17 Мамыр, 2016

Өнегеміз осы ма?

312 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Үнді сериалын көріңіз, үнді шайынДүңк ете қалдық. Бізді мына өмірге әкелген анамызды жылатып қойдық. Не үшін еді? Сериал үшін. Үндінің сағыздай созылған жылауық сериалдарына күн ұзаққа телміреді де отырады шешеміз. Ақыры шыдамай, артық сөйлеп тынғанбыз. Баласынан ауыр сөз есту қай адамға да оңай ма? Жылап қалды. Сосын: «Үнді сериалын көріңіз, үнді шайын ішіңіз, үндінің матасынан көйлек тігіп киіңіз», деп жалынып жүріп ашуын зорға тарқаттық. Қазір ол кісі сериал көріп отырғанда біз де үндемейтін болғанбыз. Мұндай жағдай бүгінде әрбір үйде болатын шығар-ау. Олай болмасқа да шара жоқ. Өйткені, қазақ телевизиясы Үндістанның осындағы бөлімшесі іспетті. Қай арнаны қоссаңыз да өмірі бітпейтін, тәлім-тәрбиесі жоқ, адамның миын су қып жіберетін көбік сериалға кезігесіз. Ұлттық арна деп айдар таққан «Қазақстанның» өзі қанша жылдан бері «Келінді» айналдырып келеді. Рас, біраз бұрын аталмыш сериалды беруді тоқтатқан. Кейіннен «қалың көрерменнің сұрауы бойынша» қайта жалғастырды. Сол кезде әлеуметтік желіде сауалнама ұйымдастырдық. «Қазақстан» арнасынан «Келінді» қайта беріңіздер деп сұраған адам бар ма?» деп. Мыңға жуық кісі соған атсалысты. Құдая тоба, «Келінді» қиылып сұрағандар кемде кем. Ауыр айтты демеңіз, қазір үнді сериалдары ұлттық идеологияның орнын басып барады. Қалай дейсіз бе? Мынадай жағдай болыпты. Бір оқушы екі қолына ондаған білезік салып, салдырлатып келіпті мектепке. Ұстазы ұрсып, дұрыс еместігін айтып, білезігін шештірген ғой. Сөйтсе, әлгі қыз екі құлағын ұстайды дейді. Құлақты ұстағанда тұрған не бар? Жаңағы сериалдарда кішкентай балалар кешірім сұрағанда құлағын ұстайды. Міне, мұның сыры. Өткенде тұрмысқа шығайын деп жатқан бір әнші қыз бүкіл құрбысына үнді қыздарының сариін кигізіп, думан жасады. Жерден жеті қоян тапқандай оны бүкіл сайттар жариялады. Осыдан не жаңалық көріп тұрсыз? Сари кимей-ақ сайран салуға болмай ма? Қазақтың бүрмелі көйлегін кимесең де, бір түсті көйлекпен де той жасауға болады ғой. Осыдан-ақ, үнді сериалдарының жеткіншектерге ғана емес, ересектерге де әсер етіп жатқанын көруге болады. Әрбір сериалда кришнаит діні насихатталады. Тас құдайға табынып, содан медет тілеп, әрбір ісінің қайырын сұрап, кезіккен қиындықтан аман алып шығуын дұға етеді. Өткенде бір танысымыздың баласы бұрышта екі алақанын бір-біріне қосып, қолын кеуде тұсына әкеліп, тізерлеп, күбірлеп отыр дейді. Ата-анасы не істеп отырсың демей ме? Сөйтсе, бала кришна құдайға жалбарынып отырғанын айтыпты. Масқара ма?! Санасы әлі қалыптаспаған, оң-солын танып білмеген балаға не деп кінә артасың? Төріңде тұрған теледидарға, онда беріліп жатқан сериалдарға кейігеннен басқа не амалың бар? Бұлай кете берер болса, онда мұның соңы зор қауіп әкелуі мүмкін. Ата-бабадан келе жатқан хақ жолынан адасып қалу да қиын емес. Былайғы жұрт біле бермейді, телеарналар осы сериалдардың әрбір сериясын әжептәуір ақшаға сатып алады. Неге бәрі үндінің туындыларына құмар десек, олар арзан екен. Солайша, арна басшылары арзан дүниеге ұмтыламыз деп, ұлттың тамырына балта шауып отырғанын байқамайтын болса керек. Шоу мен даңғаза, пайдасынан зияны басым көбік картиналарға эфирді толтырып, халықтың миын улап, санасын көмескілендіріп отырғандар бір сәт жұртқа пайдалы бір туынды жасауды ойлай ма екен? Әй, қайдам-ау. Ойласа, әншіні – пір, үндіні – дүр етіп қояр ма?! Пәлен жылдан бері «Келінді» көрсетеміз деп Үндістанның алдында міндеттеме қабылдап па едік? Мұны олардың өздері де бұлай қоя бермейтін шығар. Күні кеше Елбасының тікелей тапсырмасымен Ақпарат және байланыс министрлігі құрылды. Жаңа министрлік телеарналардағы бейберекет сериалдарға тоқтау салса екен деген тілек бар. Коммерциялық, жекеменшік арналарды қоя тұрып, ең алдымен бюджеттен тікелей қаржы алып, мемлекеттік саясатты жүргізіп отырған телеарналардан бастаса екен бұл істі. Әйтпесе, бірер жылда пұтқа табынатын ұрпақтың өсіп шығуы да ғажап емес. Одан кейін: «Ұрпаққа кім үлгі боп жүр?!» деп сұрақ қоюдың өзі кеш боп қалады. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» ҚЫЗЫЛОРДА