16 Мамыр, 2016

Таразда Дулати оқулары өтті

245 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
16.05.2016 TAR ТАРАЗ. 16 мамыр. М.Х.Дулати атындағы ТарМу-дың ұйымдастыруымен «М.Х.Дулати және түркі әлемі» тақырыбында «ІХ Дулати оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Бұл туралы ТарМУ-ның медиа қызметінің ақпары бойынша egemen.kz тілшісі хабарлады. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған конференция жұмысына биылғы жылы да алыс – жақын шет елдің ғалымдары белсене қатысып, Дулатидың өмірі мен соңына қалдырған мұрасы жөніндегі тың деректермен бөлісті. «Орта ғасырдағы қазақ тарихының көрнекті өкілі, Мұхаммед Хайдар Дулатидың мәңгілік жасайтын ғажайып бай мұраларына соңғы жылдары арналған, көптеген құнды зерттеу еңбектері, жекелеген мақалалар жазылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға ғұламаның есімін иеленуші Тараз мемлекеттік университеті де өзіндік деңгейде нәтижелі жұыстар атқаруда және алдағы уақытта да жаңа ғылыми ізденістерге ықпал жасай бермек»,  деді конференцияда сөз алған университет ректоры,  профессор Махметғали Сарыбеков. Пленарлық мәжілісте «М.Х.Дулатидың Үндістандағы зерттеушісі» тақырыбында баяндама жасаған Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі ұлы тарихшы мұрасын Үнді елінде зерттеп жүрген ғұламалар жайында сөз қозғады. «Бүгінде Үндістанда Дулатитану бағытында зерттеу жүргізіп жүрген 3 ғалымды жақын білемін. Соның бірі Мансура Хайдар хыным. Оның еңбектерінде М.Х.Дулатидің тұлғалық қыры толық сипатталған», дейді Әбсаттар Дербісәлі. Осымен тоғызыншы жыл қатарынан конференция жұмысына қатысып, әркез Дулати бағытындағы тың деректерімен бөлісіп, жүрген Әбсаттар Бағысбайұлына  университ ректоры Махметғали Сарыбеков ТарМУ-дың «Құрметті профессор» атағын беріп, үздік жетістіктері үшін «Дулати» төс белгісімен марапаттады. Пленарлық мәжіліс барысында Шыңғысхан әулетінің шежірелік деректері туралы зерттеулері мен бөліскен тарих ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жаныыындағы Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, ҚР ҰҒА Құрмет академигі Талас Омарбеков орта ғасырдағы Қазақстан тарихының әлі де жаңа деректермен толыға беретіндігін айтты. Өз кезегінде, белгілі дулатитанушы Мұхтар Қазыбек М.Х.Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегін аудару мәселесіне назар аударды. Баяндама соңында М.Х.Дулати «Тарихи-Рашиди» (хақ жолындағылар тарихы) кітабының тұсауы кесілді. Пленарлық мәжілістің соңында Дулати мұрасының тарихи, әдеби және саяси-әллеуметтік маңызы жөнінде тарихшы–әдебиетші ғалымдар өз зерттеулерін ортаға салды. Оралхан Дәуіт. Дерек, фото: egemen.kz