын-қыстау сәтте өзінің сұңқар басын өлімге тігіп халқын құтқарды. Сүзге рухы, шынында, сұмдық мықты рух! Сібірдің Көшім ханына жетінші әйел болып алты әйелдің үстіне келіп отыр. Уыздай жас қыз бала, ай дидарлы ажар қандай, көрікті әйел, заты әйел демесең ақылдың кені дерлік Сүзгені... хан иемнен алты «бәйбіше» бірдей қызғанбағанда қайтсін?! «Екі әйел – екі ел!» Ал Сүзге тағдырында алты әйел енді жетінші жас қалыңдық және бар. Жайшылықта бақ­күн­дес алты әйел енді келіп бірігіп кетіп жас тоқалды таламақ. Бейне жас тоқал ол­ардың ері – Көшім даңқы мен байлығына қызығып келгендей-ақ. Әйтпесе ай дидарлы ажарымен Көшімді бөлектей иіп алып кетердей-ақ. Сүзге – «бел құда – белді құда» аталатын қазақы билік инс­титутының құрбаны. Сүзгеден Көшімнің алты әйелінің үстіне әйел болып барасың ба деп сұраған жан бар ма екен, сірә?! Жоқ қой. Алты әйелдің үстіне келген Сүзге сұлу и болып кетер жер осы еді. Тығырықтан нұрлы ақылы алып шықты. Әйел психологиясын жете білетін, әйел психологиясына бойлай еніп, нәзік пернелерді басып, нәзік жан иірімдеріне терең­дей бойлай жазатын жазушы Сүзгені осы тығырықтан кейіпкерін зерек те ерек ете тұлғалап тамаша алып шығады. Өзге кісі болса Сүзгенің сұлу келбеті мен тән азабын қызықтап, мәселені «төсектің» айналасында шешер ме еді, қайтер еді?! Шәрбану мәселені басқаша шешкен. Ол мүсіндеген Сүзге тән азабынан бұрын жан азабымен арпалысып жүрген мұң­дық. Жан азабы Сүзге үшін алдындағы алты бәйбішенің мұның артықшылығын күндеп өсектеп, жанын шоққа қаруы, ері – хан иемнің мың-сан елдік шаруадан бұған уақыт таппауы... міне осының бәрі Сүзге жанын Жалғыздық болып қариды, айналасы толы нөкер, күтуші келіншектер, күзетушілер... солай бола тұра Сүзге Жалғыз. Бәрі бар, тек жан шәрбаты жоқ. Жан қалауының жоқтығы ел шетіне жау тигенде Сүзгеге қайырылуға шамасы келмей, алты әйел, бала-шағасымен «Хан ордасынан» шегініп ала жөнелуі тұсында (осындай ұрымтал тұстарда) бір селт етіп шыға келіп, біразға дейін жанын алау-далау етіп алаң күй кештіреді, жанын табаға салып қуырғандай күйге ендіреді. Соның бәрін де жеңеді. Жеңетіндіктен де Сүзге рухына қайран қалып, оны көркем образ райында құлай қалап отырмыз. Ол жазу­шы қаламының құдіреті. Жазушы қала­мының құдіреті бізге Сүзгені сан қырынан көрсете біледі. Сол үшін де Сүзгені қуаттай қолдап отырмыз. Сүйіндіктің сүт кенжесі – сұлулықтың символы – Сүзге! Асқан парасаттылықтың эталоны – Сүзге! Хан күту, оны жар тұту – хан­шайымдықтың тап-таза үлгісі – Сүзге! Ханшайымның көшпелі хандық қо­ғам­дағы алар орнын өзін құрбан ете жү­ріп аса асқақ биікке көтерген – Сүзге! Өзін ғана ойламай, айналасындағы қараша мен алашасын ойлайтын, не ой­ласа да хан иесі – Көшім ханның асыл басының амандығымен сабақ­тас­тыра, сонымен ғана байланыстыра ой­лайтын Сүзгені бай сүйіп байыптан­ба­ған, бала тауып ана атанбаған қа­лып­та-ақ ел анасы биігіне көтерілген көркем образға балай­мыз. Қасіреттің уын жұтып, өзімен-өзі «майдандасқан» Сүзгенің жап-жас басы­на осыншама қасиет дарыта отырып, оны жіңішке жіп суыртпақтағандай етіп түрлі жағ­дай, түрлі ситуацияға орай ой кештіріп, көшпелі қоғамдағы ханым орнына орай сезімін бүркеп ұстайтын, өзін тежеп ұстайтын, өзінің жан сезімін же­ңіп, адал­дық, пәктік, тазалыққа жеңді­ріп ұстай­тын, сондықтан да іштей ар­палысты күй кешіп өтетін Сүзгедейін кейіпкер сомдау, оның жанына табиғи еніп, қойма ақтар­ғандай аяусыз ақта­рып, жанының қылын өте нәзік шертіп кісі сүйсінерлік жан қалтарысы мол көп бояулы көркем об­разға айналды­рып алып шығу, соны көр­кем образ сом­дау – сөз жоқ, шын суреткерлік. Бұл жерде Сүзге бойындағы барды тал­дау ғана емес, ол өмір сүрген ХVІ ғасырдағы көшпелі қоғамға тән, сол қоғамға сыйымды іс-әрекет, мінез-құ­лықты, ой-парасатты Сүзге бойына жи­нақтау арқылы оны оқып отырып риза болатын, жаны жадыраса бірге жады­райтын, жаны күйсе бірге күй­рей­тін шарықтау шегіне жеткізе бейнелей білу – сөз жоқ, шын шеберлік үл­гісі. Әдетте қайрат тұрған жерде нә­зіктік тұра бермесі мәлім. Ал Сүзге жанындағы нәзіктік оны қайратқа бастап алып барады. Ол қайрат – өз сезімін өзі тежеп ұстау, ол – жанын жегідей жеген Жалғыздықты хан иесіне деген сенімі мен сезіміне арқа сүйей тежеп отыру, ол – қайсар да батыр тұлғалы ханзада – Мұхаметқұлға деген ішкі бұл­қынысты сүйіспеншілікті байлап ұстау, байлап ұстау аз, қолдан зорлап тұншық­тыру, ол – қиын-қыстау сәтте (жау шап­қанда) – өзін құрбан­дыққа шалып, өзіне ақ-адал қызмет еткен қарашасы мен ала­шасын құтқа­руы... Осының бәрі Сүзгенің бойын­да­ғы нәзіктіктің қайратқа ұласуы. Әйел жанындағы нәзіктік өзін сан рет алдап-арбайтын, сезім жетегіне ертіп желең­детіп, сендіре де төндіре сөй­лейтін өз ішіндегі әзәзілге жол берсе, сайта­н аз­ғырған әйел болар еді де шы­ғар еді. Бір тән екіге жарылып, сай­таны мен періштесі өзара арбасып, ырғасқанда да нәзік те қайратты па­расатты өзіне жан серік етіп ала білді Сүзге! Өте нәзік, жаны жаралы, көңілі қаралы әйел бойын­дағы нәзіктіктен қайрат­ты­лық осылай туып еді. Абай айтатын «өзін-өзі жеңіп ұстамаған – құлдың» қапысыз шын­дық екеніне осы сәт тағы бір рет көз жеткізесің. Өзін-өзі жеңіп ұстау... Апыр-ай, басқа-басқа, тап Сүз­гедейін ер мейіріне мелдектеп қанба­ған, балауса бойжеткеннен келіншектік кейіпке, келіншектік кейіптен бай­ыр­қаланған ханымдық өреге сезім дариясын жа­нымен ғана емес, тәнімен де жүзіп өтіп жетпеген жанға тіпті қиын-ау. Қиын деп шамалайсың... Со­лайы солай! Адамға тән сүйіну мен күйіну – оған да тән. Ол сан рет өр­теніп барып басылмас па?! Солай! Сөй­те тұра, Сүзге өз бойындағы сезім атаулыны өзін хан иесінің жары – қа­зақ қоға­мындағы, Сібір жұртындағы бәй­бі­ше­нің рөліне енгізді де, өз бой­ындағы тәнін шарпыр ыстықты да, жанын қа­рыр суықты да сол рөлді ойнай жүріп, парасатқа жеңдіре білді. Сүзге тақырыбына Шәрбану тарих үшін барған емес. Сүзге тақырыбына Шәрбану – қазақ қоғамындағы шын әйелдің орнын анықтау үшін, көшпелі қоғам берекесінің әйел затына бай­ла­нысты екенін айту үшін, әйел жанын қаза түсіп, одан төсекті қаузайтын ем­ес, қоғамдық, әлеуметтік, адам әлеуе­тіне қатысты ойларды қозғайтын, қоз­ғауға себепкер болатын көп бояулы, табиғаты жұмбақ, рухани ерлік жаса­ған, рухани ерлігінің қайнар бастау­ында әйел бойындағы еріне берілгендік, әйелдік тазалық жатқандығын айту үшін, шырайын шығарып жазу үшін барған. Тарих – Шәрбану үшін кейіпкерін сынға салар тарихи мекен ғана. Тарихқа ден қойсақ өмірінің ақыр-ая­ғына дейін аузы түкті кәпірмен ай­қасып өткен Көшім хан атқарған тарихи міндет ала бөтен. Алайда, Сүз­ге­нің ерлігінің рухани пәрменінің күшті­лігі Көшім ханды қимай отырып опа­сыз­дың орындығына отырғызуға дейін жетіп қалады. Иненің жасуындай саң­лау қалдырмай Сүзге бейнесін сезім құйылыстары мен ақыл ағыстарын жа­рыстыра, жарастыра бір ырғақ, бір деммен соншалық табиғи жарату, сөз жоқ, жазушы шеберлігі. «Сүзгенің соң­ғы күндері» – қайнарын пәк тазалық­тан алатын, қандай жағдайда да адал­дықтан айнымас, айнытпас ақыл­ды­лық, нәзіктіктен туар қайрат жайын­дағы жыр, парасат жыры. Біз көбіне сырт ерліктің құрбаны­мыз. Сырт ерлікті туғызар жан қайна­ры қайда? Онда шаруамыз бола бермейді. Содан да сырт ерлікке құл бола, бас ұра отырып батырымызды да құл­а­тамыз, өзіміз де құлаймыз. Қаламгер бәсі тө­мен­дер сәт – осы! Қаламгер бә­сін тү­сірмеу шарты, әлгі сырт ерлікті туғы­затын ішкі өрлікті аша білу! Ішкі өрлік кейіпкер психологиясына ене алғанда ғана ашылмақ. Жиырма­сын­шы жыл­дар­дың аяғында Смағұл Сәдуақасовтың қойған алты сұрағына жауап бергенде Мұхтар Әуезовтің: «...орыс жазушы­ларында анық сүйетінім Лев Толстой, Федор Достоевский. Адам жанын соларша қойма ақтар­ғандай ақтармаған соң жазушылықтың мәні де жоқ. Прозаға психологизм араласпаса, оның бәрі сылдыр су, жабайы­ның тақ-тұқ жолы. Мына екеуіне қа­рағанда, өзің де ұяласың, жан құдайы­ның алып жұртын көргендей болып кішірейіп, тапталып ұяласың. Жазу­шы­лықтың асқары деп сүйемін» («Өз жайымнан мағлұмат» өмірбаяндық жазбасынан.) – деген жап-жас баланы даналыққа бастап тұрған керемет сөзін ұмытып кете береміз. Әңгімені тарихтан бастап, тарихқа жақындай аяқтағалы отырмыз. Көшім хандығы – қазақ тарихшылары тара­пы­нан жете зерттеле қоймаған тақы­рып. (Соңғы кездері ғана қолға алына бастады.) Енді, міне, сол олқылықтың орнын Шәрбану Бейсенованың «Сүз­ге­нің соңғы күндері» аталатын хикая­ты толтырып отыр. Әрине «Етімді шал сипаған құрт жесін...» деп өзін мерт ететін қыздар образы бар еді қазақ әдебиетінде. Ол өз басы үшін ғана күрес. Ондай кейіпкер бүгінгі таңда бізді қанағаттандырмаған болар еді. Тәуелсіздіктен кейін қазақ прозасының кәсіптік деңгейі қайта төмендеді. Міне, осындай шақта туған «Сүзгенің соңғы күндері» бізді ерекше сүйсіндірді. Тарихи белгілі бір кезеңде (ХVІ ғасырда) өмір сүріп, халық жадынан шығып ұмыт болған есімді қайта оралтуымен бір қуантса, екіншіден, қазақ проза­сын­да тамаша психологиялық ішкі иірімдерге толы туынды жаратып қазіргі қазақ прозасының кәсіптік деңгейін көтеруімен ерекше сүйіндіріп отырған жайы бар Шәрбану Бейсенованың! «Сүзге...» әдеби туынды райында әдемі пішім. Пішімге сай мағыналы мазмұн. Іші-сырты (пішімі мен мазмұ­ны) бірдей үйлескен бүтін бітім. ХVІ ғасырда қазақ сахарасынан құдалық қана емес, құдандалық мақсатпен Сі­бір­дің көкшуланы Көшім ханға жасау-жабдығымен ұзатылған, Сүйіндіктің мұң­лық қызы – Сүзге оптимистік мұң­ға оранып, көп бояулы көркем образға айналып, арамызға бес ғасыр салып оралды. Сол жап-жас, сұлу қалпы. От­ызға да жетпеген. Сол жас та болса ақылды қалпы. Қазақ әдебиетіндегі соңғы кездердің жемісі болып, пси­хо­логиялық жан тебіренісімен туған со­ны бір образ – қаракөзайым Сүзге! Көз­айым, ағайын, ендеше, көзайым! Құлбек ЕРГӨБЕК, филология ғылымдарының докторы, профессор.