Басқаны қайдам, маған осыдан елу жыл бұрын Төлепбергенмен Алматыға бір ауылдан білім жолын іздеумен бірге келсек те, күнделікті етене араласудың реті келмепті. Тек сырттай әрі жерлес, әрі құрдас-дос ретінде бірімізге біріміз тілеулес болып жанашырлықпен тіршілік кешіппіз. Сирек кездестік. Ол көбірек сапар үстінде жүрді. Әке-шешеден жастай қалғанмен, жаратылысы ширақ, болмысы өте зерек азамат осы уақыт көлемінде алдымен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда әуелі қобыз класында дәріс алып, соңынан дирижерлік мамандығын игерген соң, небәрі 29 жасында қазақ елі тарихының шежіресіне алтын әріппен қашалып жазылатын Батыс Берлинде өткен дирижерлердің халықаралық «Фонд Герберт фон Кароян» конкурсында дипломант атанды.
1979 жылы Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында опера-симфониялық дирижерлеу класы бойынша Лениндік сыйлықтың лауреаты, КСРО халық әртісі, профессор Геннадий Рождественскийдің өзінен білім алып, оқуды өте үздік бағамен бітірді. Содан кейін Вена музыкалық академиясында тағылымдамадан өтті. Осындай біріне-бірі моншақтай жалғасқан оқу мен тәжірибеден соң 1983 жылдан мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің бас дирижері, 1985 жылдан Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас дирижері және 1987 жылдан тағы да мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің бас дирижері, 2006 жылдан Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптары оркестрінің бас дирижері, 2007 жылдан бастап Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің бас дирижері болып қызмет атқарды.
Ол кәсіби шеберлігінің арқасында АҚШ, Ұлыбритания, Австрия, Германия, Ресей, Түркия, Куба, Корея сияқты көптеген мемлекеттерге үлкен концерттермен барып, өзінің басқаруындағы мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің репертуарына енген әлемдік классикалық музыкамен қатар қазақстандық композиторлардың да шығармаларын насихаттай білді.
Әрине, мұндай ұлы шығармалар қазынасын насихаттауға жай оқып мамандық алған кез келген дирижердің дәрежесі жете бермейді. Бұл адамның бойында кәсіби біліммен қабат үлкен мәдениет, гармония, сезімталдық, ұшқыр қиял, оркестрдегі барлық аспаптардың қыр-сырын зерттейтін аспаптану қасиеттері болуы керек. Мұндай дирижердің өткір де нәзік назары оркестрдегі әрбір нүктемен көрінбейтін сиқырлы байланыста жалғасып тұрады. Бұл оркестрдегі әрбір әртіс пен дирижердің ойы үзілмес сабақтастықта тұруы керек деген сөз.
Жалпы, дирижерлік қазаққа кеш келген өнер, кешегі кеңес заманы кезінде кәсіби музыка өнерінің дамып, қалыптасуымен пайда болған мамандық, соған орай тарихы да қысқа. Бұл мамандық Қазақтың Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің тұңғыш дирижері болған, ұлттық музыка мәдениетінің ірі қайраткері Ахмет Жұбановтан бастау алса, жанындағы серіктері Латиф Хамиди мен Леонид Шаргародский, одан кейінгі толқындар Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Фуат Мансуров, Тимур Мыңбаев, Алдаберген Мырзабеков болды. Төлепберген осынау өнер майталмандары сабақ берген Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі екенін мақтан тұтумен бірге осы саланы қазақ дирижерлері арасында әлемдік сахнада дамыта білген үлкен тұлғаға айналды. «Дирижер – дүниені тудырушы, музыканы туушы, онсыз оркестр ештеңені де көрсете алмайды» деуші еді үнемі Төлепберген.
Төлепбергенді гастрольдік және ізденіске толы шығармашылық сапарлар шыңдады. Бір ғана 1983 жылғы ұлы музыканттар Отаны саналатын Венадағы симфониялық оркестрде бір жылдық стажировкадан өтіп қайтуы өмірлік әсері мол дәріс, бойына қаншама шабыт қайнарын берді. Тарихи музейлерге бай, ұлы композиторлар Бетховеннің, Моцарттың, Штраустың, Шуберттің, Брукнердің туған топырағында болып олардың басына гүл шоғын қойып тәжім ету Төлепбергеннің деңгейін музыка әлеміндегі басқаша кеңістікке көтерді. Ал әлемдік мұндай сапарлар оның репертуарын байытумен бірге классик композиторлардың туындыларын еркін игеруіне даңғыл жол ашты. Ұлы Демокрит «Өнерсіз өмір жоқ» десе, біздің Төлепбергеннің: «Музыкасыз өмір жоқ», деп өзі сүйген өнерге жақын тартатыны да содан еді. «Дирижердің бақытты шағы жақсы оркестрі мен жақсы музыканттар болған кез. Мұндай жағдайда сөзге шығындалмай өз ойың мен көңіліңдегі ойыңды ойып тұрып бере аласың», деп ағынан жарылып отыратын. «Менің дирижерлік таяқшам – менің ұстазым, ол әлемнің барлық тілінде сөйлейді, деген де осы Төлепберген болатын.
Ол өзі дирижерлік қызметте жүрген кезде орыс және Еуропа композиторларының әр ғасырда жазған, дүние жүзіне кең тараған, әр алуан шығармаларын оркестр репертуарына кеңінен енгізді. Әсіресе, Гайдннің шығармаларын, Моцарт пен Бетховеннің симфонияларын, Берлиоздың «Фантастикалық» симфониясы мен Листтің, Шуман, Дворжактың симфонияларын, Бартоктың оркестр үшін жазған концерттерін, Сибелиус пен Чайковскийдің көптеген балет музыкаларын, Рахмановичтің «Симфониялық билерін», Прокофьев пен Шостаковичтің шығармаларын, Хачатурянның «Лермонтов драмасына жазған вальсін» енгізуі сол кез үшін үлкен ерлік болды. Сол бір шарықтау шақтарында да өзінен бұрын аса қадір тұтатын ұстаздары еліміздің халық әртісі Тұрғыт Османов, СССР Халық әртісі, Лениндік сыйлықтың лауреаты, дирижер Геннадий Рождественский, Вена музыка академиясының профессоры Карл Остер Райхеррдің еңбегін алдымен атайтын.
Оркестрдің репертуарында Шуберт, Дебюсси, Штраус, Скрябин, Мендельсон, Глазунов, Стравинский сияқты классиктердің туындылары да берік орын алды. Дирижер оркестр репертуарына Қазақстан композиторларының түрлі жанрда жазған күрделі шығармаларын да сахналай білді. Бұл орайда әсіресе Ғ.Жұбанованың скрипка мен оркестрге жазған концерттері мен Е.Рахмадиевтің «Құдаша думан» атты симфониялық күйі, «Аманкелді» және «Толғау» атты симфониялық екі поэмасын, тағы басқа композиторлардың шығармаларын ұлттық жарқын мазмұнмен әлемдік сахнаға шығаруы үлкен құбылыс болды.
Ол осындай үлкен өнердің ұлы мұхитына жүзгеннен бастап өзін аяу дегенді білмеді. Оның өнерге деген осы бір ыстық махаббатына қамқорлық танытқандар, соңы насырға шабар үлкен ауыртпалықтан алдын ала сақтандыру туралы ойлай қоймады. Қайта қапысыз сенім артқандай болып, қауырт жұмысқа жегіп, қара нардай қайқайтып жұмсай бергендерін міндет етті. Оның аяғы ол өмірінің соңғы күні қан қысымы 230 жиілікті көрсетіп тұрғанына қарамастан, денсаулығына мән бермей, үлкен оркестрмен дайындық жұмыстары жүріп жатқанда, қысқа үзіліс кезінде, жүрегінен инсульт ұстап, қызметі үстінде жанкештілікпен өмірден өтті. Төлепбергеннің бұл жасап жатқан дайындық жұмысы соңғы 22 жыл көлемінде көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болған ұжымын Корей еліне алып бару болатын. Өнер тұлғасы үшін мұндай сапар – үлкен белес, зор абырой еді. Құрамы жүз адамнан тұратын үлкен ұжымды жұдырықтай жұмылдырып бөтен елдің көрермендеріне үлкен шеберлікпен алып шығу екі адамның бірінің маңдайына жазыла бермес бақ болатын.
Мәдениет министрлігімен келісе отырып, оларды абыройлы осы сапарға дайындау сол кезде Төлепбергеннің қаншама қажыр-қайратын сарықты, маңдай терін төктірді. Бір ғана мысал, 1998 жылы осы оркестрде ойнайтын 100 орындаушының 85 пайызы жан-жаққа тарап, ұжымды тұтастай жас мамандар есебінен қайта жасақтау осы Төлепбергеннің еншісіне тиді. Ескі құрамнан өз шеберлігіне сенім артқан талантты бір топ Мәскеу мен алыс шетелдерге жұмыс ауыстырса, екінші бір тобы өз атажұрттары – туған елдеріне кетті, үшінші бір тобы зейнет демалысына шықты. Бір сөзбен айтқанда, осындай жағдайда тарап кеткен ұжымды қайта қалпына келтірудің өзі оңай шаруа емес еді, Төлепберген сол шаруаны іске асырды, ұжымды қайта тірілтті.
Төлепбергенмен өмірден озар алдында, екі-үш ай бұрын өзінің қолынан тәлім-тәрбие алған ғалым інісінің ұлына жасаған сүндет тойында бірге болдық. Айтпасаң сөздің атасы өледі, жас кезінде үйінде жатқызып тәрбиелеген сол інісі, осындай аты мәшһүр тұлғалы ағасы тұрғанда, тіршіліктегі қызметіне тәуелді бір дөкейді, аяқ-қолын жерге тигізбей мақтап, баласына өкіл әке жасап, астына ат мінгізіп, иығына шапан жауып, көпшілікке таныстырып жатты. Сол тойдың төрінде төрткіл дүниеге танымал талантты адам қатысып отырғанын ойына да алған жоқ. Онысы той дастарқанынан шеткерілеу, дабыр-дұбыр дауыстан қашықтау жерден орын тиген екеуміздің еркін әңгімелесуімізге әдемі мүмкіндік болды. Арамыз жасқа толмайтын қатар өскен құрдас болған соң, екеуара өзімізге тән жарасымды әзіліміз бола беретін. Соны пайдаланып Төлепбергенге:
– Ай, есіл ерім-ай, қайран қазағың түгілі, өзің тәрбиелеп өсірген мына ғалым бауырың да әлі күнге сені танып болмапты-ау, –дедім. Сөз астарын түсінсе де пендешілікке бармай, нұрға толы тостағандай жанарын жалт еткізіп:
– Майда тірлікті сөз етіп не қыласың. Алдымен өз уәдеңді орындай алмай жүргеніңді есіңе алсайшы, келер жылы менің 60 жылдығым. Осы мерейтойымды елде атап өту үшін Қызылорда облысының перзенті болған соң, елге барып, туып-өскен жерде аунап-қунап творчестволық есебімді беруім керек. Сен де қарымды журналист болып қалыптасқалы қаламыңды талдырып мен жөнінде жазғаның шамалы. Теледидарда бас редактор болған кезіңде де «ұстатпай» кеткенсің. Тым болмаса осы сапарда менімен бірге жүрсеңші, – деген.
Төлепбергеннің бұлай айтуының жөні бар еді. Мен «Қазақстан» телеарнасында он сегіз жыл жүріп комментаторлықтан бас редакторлыққа дейін жақсылы-жаманды өз кезінде қызмет атқарған тележурналиспін. Ол кезде ел бойынша мемлекеттік жалғыз телеарна болатын. Жүйелі үлкен хабарларды жүргізетін журналистер де көп емес-ті. Сол аздың қатарында болдық. Сол кезде, бүгінде ел мақтанына айналған талай тұлғалар, мемлекет және өнер қайраткерлерімен қатарласып отырып сұхбаттар жүргіздік. Талант иелерін көрермендермен таныстырдық. Сол кезде Төлепберген туралы хабар жасау да менің жеке жоспарымда болған, бірақ реті келмеп еді. Оның да аз-кем өз себебі бар,Төлепбергеннің гастрольдік сапарлары көп болды. Елден сыртқары шетелдерде көбірек жүрді. Сонымен қатар, ол өскен ауылдан шыққан сол кездің өзінде өнер шеберлері көп болды. Ерахан Сыздықов деген ағасы зооветинститутта оқып жүріп-ақ Орталық Азия өнер шеберлерінің байқауында жеңімпаз атанып қайтса, Алматыға келіп, осында қалып қойған Досан Шпақов деген ағасы шертпе күйдің шерін шығарар тамаша орындаушы болды. Төлепбергеннің өз әкесі Әбдіраш кезінде ауылды аузына қаратқан күйші болғандықтан ба, өзінің екі бауыры Байтөре мен Жантөре де домбыраның құлағында ойнайтын.
1966 жылы екеуміз Алматыға оқуға бірге келгенімізде Төлепбергеннен бұрын Бәден Айсынов деген күйші бауырының орындау шеберлігі мені қатты баурап алды. Бәден сол кездің өзінде КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегеновамен бірге бір ұжымда өнер сапарларына шығып жүрді. Мен ә дегеннен өзімнің көзіме түскен Бәден күйші туралы сол кезде «Лениншіл жас» газетіне «Үкілі домбыра» деген тақырыппен көсілдіріп көлемді очерк жазғанмын. Төлепберген болса ол кезде одан жастау, әлі ел көзіне түсе қоймаған, бірақ домбыра десе жанып шыға келетін нағыз талант болатын. Екеуміз сол очеркті әдемілеп жуғанымыз да бар. Сонда екпіндей отырып «Ендігі кезек сенікі», – дегенім бар-ды аузымнан қағынып.
Кезінде бәріміз де ел ағалары ықпалында өскен ауыл балалары болдық қой. Өз әңгімесінен есімде қалғаны Исатай деген шаруашылық басшысы орта мектепті тәп-тәуір бітірген қойшының баласы осы Төлепбергенді арқанмен тартқыштағанда әзер оталатын ескі «Беларусь» тракторына отырғызып, Қаратаудың жонындағы бидайлық алқапты жыртуға жегіп қойған жерінен қашып шығып, оқуға әзер жеткен ғой. Сол ынта-ықыласынан да болар, негізгі уақытын ол Алматыға жеткеннен білімге аударды. Өз бойына қалыптастырған осы ықылас-дағды оған өз жемісін беріп, оны профессорлық дәрежеге дейін көтерді.
– Қырдың басында қалған тот басқан қалпы сол Беларусь тракторың сені қашан келер екен, деп жолыңды күтіп әлі тұр, барып мініп қайтатын болдың ғой, – дедім. Ол күлді, күлді де:
Мен елге барғанда алақан жайып бірдеңе алу үшін емес, бүгінге дейін тапқан барымды беру үшін, басыма бақ болып қонған өнерімді көрсету үшін, сол жерде туып-өскеніме рахметімді айту үшін барамын, – деді.
Беру дегеннен шығады, осыдан бір жыл бұрын Төлепберген елдегі орта мектепті бітіргеніне 40 жыл толу салтанатына қатынасып, өзі оқыған мектепті өте жақсы бағамен бітірген екі-үш оқушыға, жоғары оқу орындарын бітіргенше төлеп тұратын өзінің атында стипендия тағайындап, мектеп ұжымына есте жүрерлік ескерткішін тапсырып қайтқанына куә болғаным да бар-ды.
Осы кездесуде ашылып әңгіме айтқан Төлепберген мені алдағы аптада болатын кезекті репетициясына шақырып әңгімені одан әрі жалғастыруға ниетті екенін айтты. Кешігіп бардым, үлкен залдың шеткі қалтарысына отырып алып Глинканың «Қиял вальсін» тыңдауға тура келді. Нәзік вальс әуені бойды алып барады. Менің көзім Төлепбергенде, оның алақаны мен саусағының ұшында маған беймәлім қимылдар, сиқырлы дирижерлік таяғымен бірге жымдасып, соңына ерген оркестр аспаптарын өзіне ілестіріп музыка әлемінің құшағына еріксіз алып бара жатты. Жалпы, мен Төлепбергеннің сирек болса да жеңіл және үлкен концертін бұрын да тыңдаған жанмын. Классикалық үлкен концертке дайындығы мол адамдар болмаса шыдай да алмайды. Соны сезген Төлепберген: «Мұндай үлкен музыканы тыңдай білетін адамның өзі үлкен талант иесі», деп айтып қоятын.
Дайындықтан ақ көйлегі малмандай шылқып, терге оранып шықты. Шәкірттері еркелей келіп мойнын сүрткіштеп жатты. Сол бір аралық демалыс сәтінде ыстық кофемен екеуара біраз әңгіменің басын қайырғандай болдық. Репертуарындағы Брусиловскийдің өзі кезінде «Сарыарқа» деп атап кеткен 3-ші симфония-сюитасы туралы айтқанда сөзін бұзбай тыңдауға тура келді. Осы шығарманы тыңдаған француздың гуманист ұлы жазушысы Ромен Ролланның таңданып отырып айтқан пікірін тыңдағанда өзіңнің қазақ болғаныңа мақтанады екенсің. Ұлы жазушы: «Біз қазақ жырын немесе қазақ поэмасын тыңдап, оқыған шағымызда қазақтың халық музыкасының сүйкімділігі, оның өзіндік дарыны мен поэтикалық көңіл күйінің күші көз алдымызға келеді. Қазақтың халық музыкасы бұл даланы безендіретін керемет әсем ән әуездің гүл жарып, шешек атуы» – деген ғой. Төлепбергеннің бұлай шалқуында да мән бар, ол осы шығарманы және Брамстың 3-ші симфониясын Герберт фон Караян байқауында орындаған оркестрге дирижерлік еткен болатын. Әңгіме соңында сол ұлы дирижердің қабылдауында болған кездегі пікір алысуы туралы тереңдей айтқанда тыңдар құлақ болса қазақ даласына Ғайыптан басқа бір келе жатқан жаңа дүниенің хабарын сезінгендей болады екенсің. Осындай әңгімені естіп отырғанда Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сияқты дәулескер күйшілердің өнерін дүние жүзілік кең ауқымда қабылдай бермейді дейтіндердің тіліне тоқтау салар түйінді тапқандай боласың. Ізбасары туралы сұрағанымда «қиын сұрақ» – деп қиналып кідіргіштегенмен шәкірттері туралы сұрағанымда: Қ.Ахметов, Б.Байсағатов, И.Кифсль, Ю.Орт, В.Чернов сияқты музыканттардың аты-жөндерін жаңылмай айтып тұрған жадының мықтылығына қайран қалдым. Біз кездесу соңында Төлепбергеннің 60 жылдығын атап өтуді барынша пысықтап алған едік, онымен бірге мен де елге баратын болғанмын…
Өмірден озғанына тоғыз жыл болған Төлепбергенге осы уақытқа дейін іздеуші болмай келгендігі өкінішті-ақ. Естігенім, соңғы үш-төрт жылда ауылдағы өзі оқыған №239 орта мектепке атын беру туралы әңгіме болған кезде «ол бар-жоғы музыкант» қой, оның бұл мектепке не қатысы бар?», деп салқын көзқараспен, немқұрайдылық танытқан азаматтар да болыпты. Соңғы жылдары ауыл-ауылда орын алып, жазылмас дертке айналып бара жатқан мұндай көзқарасқа не айтарсың?!
Осындай дертке Жаратқанның жіберген жауабындай таяуда Қазақстанның Еңбек Ері А.Мұсақожаева бастаған, Ә.Дінішев, Ж.Әубәкірова, Г.Мырзабекова, К.Дүйсекеев, Ғ.Есімов, Н.Үсенбаева, Ю.Клушкин, О.Абдуллаев қостаған бір топ өнер қайраткерлері Кеңес орта мектебіне Төлепберген Әбдірашевтің атын беру жөнінде тиісті орынға ұсыныс хат түсірді. Бұл ұсынысты облыс әкімі мен Мәдениет министрлігі де қолдап отыр. Ендігі жерде жергілікті билік те, мектеп ұжымы да қарсы бола қоймас.
Атқа қонып, Төлепбергеннің есімін ұлықтауды қолға алған мына өнер қайраткерлері, бұдан соң, оның есімін көзі тірісінде ширек ғасыр Төлепбергеннің өзі жетекшілік еткен, мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрге, Алматы мен Астана шаһарларындағы көшелерге беруге, сол көшелерге заман талабына сай дирижерлік таяғын көтеріп, өнер кеңістігінің шырқау биігіне ұмтылып, терең тебіреністе тұрған әсем де сұлу ескерткішін қоюды, Кеңсайдағы зиратын көркем өңдеуді, өзі тұрған үйді музей ретінде сақтап қамқорлыққа алуды билік алдына қойып жатса, құба-құп болар еді ғой.
Алда, 2018 жылы, Төлепберген – сенің 70 жылдығың келе жатыр. Бұған үлкен дайындық шаралары жасалуы керек. Осы мерекені Төлепберген Әбдірашев атындағы дирижерлердің халықаралық байқауын өткізумен ұштастырып жатсақ нұр үстіне нұр болмақ.
Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,
жазушы
АЛМАТЫ