17 Мамыр, 2016

Ұлт жүрегінен орын алған

703 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
BAL_5956ақын Ұлықбек Есдәулетпен Астанада кездесу кеші өтті Кешті «Киіз кітаптың киесі» деп атаған екен. Неге десеңіз, Ұлықбек ақынның еліміздің ең мәртебелі Мемлекеттік әдеби сый­лығын «Киіз кітап» атты жыр жинағы үшін алғанын жамағат жақ­сы біледі. Кітаптың алғы­сөзінде абыз Әбіш Кекілбаев оның қазақ поэзиясындағы ай­маң­­дай орнын да айшықтап айтып бер­гені есімізде. Ал көш баста­ған көрнекті ақын Темірхан Медетбектің берген бағасы мына­дай: «Ұлықбек Есдәулетов – өз тұстастарынан әдебиетке әлде­қай­да ерте келіп, жұрт көзіне ерте іліккен жігіт. Ол шәкірттік мек­тептен шұғыл түрде өтті де, өлең­дегі өз жолын, өз үнін бір­ден-ақ белгілеп алды. Үнемі із­деніс үстінде жүретін бұл ақын өлең­дері бүгінде бұрынғыдан да ауқы­мын кеңейтіп, бұрынғыдан да терең­дей түсті. Оның өлеңдері енді қазіргі қазақ поэзиясының прин­циптері, сәттіліктері мен перс­пективті тенденцияларына ар­нал­ған еңбектерде сөз бола ала­тын­дай деңгейге көтерілді дей аламыз». Шынымен де, алпысыншы жылдардың соңы, жетпісінші жылдардың басында өлең-жырлы, өнерлі, әдеби Алматыға әлі мектепте оқып жүрген Ұлық­бектің өзінен бұрын өлеңі жетіп еді. Сонда біз, журфактың 1-2-курс студенттері, ҚазМУ мен кон­сер­ватория ортасындағы Қазақ­стан­ның барлық газеттері ілінетін аллеяда Ұлықбек Есдәу­летов­тің оқта-текте шығып тұра­тын өлеңдерін жапа-тармағай оқитынбыз. Бір-бірімізге: «Ұлық­бек­тің өлеңі шығыпты», деп бейнебір оны бұрыннан білетін адамдай сөйлейтінбіз. Әсіресе, қайтыс болған сырнайшы ағасы Бақытқа арналған «Баян» атты өлең қатты әсер еткен болатын. Осы сөзіміздің растығын Ұлт­тық академиялық кітапханада өткен кез­десу кешінің меймандары ай­қын­дап ажарлай түсті. «Шу қаракөк» деп тізгінді қолға алған айтыскер ақын Дәулеткерей Кәп­ұлы кешті жүремелетіп әдемі жүр­гізіп отырды. Кештің бас қонағы: «Әдебиет бар жерде әдеп бар. Кітап – тәрбиеші», деп көп­ші­лікпен амандасу шарасын жасай келе, өзі ертеректе ғашық бол­ған бір жанға арналған «Кітаби роман» атты өлеңін оқи жөнел­ген. Жиында өзінің жан жары Бей­сенкүл де отыр. «Ойпыр­май!» деп қоямыз іштей. Махаб­бат, сүйіспеншілік сырын шерт­кен Ұлықбектің ғажап өлеңі «Құшақ­тап өлсем арман жоқ, ғашығым менің кітап-ай!» деп аяқталғанда поэзия құдіретіне тағы бір тәнті болып шаттанысып қалдық. Әдебиетші ғалым Тұрсын Жұртбай Ұлықбектей іні досы­ның ақындығы мен азамат­тығы хақында үлкен ойлар тол­ға­ды. Шерхан Мұртаза мен Орал­хан Бөкей «Лениншіл жаста» басып шығарған өлеңдер ар­қы­лы Ұлықбектің ұлы жолы бас­тал­ғанын баян етті. Ақынның бүр­шіктей жас кездегі ішкі тұнық сезімі өмірде де, өлеңде де лай­лан­бас, кір жұқтырмас таза­лық­пен келе жатқанын баса айтты. «Қазақта өлеңіне сын айтылмаған екі ақын бар. Оның біреуі – Олжас, екіншісі – Ұлық­бек. Әри­не, сын­шылар сын айт­паймыз де­мей­ді, тек бұл екеуі­нен кемшілік таба алмайды. Ұлық­бек сондай, шашасына шаң жұқ­тырмайтын, жаман өлең жаза алмайтын ақын», деп түйіндеді Т.Жұртбай. Ақынмен өнерде бірлескен күйші-сазгер Секен Тұрысбек Ұлықбек досының өлеңімен үйлесім тапқан дүние-жалған жайын­дағы жаңа әнін әсем қо­ңыр­латып орындап берді. Иә, бұл ақынның өлеңдеріне жазылған әндердің де тағдырлы, талайлы болып келетін бір сиқыр жұмбағы бар. Секен жаңа әнді аяқтағанда біз соның әсерінен арыла алмай: «Аяқталады бәрі де ерте ме, кеш пе, Арманым ғана ешқашан аяқ­тал­­майды», деп әннің соңғы қайы­ры­мын іштей қайталай бергенбіз. Ұлықбек поэзияда қызығар­лықтай бақытты ғұмыр кешіп келеді. Оның алғашқы қадам­дарына, алғашқы кітаптары­на бірден-ақ Қуандық Шаңғытбаев, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі сияқты марғасқа­лар жылы пікір айтып, қуана қол соққан. Қазірде ақынның поэзиясы, бес томдыққа бір жина­қ­талған бүтіндей шығар­машылығы кан­ди­даттық, док­тор­лық дис­сер­тациялардың толымды тақы­рыбына айналуы да бір ғанибет. Филология ғылымдарының док­торы Шерубай Құрманбай­ұлы өз буынының әдебиетке құлаш ұрған жас талаптарына Ұлықбек ақынның өлеңдері «Әбілхаят» суындай әсер еткенін әдемі есте­лік­пен әрлей баяндады. «Қыз­дардың махаббатын ұғу үшін, Қыз болып туу керек!» –  деп Есдәулетов жырларын ескек­тете қол сермеп оқушы едік деп жастық шақтарын еске алды. Қазақ қоғамында болып жата­тын қайбір оқиғаға үн қатпай қал­май­тын ақынның қазірде басқа елдерде, халықаралық деңгейде де танымалдыққа жетуі, әлбетте, қазақ әдебиетінің мерейі деуіміз керек. Бұған мысал ретінде Ш.Құр­манбайұлы Ұлықбектің жуырда ғана «Ататүрік» медалі­мен марапатталғанын келтірді. Жазушы Жолтай Әлмашұлы, көсемсөзші Нұртөре Жүсіп, ғалым Нәубәт Қалиев жырлары ұлт жүрегінен орын алған Ұлықбек Есдәулеттің ақындығы мен азаматтығы қос өрімдей астасқан бітім-болмысы хақын­да пайымды ойларын білдірді. Ақын өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды.  Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ
Соңғы жаңалықтар