17 Мамыр, 2016

Қазақстандық мазмұнға барынша басымдық

339 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
244A9970«Астана ЭКСПО-2017» Ха­лықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына 389 күн қалды. Зымырап бара жатқан уақыт! Осыдан төрт жыл бұрын алғаш Парижде бү­кіләлемдік жетістіктер көр­месін Астанада өткізу құрметін жеңіп алған кезде бес жыл көп уақыт сияқты көрінген еді. Міне, бүгін ЭКСПО көрмесі қала­шығындағы жұмыс қар­қыны барынша қыза түскен. Осыған байланысты кеше «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Қоғамдық кеңесінің екінші отырысы өтіп, күн тәртібіндегі келелі мәселелер тілге тиек етілді. «ЭКСПО-2017 нысандары құрылысындағы қазақстандық мазмұн» деген тақырыппен өткен Қоғамдық кеңес отырысын кеңес төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің ректоры Ер­лан Сыдықов ашып, алғашқы сөз­ді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ах­метжан Есімовке берді. «Осы­дан үш апта бұрын осы залда Мемлекет басшысы Аста­на қаласының әлеуметтік-эко­но­микалық дамуы және ЭКСПО-2017 Халықаралық маман­дандырылған көрмесіне дайындық мәселелеріне байланысты кеңес өткізгені белгілі. Елбасы салынып жатқан құрылыс нысандарын өз көзімен көріп, көрмеге дайындық жұмыстарының ең маңызды бағыттары бойынша жасалған баяндамаларды тыңдаған болатын», деп бастады өз сөзін Ахметжан Есімов. Оның айтуынша, көрме қалашығындағы құрылыс нысандарындағы жұмыс белгіленген кесте бойынша жүргізілуде. Құрылыс объектілерінде 10 мыңға тарта адам еңбек етуде. Сонымен бірге, ЭКСПО нысандарына тауарлар жеткізу және қызмет көрсету мәселелері бойынша бүкіл Қазақстан аумағында жұмыс істейтін кәсіпорындарда 30 мыңнан ас­там адам жұмысқа тар­тыл­ған. «Біз жобаның бюджетін оңтайландыру мақсатында үлкен жұмыс атқардық. Соның нәтижесінде үнемделген қаржы 131 миллиард теңгеден асты. Қаржы үнемдеу мүмкіндігіне қарамастан көрменің барлық нысандары сақталды», деді басқарма төрағасы. Ол өз сөзінде көрменің әлеуетті әріптестерінің белсенділігі барған сайын артып келе жатқандығын атап көрсетті. «Халықаралық көрмелер бюросы бекіткен біздің негізгі бағдарламамыз бойынша біз ЭКСПО-2017 көрмесіне 147 мил­лион еуро демеушілік қаржы тартуымыз керек болатын. Қазіргі күнге дейін қазақстандық және шетелдік компаниялармен 100 миллион еуро мөлшеріндегі демеушілік көмек туралы келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Сонымен бірге, біз 244 миллиард теңге инвестиция тарттық. Тек қана инвестициялық жобалар есебінен біз 5300 жаңа жұмыс орнын ашуға қол жеткіздік. Бұл жоғарыда мен айтқан жұмыс орындарынан тыс көрсеткіш», деді басқарма төрағасы. Сонымен бірге, А.Есі­мов­тің айтуы бойынша, көрмені халықаралық дәрежеде насихаттау жұмысы белсенді жүргізілуде. Ол үшін жетекші әлемдік БАҚ-тар мен ірі халықаралық шаралар өткізу алаңдары кеңінен тартылуда. Бүгінгі күнге дейін ақпарат және насихат шаралармен қамтылған адамдар саны 221 миллионды құрады. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион адамға жетсе, көрме ашылар қарсаңында әлем бойынша 900 миллион адам көрмеге қатысты шаралармен және ақпараттармен қамтылмақ. «Күннен-күнге ЭКСПО-2017 көрмесіне халық­ара­лық қоғамдар тарапынан қызығушылықтың артып отырғандығына куә болудамыз. Дәл бүгінгі күнге дейін көрмеге қатысатындығын 84 мемлекет және 14 халықаралық ұйым растады. Енді бір айға толар-толмас уақыттан кейін ЭКСПО-2017 көрмесіне халықаралық деңгейде билеттер сату шарасы басталмақ. «Біз Халықаралық көрмелер бюросымен келіссөздер жүргізе отырып, билеттер құнын төмендетуге қол жеткіздік. Ондағы мақсат – көрме жұмысын тамашалауға қазақстандықтарды барынша кеңінен тарту және шетелдік туристерді көптеп қатыстыру болып отыр. Басқаша айтсам, көрме билетінің құны кинотеатрлардағы фильмдерге бару құнынан аса қымбат емес. Қазірдің өзінде билет сататын операторлар анықталды, енді санаулы күндерден кейін бұл туралы толық мағлұмат алатын боласыздар», – деді Ахметжан Есімов. Басқарма төрағасының мәлімдеуінше, соңғы уақытта ЭКСПО-2017 көрмесіне дай­ындық барысында атқарылып жатқан жұмыстарға отандық компаниялар барынша кеңі­нен тартылуда. Құрылыс жұ­мыс­тарында қазақстандық маз­мұнға ерекше мән берілу­де. «2015 жылдың тамыз айына дейін ЭКСПО құрылысындағы қазақстандық мазмұнның көлемі нөлге жақын болғандығын еске салғым келеді. Әртүрлі себептерге байланысты бұл рынокқа қазақстандық компаниялардың «кіруі» тіпті мүмкін емес еді. Өткен жылдың тамыз айынан бастап біз көрмеге дайындық жұмыстарының барлық саласына отандық компанияларды қатыстыруға тікелей жол аштық. Біз осы мақсатпен бүкіл Қазақстанды аралап шықтық. Қазірге дейін барлық облыстардың, Астана және Алматы қала­ларының әкімдіктерімен ынты­мақтастық туралы меморан­дум жасалды. Өзіміздің бас мердігерлерімізді қазақ­стан­дық компаниялармен шарт жасасуға басымдық беруге көндірдік», – деп атап көрсетті Ахметжан Есімов. Баяндамашының айтуы бойынша, қазір ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық бары­сын­дағы барлық жұмыстарда қазақстандық компанияларға басымдық берілген. Елбасы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың алдына ЭКСПО нысандары құрылысын салу барысында қазақстандық мазмұнға барынша басымдық беруді жүктеген болатын. Бүгінде көрме қалашығы құрылыс нысандарын салуға 256 отандық тауар өндіруші тартылған және 35 миллиард теңге көлеміндегі келісімдерге шарт жасасқан. Жалпы, көрме құрылысы нысандарына және дайындық жұмыстарына 255,8 миллиард теңгенің қызметі көрсетілген, тауарлар мен материалдар жеткізілген. Кеңес отырысы барысында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың сатып алу жөніндегі департаментінің директоры Анна Боева, құрылыс фирмасының басшысы Мақсат Сәдуақасов және басқалар сөз сөйлеп, ЭКСПО-2017 көрме қалашығының құрылыс нысандары жұмысын жүргізу бойынша қазақстандық мазмұнды арттыру мақсатындағы пікір­лерін ортаға салды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»