Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жергілікті полицияға үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Осыған орай кеше Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Парламент Мәжілісінде «Жергілікті полиция қызметінің қалыптасу барысы және оның қоғамдық тәртіпті сақтауды және жол қауіпсіздігін, сондай-ақ, құқық бұзушылықтар профилактикасын қамтамасыз етудегі қызметінің алғашқы нәтижелері туралы деген тақырыпта өткен Үкімет сағатында арнайы баяндама жасады.
Тұрмыстық қылмысқа қарсы тұруға, жол-патрульдік құрылымдар жұмысына, сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақтауға жауап беретін жергілікті полицияны құру қажеттігін Мемлекет басшысы өткен жылдың 15 мамырында мәлімдеген-ді. Бұл құрылым жергілікті қауымдастықпен бірлесе ұсақ құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзбеушілік» режімін қалыптастыруы керек болатын. Елбасының бұл тапсырмасы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 30-қадамында көрініс тапқан. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко атап өткендей, осыған байланысты Парламент қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Бұл ретте В.Божко жергілікті полиция қызметінің қалыптасу процесін бағалау қажеттігіне, жергілікті жерлердегі полицияның азаматтардың құқығын қорғауды қамтамасыз етуіне, кері байланыс орнату және өзге де мәселелерге назар аудартты.
Және де бұған облыс, қала және аудан қоғамдық кеңестерін, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалдарының қоғамдық келісім кеңестерін тартуды ұсынды. Ал Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Қарағанды облысында үстіміздегі жылдың 25 сәуірінде жергілікті полиция жұмысына қатысты дөңгелек үстел өткізгенін айта кеткен жөн. Көшпелі отырыс аясында депутаттар Қарағанды және Теміртау қалаларында жергілікті полиция құрылымдарының қызметімен жақын танысуға мүмкіндік алған. Мұндай іс-шаралар жергілікті полиция жұмысын жетілдіруге өзіндік ықпалын тигізуі тиіс.
Бұдан кейін баяндама жасау үшін сөз Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа берілді. Министр жыл басынан бері ішкі істер органдары 740 мыңға тарта құқық бұзушылық туралы арыздар мен хабарламаларды қарағандығын алға тартты. «Шамамен 136 мыңы сотқа дейiнгi тергеуді қамтыған қылмыстық құқық бұзушылықтар. Екi жыл қатарынан елдiң бүкiл құқық қорғау жүйесi қылмыстық сот өндiрiсiнiң жаңа үлгісі бойынша жұмыс iстеп келедi. Жаңа Қылмыстық-процессуалдық кодекске сәйкес, бізде бүгінде тергеуге дейінгі тексерулер жоқ. Қазір арыздар мен шағымдар сотқа дейінгі тергеудің бірегей тізіміне қылмыс ретінде бірден тіркеледі», деді Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы.
Сонымен қатар, министр тіркеудің өзі сотқа дейінгі тергеудің басталғанын білдіретінін, заңнамадағы бұл жаңа норма көптеген қызметтер жұмысының ауқымын арттыратынын және тергеу қызметтерінде қауырт жұмыстар көбейгендігін қаперге сала кетті. Оның сөзіне қарағанда, осыған байланысты штаттық және материалдық-техникалық нығайту шаралары қолға алынған. Тағы бір атап кетерлігі, өткен жылдың қорытындысына сәйкес, қылмыстық істер бойынша жүктеме бір тергеушіге 136-дан келсе, негізгі норма бойынша ол 41 қылмыстық істен аспауы керек екен. Сондықтан да тергеу қызметінің жұмысында үлкен қиыншылықтар орын алуда көрінеді. Олай болса, штаттық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету шаралары қарастырылғаны жөн.
Министр еліміздің жалпы криминогендік ахуалында өзгенің мүлкін ұрлауға қатысты қылмыстар үлесі 60 пайыздан асатындығына ерекше назар аудартты. «Тіпті, кейбір өңірлерде ұрлыққа қатысты қылмыстың үлесі одан да жоғары. Содан кейінгі қылмыстың басым бөлігін жеңіл және орташа ауыр қылмыстар құрауда. Соның ішінде қалта телефондарының ұрлығы, көлік тонау, қалтадан жымқыру және тағы басқалары бар. Халық арасында осындай ұсақ қылмыстар кең етек алған. Шындығында, жұртшылықтың полицияның ұрлықпен күресіне көңілі толмауы да мүмкін», деп ағынан жарылды Қ.Қасымов.
Министр құқық қорғау органдары ұрлықпен күрестегі ахуалды жақсарта алмай келе жатқандығын мойындай келіп, ахуалды түзеуден үмітті екендігімен де бөлісе кетті. Сондықтан да ұрлықпен күресте жалпы жұртшылық пен әкімдіктер де өз өңірлерінде жергілікті полициямен бірлесе жұмысты жандандыруы маңызды. Алайда, Қ.Қасымовтың айтуынша, Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы қылмыстық ахуал жақсармауда. Қазіргі таңда министрліктің арнайы бөлімдері елімізде есепте тұрған 100 мыңнан астам кәмелетке толмағандарды өз бақылауына алып, нашар отбасыларында тәрбиеленіп жатқан 16 мыңнан астам балаға мақсатты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізілген.
Өкінішке қарай, жасөспірімдер ортасындағы қылмыстық ахуал да жақсармай келеді. «Былтырғы және ағымдағы жылы жасөспірімдер 3800 қылмыс жасаса, оның ішінде 23-і кісі өлімі, 49-ы қарақшылық, 527-сі тонау, 1930-ы ұрлық қылмыстары болып келеді. Айта кетерлігі, біраз жыл бойы қайталанып келе жатқан кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың жартысына жуығы оқушылар мен студенттерге қатысты болса, оның ішінде ішімдік немесе есірткі пайдалану салдарынан орын алған қылмыстар көп», деді Қ.Қасымов. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу туралы сөзінде министр полиция мектеп инспекторы институтын дамыту үстінде екендігін де тілге тиек етті. Әйтсе де әлі де 1850 мектеп инспекторы жетіспейді екен.
Ішкі істер ведомствосының басшысы, сонымен қатар, есірткіге қатысты бірқатар фактілерді де ортаға салды. Жалпы алғанда, былтыр қазақстандық полиция 3 мыңнан астам есірткі қылмысын ашқан. Соның 2100-і есірткіні сатумен байланысты болса, соның барысында 35,5 тонна есірткі заттары айналымнан алыныпты. Оның ішінде 140 келісі ауған героині көрінеді. Министр бұл ретте былтыр Шу алқабынан әзірленген марихуана мен гашиш есірткісін таратуға қарсы күреске күш жұмылдыруға тура келгендігін де жасырмады. Сол сияқты аулалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында бейнебақылау орнату шаралары да қолға алынғаны ортаға салынды.
Қосымша баяндама жасаған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров егер жергілікті полиция «ұстап ал да, қамап таста әдісімен» жұмыс істейтін болса, онда қылмыстың алдын алу мүмкін болмайды деген пікірін көлденең тартты. Оның үстіне, еліміз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының осы саладағы қағидаттарын басшылыққа алып отыр. Осы орайда жергілікті полиция мен атқарушы органның халықпен тығыз жұмыс істемеуі, кері байланыстың болмауы, полиция қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалмауы және өзге де көптеген себептер қылмыстың алдын алуда өзіндік кері әсерін беруде.
Отырысты В.Божко қорытты. Нәтижесінде Үкіметке депутаттардың көптеген ұсыныстары мен ескертпелері қамтылған ұсынымдар жобасы әзірленді. Енді бұл ұсынымдар Үкімет пен министрліктің, орталық және жергілікті мемлекеттік ұйымдардың, өзге де мемлекеттік органдардың жұмысында ескерілетін болады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»