Елбасымен біргеміз!
Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайды
Халықтың қалауы, көптің тілеуі Еліміздегі тәуелсіздік тұсындағы жетістіктердің бәріне Елбасымен бірге, Елбасының арқасында қол жеткені барша жұртқа, бүкіл әлемге аян. Сондықтан Президенттің өкілеттігін ұзарту идеясы бүкіл Қазақстан халқының ойын, тілегін білдіретінін атап өту ләзім. Өткен жылы Ұлт Көшбасшысы туралы идеяны да қарапайым халық түсіністікпен қабылдап, бірауыздан қолдаған болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы көптен бері адами капитал жөнінде айтып келеді. Еліміздің, халқымыздың, бүкіл қазақстандықтардың бағына біткен ең басты адами капитал – Елбасымыздың өзі, оның саяси ұйымдастырушылық қабілеті, мол тәжірибесі, көрегендігі, қажымас жігері, іскерлігі, табандылығы мен тапқырлығы, шет елдердің кәнігі қайраткерлері мен саясаткерлерін мойындатқан халықаралық беделі. Мұндай капиталдың бүгін-ертең жинала қоймасы анық. Қолда барды толық пайдалана білгеніміз абзал. Іштегі, сырттағы қоғамдық пікірмен санасып отыру керек. Біздер қазір басқа елдермен даму үрдісі ұқсас қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ кейбір жағдайларда түйінді мәселелерді өзімізше шешіп, өзімізше әрекет жасауға тура келеді. Істің жайы осыны талап етеді. Неге біз өз шешімдерімізге «анау қалай қарайды», «мынау қалай қарайды» деп алаңдай беруіміз керек? Нұрсұлтан Әбішұлының ел басқару ісіндегі ерекше қасиеті – ол көптің пікірімен санасады, бірақ өзінше шешім қабылдайды, өзінше әрекет жасайды. Құдайға шүкір, осы кезге дейін оның бастамалары мен шешімдерінің бұрыс кеткен жері жоқ. Ұлы Маркс Дантенің мына сөзін үнемі бетке ұстайды екен: «Өз жолыңмен жүре бер, мейлі, жұрт не десе, о десін». Ережені, заң талабын, әрине, бетке ұстау керек. Бірақ кейде өмірде ережеге де сай келмейтін жағдайлар болады. Президент белгіленген уақытта – бес жылда ма, жеті жылда ма – сайланып отыруы керек. Заң қаріпі (буква закона) осыны талап етеді. Мысалы, 1999 жылдың басында кезекті Президент сайлауы өтті. Төрт адам биліктен үміткер болды. Бірақ Н.Назарбаевқа қарсы тұратын лайықты балама болған жоқ. Мұны жұрттың бәрі түсінді. Бірақ алты ай бойы сайлауға әзірлік жұмысы жүрді. Көптеген кездесулер болды. Көптеген адамдар өз жұмыстарын қоя тұрып, сайлау науқанына тартылды. Ақыры, сайлаушылардың 90 пайыздан астамы қазіргі Президентімізді жақтап дауыс берді. Формальды тұрғыдан алғанда заң ережесі сақталды. Ал іс жүзінде нәтижесі алдын-ала белгілі шара үшін қанша уақыт, қанша күш, қаражат жұмсалды? 2012 жылғы сайлауда да – егер ол болатын болса, – Н.Назарбаевқа лайықты балама жоқ. Сондықтан ел-жұртты алаңдатып, қоғамның даму қарқынына нұқсан келтіріп, сайлау өткізудің қажеті жоқ. Жұртшылықтың пікірі осыған саяды. Демократия деген халықтың қалауы. Халық айтса, қалт айтпайды, дейді қазақ. Халық қолдаса, халықтың еркіне жол беру керек. Президенттің өкілеттігін ұзарту жөнінде бүкілхалықтық референдум өткізуді оңды деп есептейтініміз – мұндай референдум Ата Заңымызға қайшы келмейді, керісінше, оны нақты тарихи жағдайға сай нақты қолдану болып табылады. Референдум да – нақты демократиялық қадам. Себебі ол – бүкіл халықтың, жалпы жұрттың еркін білдіретін шешім. Халық Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан, танытып қана қоймай, мойындатқан басшысын орынды мақтан тұтады. Халық еліміздегі тыныштықтың, тұрақтылықтың, қалыпты дамудың сақталуын Елбасының дана басшылығымен байланыстырады. Осындай ауызбірліктің, ынтымақтың арқасында біз, өткен жылы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыста Нұрсұлтан Әбішұлының өзі атап көрсеткендей, «ұлттық рухы берік, саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі зор қуатты мемлекет құрдық». Тұлғаның тарихтағы рөлі қандай болатынын біз Нұрсұлтан Әбішұлының өмірі мен қызметінен анық көре алдық. Бізде бұрын президенттік билік болған жоқ, біз оның не екенін білмейтін едік. Енді, міне, тәуелсіздік алғаннан кейінгі он тоғыз жылда президенттік биліктің жасампаз жақтарын аңғарғандай болдық. Соның арқасында біз жас мемлекетімізді аяғынан тік тұрғызып, оны осы жолмен ғасыр бойы дамып келе жатқан елдер қатарына қостық. Елбасының өкілеттігі жалғаса бергенін қалауымыздың мәнісі осы. Нұрсұлтан Әбішұлы бір елдің ғана, өз халқының ғана қорғаушысы, жоқтаушысы болып қойған жоқ. Аз уақыттың ішінде ол сөзі дуалы, ісі өнегелі бүкіл әлемдік тұлғаға – «Әлем адамына» айналды. «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деген даналық сөз бар. Бұған ұлы француз жазушысы Ромен Ролланның пікірін қосайын: «Нағыз ұлылар – жүрегі барша жұрт үшін соғатындар». Нұрсұлтан Әбішұлын тап осындай ұлылар қатарына қосуға болады. Көріпкел сарапшылар, саясаткерлер Елбасымызды Мұстафа Кемал Ататүрікпен, Махатма Гандимен, Джавахарлал Нерумен, Ли Куан Юмен, Дэн Сяо Пинмен салыстырып жүр. Түркі жұртшылығы Нұрсұлтан Назарбаевқа астанасында ескерткіш орнатып, көше атын беріп, «Түркі әлемінің көшбасшысы» деп атап жүр. Мұның бәрі тектен тек емес. Қырғызстан да, Ауғанстан да, Грузия да, қаласаңыз, алпауыт ел Ресей де Нұрсұлтан Назарбаевқа үміт артады. Біздер, Өскемендегі республикалық ынталы топтың жиынына қатысқандар, «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Сауытбек Абдрахманов келтірген еліміздің абзал ағасы Байкен Әшімовтің Елбасының еңбегі туралы айтқан мына сөзін тебірене тыңдадық: «Екі тізгін, бір шылбырды қолына еркін бергеннің арқасында, ел бастаған еріміз деп бүкіл халық болып сенгеннің арқасында, азаматымыз алға апарады деп соңынан ергеннің арқасында Нұрсұлтан Әбішұлы елдің көшін бір белестен бір белеске биіктетіп алып бара жатыр. Ана талапты сақтаймыз, мына жердің көңілінен шығамыз деп жүріп, саяси тартыстарды қолдан ұйымдастырып, көш қарқынын қолдан кідіртетін, халықты текке ырың-жырың ететін, жасампаздық істен алаңдататын қадамдардың ешқайсысының да қажеті жоқ. Елдің тізгіні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолында барынша ұзақ болуы үшін біз қолда бар мүмкіндіктердің бәрін жасауымыз керек. Тоқсаннан жасы асқан мына маған енді ештеңенің де керегі жоқ. Тек елдің тыныштығы, жердің бүтіндігі, елдің мерейі керек. Соның бәріне халқымызды жұмылдыратын, алыс асқарларға ұмтылдыратын Азамат бізде бар. Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен біздің алар асуларымыз әлі алда. Елбасымыздың бергені көп, берері одан да көп. Ендеше азаматтың тілеуін тілейік». Міне, аманатқа барабар абыз ағаның ұлағатты сөзі! Бұдан артық не айтуға болады? Біздің бағытымыз – дұрыс, жолымыз – сара. Ойдағыдай жүзеге асып жатқан, экономиканы да, өндірісті де, саяси-әлеуметтік салаларды да қамтитын стратегиялық бағдарламаларымыз бар. Оларды белгілеген Елбасы және оларды жүзеге асыру да Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы арқылы мүмкін болмақ. Қазыбай БОЗЫМОВ, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры. Орал. Даму тізгінін тежемейік Қоғамымызда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізу мәселесі қызу талқылануда. Осыған байланысты біз «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әмірхан РАХЫМЖАНОВҚА жолығып, пікірлескен едік. – Халықтың саясатқа белсене араласуы дамыған мемлекеттерде айқын көрінбейді. Тұрақты даму жолына түскен мемлекеттерде онымен тек қана саяси элита айналысып, елдің даму жолындағы саясатын белгілейді. Ал біздегі жағдай ерекше, тәуелсіздік алған тұсымыздағы экономикалық қиыншылықтар халықты үнсіз отырғызбай, кей жағдайда бұл саланың оң мен солын болжай алмаса да белсенді жұрттың бәрі саясаткер болып шыға келді... Қазір көбіміз сол кездердегі қиыншылықтарды ұмытып та кеттік. Тіпті олар болмаған да сияқты. Шындығында, Қазақстандағы экономикалық, саяси реформалар көпжылдық тоталитарлық жүйеден кейін полиэтностық мемлекетте жүргізілді. Оларды жүргізуде азаматтық қоғам институттарының рөлі артты, яғни мемлекет пен әлеуметтік қатынаста азаматтық қоғам, әсіресе, саяси реформалардың ең маңызды субъектісіне айналды. Атын атамай-ақ қояйық, бірақ тәуелсіз елінің алыс болашағын ойламай, барын базарлап, тыныш қана өмір сүре бергісі келген кейбір мемлекет басшылары артынан нарықтың бұлқынған өзгерістерінің қалыпқа сыймай, бұзып-жарып, елін тыныштықтан айырған жағдайларына тап болды. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы өзіне тыныш өмірді емес, елге қажетті тыныштықты, алыс көкжиектегі жарқын болашақты ойлады, сол үшін де ұлы тәуекелге барды. Өте күрделі кезеңде астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы батыл шешім қабылдады. Халқымызда «Тәуекел түбі желқайық – мінесің де өтесің, Уайым түбі тұңғиық – батасың да кетесің» деген тәмсіл бар ғой. Президенттің тәуекелі де халықты экономикалық тығырықтан алып шықты. Әрине, Президент Н.Назарбаевтың тәуекелі көзсіз тәуекел болды деуге болмайды, оның қадамдары алдын ала зерттелген, кейбірі сараптан өткен шешімдер болатын, бірақ соны іс жүзіне асыру үшін ұлы қайраткерлерге ғана тән қарым-қабілет керек болғаны анық. Қазақ халқының, барша қазақстандықтардың бақытына орай сондай қасиеттер Нұрсұлтан Әбішұлының бойынан табылды. – Президентіміздің саяси қадамдарындағы жетістіктерінен нені айрықша атар едіңіз? – Қазіргі заманда саясаттың маңызы өте зор екені бәрімізге белгілі. Бүгінде әрбір адамның тағдыры саясаткерлердің қабылдаған шешіміне тікелей байланысты, яғни қоғам саяси элитаның шешімі мен іс-әрекетіне тәуелді. Олай болса, тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақ елінің болашақ тағдыры Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдаған саясатына тікелей байланысты болды. Назарбаев саясатының өте дұрыс, сарабдалдығын қазіргі уақыттағы еліміздің тұрақты дамуы толық дәлелдеп отыр. Осы арада, Елбасының елдегі ұлтаралық тыныштықты сақтаудағы батыл да шебер шешімдерін айрықша атар едім. Ұлтаралық мәселе барынша нәзік, шетін дүние ғой. Оның қайшылық қоламтасы күні бүгінге дейін көптеген елдерде өзінің оты сөнбегенін білдіріп қояды. Ал біздің Елбасымыз соны шешудің айрықша жолын тапты. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы деп аталған әлемде баламасы жоқ ерекше институт құрды. Сол институт арқылы ұлттардың мәселелері айтылып және шешіліп отыр. Солар арқылы Қазақстанның ұлттар арасындағы татулыққа бағытталған саясаты барлық ұлттар өкілдеріне жеткізіліп, олардың ризашылығына бөленудеміз. – Ал енді Президентіміздің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартудың қаншалықты қажеттілігі бар деп ойлайсыз? Кезекті сайлау болып, 2012 жылы соған түссе де Н.Назарбаевтың жеңіске жетері белгілі емес пе? – Бүгінгі күні Елбасымыздың басшылығымен елдегі үдемелі инновациялық-индустриялық даму бағдарламасы іске асырылуда. Өткен жылдың жетістігі ретінде осы бағдарламаның бірінші жылының табысты аяқталуын айтуға болады. Желтоқсан айында елге тікелей эфир арқылы хабарланған 152 индустриялық жоба іске қосылып, соның нәтижесінде 800 млрд. теңгенің қаражаты игерілді, 24 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл тек қана бірінші жылдың нәтижесі. Ғажап емес пе? Ең бастысы, енді осы екпінді азайтпау керек. Ал ол үшін, яғни алдымыздағы тоғыз жылдағы жоспарды нәтижелі аяқтау үшін республика жұртшылығынан үлкен жауапкершілік және еңбекпен қатар, елді жұмылдыра алатын Елбасымыздың мемлекет басында қала бергені дұрыс. Конституциямызға сәйкес президенттік сайлау 2012 жылы өтуі тиіс. Қазіргі уақыттағы Елбасымызға деген елдің толық сенімін ескеретін болсақ, 2012 жылғы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың аса басымдықпен жеңіске жетері ешқандай күмән туғызбаса керек. Олай болса, еліміз осындай қарқынмен, шапқан аттай зулай дамып келе жатқанда тағы да сайлау науқанын жүргізіп, елді де, билік органдарын да әбігерге салып, айтарлықтай қаржы шығындаудың қандай қажеттілігі бар және оның елдің қазіргі дамуына кері әсерін тигізуі де ықтимал ғой. Сондықтан шығысқазақстандықтардың Тұңғыш Президентіміз, көреген саясаткер Н.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін бүкілхалықтық референдум арқылы ұзарту туралы бастамасын толық қолдаймын. Себебі, референдум да демократияның белгісі, яғни сайлау құқығы бар Қазақстан азаматтарының өз еркі бойынша саяси позициясын білдіруі, ел басқару ісіне араласуы. Яғни, біз ел дамуының қызуын суытпауымыз, шабысымызды ірікпеуіміз керек. Өткен жылдың 24 желтоқсанында еліміздің барлық аймақтарында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кең ауқымды есептік-сайлау шарасы басталды. Шара бірнеше кезеңді қамтиды. Ең алдымен, партиямыздың негізгі күші – бастауыш партия ұйымдарында ұйымдастырылуда. Олардың жалпы саны еліміз бойынша 6 мыңнан асса, Астана қаласында олардың саны 267, осылар тікелей халықпен жұмыс жасайтындықтан, «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымға баса назар аударып отыр. Есептік-сайлау жиындары барлық бастауыш партия ұйымдарында өтуде. Атап айтарым, күн тәртібіндегі мәселелермен қатар, елордалық нұротандықтар шығысқазақстандықтардың еліміздің Тұңғыш Президенті өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастамасын да назардан тыс қалдырған жоқ. Партия мүшелері референдум өткізу мәселесін бірауыздан толық қолдайтындықтарын білдіруде. Дәл осындай қолдау «Нұр Отанның» Астана қаласындағы барлық бастауыш партия ұйымдарында айтылатынына сенімім мол. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ. Елге тіреу болған ерге сүйеу болуға дайынбыз «Ақ орда» республикалық қозғалысы мен «Нұр Отан» ХДП Алматы қаласы Медеу аудандық филиалының ұйымдастыруымен жиын өтіп, еліміздің бірқатар зиялы азаматтары, қоғамдық ұйымдар, бизнес өкілдері Мемлекет басшысынан Парламент палаталарының шешіміне келісім беріп, Тұңғыш Президент өкілеттігін алдағы он жылға ұзарту туралы референдумға қолдау көрсетуді сұраған үндеу қабылдады. Алғашқы сөзді алған белгілі заңгер, мемлекет, қоғам қайраткері Сұлтан Сартаев әңгімені әріден бастап, елімізде тәуелсіздіктің салтанат құруындағы Елбасының сіңірген еңбегіне, тағдырлы шешімдер мен тарихи кезеңдерге тоқтала келе: «Елімізде жасалып жатқан жақсылық істердің бәрі Нұрекеңнің іс-әрекетінің, ерен еңбегінің қорытындысы, жемісі. Ендеше, біз Нұрекең қанша уақыт жұмыс істей алса, соншалықты мерзім, мүмкіндік беруіміз керек» деді. Одан кейін өз тілегін білдірген даңқты қолбасшының ұлы, жазушы Бақытжан Бауыржанұлы өз отбасының Елбасының талай жылылығын сезіп келе жатқанын, әсіресе, әкесіне Кремльдің қамалында жарты ғасырдай жатқан жұлдызын алып беруін зор мақтанышпен еске алды. «Бұл атақ әкеміз үшін де, біз үшін де емес, халық үшін керек еді. Сондағы маған жіберген құттықтау жеделхатында «Баукең жұлдызды болған күн, халықтың жұлдызы жанған күн» деген сөзі бүгінде қанатты сөз айналды. Нұрекеңнің жақсылығын ұмытсақ кім болғанымыз?» десе, ҚР халық әртісі Ескендір Хасанғалиев «Нұрекең өзінің алға қойған міндеттерін аяғына дейін жеткізуі тиіс, ол үшін әлі қаншама жұмыстар бар, соның бәрі бір қолдан шықса дейміз» деген ойын білдірді. Басқосуда, әсіресе, «Восход» ЖШС бас директоры Валико Маткаваның сөзі әсерлі шықты. Ол өзінің Абхазияда туғанмен, Алматыда әскери борышын өтеген соң, осында қалып, үйленіп, ұрпақ сүйгенін, бірақ туған елінде қалған ата-анасының өміріне алаңдайтынын, онда азамат соғысы жүріп, соның кесірінен бүгінде бірге туғандар бір-біріне жау болып, қауіпті өмір кешіп жатқанын сөз етті. «Дүниеде еркіндік пен бейбітшілікке еш нәрсе тең келмейді. Сондықтан Нұрекеңнің өкілеттігін ұзарту жайында, тіпті, ойланудың қажеті жоқ дер едім. Ол тек өз елінде емес, бүкіл Орталық Азияда бейбітшілік орнатып отыр», – деді. Тіл жанашыры Асылы Османова да Елбасының жаратылысы бөлектігін, баршаның баласын бауырына басып, адамзатты жатсынбайтын, аразды татуластыратын, алысты жақындастыратын кісілік, адамгершіліктің негізі қаланған, әлем мойындаған Назарбаев екенін ерекше сезіммен жеткізе келе: «Нұрекеңе қанша өмір берсе, сонша Қазақстанның Көшбасшысы болсын» деген өз ықыласын білдірді. Сондай-ақ, дөңгелек үстелде Қонаев атындағы халықаралық қордың төрайымы Жанна Асқарова, белгілі қаламгер Сұлтан Қалиев, Алматы қаласының бас имамы Қ.Маханбет, Елбасының сыныптастары Р.Серазитдинова, Р.Тілемісова, ардақты аналар, ұстаздар атынан ақ тілегін білдірген Батыр ана Мәрзия Тұрлыханова және басқалар Елбасының өкілеттігін ұзарту жөнінен референдум өткізуді қолдайтындарын білдірді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. Ел бірлігін сақтаған Иә, адам қартайған сайын әр нәрсе ойыңа келе ме деймін. Балалық дәуір қиындықпен өткені өзіме аян. Арыстағы ауылда жоқ-жұқа өмір сүрдік. Қазір бәрі ертегі сияқты. Ауылдан Қажықтан қалаға қоныс аудардық. Қала ортасындағы Астана атты даңғылмен жалғасқан «Сәулет» шағын ауданында қолдан салған бес бөлмелі үйде жеті жанбыз. Таяуда пәтерімізге газ келді. Үй газбен жылытылатын халге жеттік. Зейнетақымыз уақытылы. Немерелер өсуде. Бірінің аты – Нұрсұлу, екіншісі – Нұрдәурен! Алла Елбасымыз бастаған Нұрдәурен одан әрі жалғасқай деп тілеймін. Бастағы бақты бағалайық, бауырлар! Сенатор, бір кезде ректор, одан соң қала әкімі болған Бақберген Досманбетовтің: «Бұл – саясаттың жалауы емес, жүректердің қалауы» деп бір кездесуде төгілте сөйлегені есте қаларлықтай болды. Ақжүрек қалауы әдетте бір құдіреттен де биік болмақ! – деп ой түйді сенатор. – Қазақстан халқы алдағы он жылға да туынды тұлғамен бірге баруды қолдауы биік парасаттық, – десті жұртшылық. Әсте, ақындар сөзі әдетте асыл маржанға ұқсас қой. Ақын Махмұтбай Әміреұлы: Бұлжымайды мүддеміз, Бұзылмайды іргеміз. Ел бірлігін сақтаған, Елбасымен біргеміз! Міне, сөз! Осы өлең жер-жерде ұранға айналды. Мұны референдум салтанатының әсері деуге болады. Қазақ халқының бағы мен берекесі біздің Елбасымыз. Қазақстанда ұлттық және рухани лидер бар, ол – Нұрсұлтан Әбішұлы! Бір сұхбатында Шыңғыс Айтматов: Назарбаев – өте дарынды тұлға. Қазақстан халқы тіпті арманмаған, қиялдамаған мықты жұмыстар атқарды. Үлкен тәуекелге барып, Астана сынды дүниені таңырқатқан қала салды деп тебіренгені бар. Өркендеудің нағыз асуы алда тұр. Осы кезеңде ел басқарудың қабілет дарынын өмірлік тәжірибесі мол Елбасына сеніп тапсыру, референдум өткізу, Елбасының өкілеттігін 2020 жылға ұзарту халық ойының нағыз кемелденуінің көрінісі. Өскен елдің, өркендеген елдің қан соғысы бұл! Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, зейнеткер, еңбек ардагері. Қызылорда. Теміржолшылар коалицияны жақтайды Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту жөніндегі бүкілхалықтық бастаманы Ақмола теміржолшыларының ұжымы қызу қолдауда. Бөлімшенің барлық еңбек буындарында жұмысшылар жиыны өткізіліп, қол жинау рәсімі белсенділікпен аяқталды. Бурабай-Курорты стансасы локомотивтерді пайдалану депосында темір жол торабының өкілдері өскемендіктер бастамасының уақыт талабындағы маңызын ашып көрсетті. Темір жол торабының бастығы Бөкенбай Жадырасынов, депо директоры Қуаныш Нұржанов, инженер Аманжол Байжанұлы тәуелсіздігіміздің қадірін білетін отандастарымыз осынау ұлы өзгерістер көшін таңқаларлық жеңістерге бастаған Елбасымыздың ерен еңбегімен, өлшеусіз қажыр-қайратымен байланыстыратынын күнделікті жарқын мысалдармен айшықтады. – Біз еліміздің 90-шы жылдардағы жаппай дағдарыс кезеңіндегі жағдайды өз басымыздан өткердік, – деді сигнализация және байланыс дистанциясының директоры Николай Бондаренко. – Халық өз болашағын өзі сайлаған Президентке сеніп тапсырды және дана басшының жақсылық пен молшылық айдынына алып шығатынын білді. Ел оның терең ойластырылған бағдарламаларын жұмыла жүзеге асыруға кірісті. Сенім серпіліске бастап, қазір әлемнің айтулы мемлекеттерімен қатарлас күн кешудеміз. Біздің баршамыз да Елбасының ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламасынан, жыл сайынғы жолдауларынан жақсылық күтіп дағдыландық. Сол жақсылықтарды Тұңғыш Президентімізбен бірге жасап, игілікке бөленуіміз керек. Одан кейін Көкшетаудағы теміржолшылардың мәдениет сарайында Ақмола жұртшылығының кеңейтілген жиналысы болып, «Нұр Отан» ХДП-ның «Қазақстан-2020» жалпыхалықтық демократиялық күштер коалициясын құру жөніндегі бастамасы бірауыздан қолдау тапты. Форум жұмысына саяси партиялар мен ұлттық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақ және жастар бірлестіктерінің, ардагерлер ұйымының белсенділері қатысты. Осының өзі жергілікті теміржолшылардың қалың қауымды ертеңгі болашақты Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге көркейтіп дамытуға бастаған тоқтаусыз локомотивке айналғанын айғақтап тұрғандай әсерге бөледі. Ақмола темір жол бөлімшесі директорының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Бақыт Шамиғанов, облыстық кәсіподақ федерациясының төрағасы Кеңес Бекішев, Көкшетау стансасының жылдамдықты реттеушісі Данияр Тоғаев, облыстық коммунистік халықтық партия ұйымының хатшысы Найля Самигуллина, байланыс электрмеханигі Гүлмереке Байтубекова, «Руханият» партиясы облыстық филиалының төрағасы Валерий Тарасов, «Болашақ – біздің қолымызда» корпоративтік қорының атқарушы директоры Жанат Жақыпов «Нұр Отан» партиясының референдум өткізуде жалпыхалықтық күш біріктіруге шақырған бастамасының маңыздылығын атап көрсетіп, оны жұртшылықтың жаппай қолдайтынына сенім білдірді. Облыс жұртшылығына үндеу қабылданды. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.