17 Мамыр, 2016

Әйел әлемінің академигі

1475 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
232Қаламгер Шәрбану Құмарова туралы бір үзік сыр Талант тәңірдің сыйы. Тағдырына таудай азап, тарыдай бақ бұйырған жазушы болудың абыройынан жауапкершілігі басым. Қолымен бесік тербетіп, бір қолына қалам ұстаған Шәрбану Құмарова екі бірдей қиындықты еркін еңсерген талассыз талант. Шәрбанудың жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған әңгіме-новеллалары ол Қазақ мемлекеттік университетін бітірген сонау 1961 жылы «Қыз сыры» деген атпен «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып жарық көрді. Қазақ әдебиетінің тарихында дипломмен бірге тұңғыш кітап қуанышын тойлаған үш қаламгер бар. Оның бірі – «Студент дәптеріне» үңілдірген ақын Тұмағаң-Тұманбай Молдағалиев, екіншісі – оқушы қауымды «Қыз сырына» ортақтастырған Шәрбану Құмарова. Ол алғашқы шығармасының ізі суымай жатып оқушы қауым «Терезелерге» үңілді. «Жазушы» баспасы 1964 жылы жарыққа шығарған бұл жинақ та әңгіме-новеллалар ауылынан еді. Алғашқы әңгімелерінің өзінде-ақ әйел жанының иірімдерін тап басып, тамаша суреттеген Құмарованың қалам қарымы оқушылар мен әдебиетшілер қауымын елең еткізді. Шәрбану Құмарова қазақ әдебиетінің тарихында проза жазған алғашқы қазақ қызы

Жұмағали Саин

Шәрбану Құмарова өзін де, оқушысын да алдамаған тегеурінді талант. Бұдан кейін бірінің ізін бірі суытпай жарыққа шыққан «Қос шынар», «Сәуірдің ақ таңы», «Қазбауыр бұлттар», «Қызыл қайың», «Әйел шырағы», «Жердің тұзы», «Құлжа жолы» атты кітаптарында жазушы қаламын онан әрі ұштап, шеберлігін шыңдай түсті. Соның мықты бір дәлелі – «Сәуірдің ақ таңы» атты хикаят («Жазушы» баспасы, 1971 жыл). Хикаяттың бас кейіпкері Уәли есімді сазгер. Сол Уәлиді Кермеқас та, Ақмарал да сүйеді. Бір қарағанда, Кермеқастың уайым-қайғысы да аз емес. Өмірлік қосағы мұның жан дүниесін түсінбейді, ақындық талантын бағаламайды. «Жаным-ау, сен ақынсың ғой! Мынауың романс!» деп оның талантын таныған Уәли ғана. Алайда, екеуін тағдыр қоспады. Қосқаның не, анда-санда көрісіп тұруды да көпсінді. Жұмажан обком хатшысы болып сайланып, Алматыдан Талдықорғанға көшіп кетті. Кермеқасты ұмыта алмаған Уәли оны іздеп, Талдықорғанға да барды. Сонда телефонмен тілдескенде Кермеқас Уәлиге: «Көңіл де орнында, өзіңе деген сый-құрмет те баяғысынша. Енді оны ешнәрсе өзгерте алмас. Баяғы кез болса. Жағдай өзгерді...» деп тоқтау айтады. Бұдан соң Уәли жас әнші Ақмаралға ғашық болады. Ол да Уәлиге ғашық. Арада тағы бір жігіт бар. Қадіржан деген. Жазушы осындай сан тағдырлы адамдардың жан дүниесін жарқырата ашады. Солардың іс-әрекеті, сөзі, портреті арқылы кейіпкерлерін сәтті даралайды. Сонау бір жылдары, ұмытпасам, 1961 жылдың мамырында Мұхтар Әуезов Шәрбану қаламының қарымы жайлы: «...Зерттеу, бағалау, саралау қабілетіне қарағанда Құмарова өзіндік сынау, талдау әдістеріне мейлінше төселгендігін аңғартады. Әсіресе, осы дипломның жазылу тілі аса жатық, орамды, ылғалды келген. Ой да бар, оны таратып нанымды, қонымды етіп берерлік сөз суреткерлігі, кестесі бар. Көбінше дұрыс, ұйытқылы ойды мөлдір түсінікті тілмен шебер тарата білу жақсы өнерді аңдатады» – деп жазған екен. Ұлы ұстаздың сол бір ұлағатты сөзінің үдесінен шыға білген талантты жазушының тағы бір сәтті туындысы деп «Ханым күз» атты роман-толғауын айтар ек. «Соғыс және махаббат», «Сұңқар мен тұлпар», «Қайта оралмаған аққулар», «Алғашқы махаббат туралы элегия», «Кербез толғау», «Қара торғай ұшып келді», «Жаз неге қысқа болды екен?» атты жеті тарау – жеті новелла. Сол новеллаларды бір желіге көгендеп, шағын жанрлардың басын біріктіріп, күрмеуі қатты күрделі жанр – роман биігіне көтерген Зейнехан-Мырзатай-Ақжолтай линиясы. Өзінің жақын құрбысы Ақжолтайдан Мырзаханды тартып алған Зейнеханның жан дүниесін жазушы қапысыз бейнелеген. «Сергелдеңдегі» екі отбасының екеуінің де ойран болуы алғашында оқушыға ерсілеу көрінгенмен, мотивировканың мықтылығы арқасында сенімді бейнеленген. «Биші» хикаятының бас кейіпкері Әсемқайшаның күйеуі Нысан перзент үшін Қатираға үйленеді, бала сүйеді. Әйтсе де, оның көз алдынан Әсемқайша бейнесі кетпей қояды. «Ең сұлу қыздағы» Әсемтай он сегізде. Сауыншы қыздың өнер қуып, Алматыға келгені, небір күлкілі жағдайға тап болып ақыры киноактриса болғаны құрғақ баяндалмай, оның жан дүниесінің жан-жақты бейнеленіп, кейіпкердің іс-әрекеті арқылы жақсы даралануы – жазушы шеберлігін танытады. Әсіресе, Әсемтайдың алғашқы махаббаты – Қадіржанға небір қитұрқылықпен тиіп алған сылқым келіншек – Базарайым образы керемет ашылған. Шәрбану Құмарованың «Әйел шырағы» романы, «Киік оты», «Көк жұлдызы», «Құлжа жолы» хикаяттары, «Оркестрге әнші керек», «Хатшы», «Бозқырау», «Келін боп түскен жылы» әңгімелері көркемдік қазанында қайнап, кемел оймен қорытылып, кестелі тілмен көмкерілген, айтары анық, бояуы қанық шырайлы шығармалар десек, артық бағаланғандық емес. Көзіқарақты оқушы шығармадағы сәтті жасалған бейнелерден жазушының қалам қарымын, Шәрбанудың өзіне ғана тән айшықты қолтаңбасын жазбай таниды. Әсіресе, «Адамға адам керек» атты әңгімедегі Нағима бейнесі әсерлі. Батыс әдебиетіндегі Кафка, орыс әдебиетіндегі Чехов, қазақ әдебиетіндегі Майлин мектебінің озық үлгісінде жазылған бұл әңгіменің ең басты қасиеті адам жанының иірімдерін тап басып, тамаша суреттеуінде. «Әйел шырағы» романындағы Әбдіқайым мен Ақтеңге, «Киік оты» хикаятындағы Әсем мен Бәтима тағдырларын суреттегенде жазушы жүректің нәзік қылын шертетін сезім пернелерін тап басқан. Көркемсөздің көрнекті шебері Шәрбану Құмарованың жазушылық ерекшелігін бір сөзбен айтар болсақ, мен оны сезімдер падишасы дер едім. Оның қай шығармасын оқысаң да таңғы шықтай таза, әйелдің көз жасындай ащы, балдай тәтті сан қилы сезімдерге ортақтасасың. Адам жанының қатпары қалың қалтарыстарын қалт жібермей қапысыз қалам сілтейтін жазушының алғырлығы мен алымына тәнті боласың. Соның мықты бір дәлелі – «Сезім патшалығы» атты еңбегі. Көп жылдық көркемдік ізденістердің жемісі болып табылатын романға бүгінгі күннің оқиғалары өзек болған. Шығарманың бас кейіпкері – Жәнібек тіс дәрігері. Алғашқы әйелінен опа таппаған оның екінші әйелі Ризат та оңып тұрған жоқ. Жәнібек – кеш келген көктемдей кешіккен махаббаты – Гүлмира-Лирамен де бірден бақытты болып кете алмайды. Одан перзент сүйіп, жаңа өмір бастай бергенде сал болып мүгедектер арбасына таңылады. Гүлмираның сіңлісі Қызғалдақты да тағдыр толқыны допша домалатады. Оны сүйген милиция майоры Сағындықтың да өмір жолы бұралаң. Шетелде жүрген армян күйеуінің арқасында «Таверна» атты кафе ашып, шетелдік жеңіл көлік мініп, өліара кездің өзінде біраз шалқыған Аида Айдарханқызы да шығарма соңында сәтсіздіктерге тап болады. Өрмекшінің торындай сан шырмауыққа шатылған адамдардың күрделі өмірін, тайғақ тағдырын көркем тілмен кестелеген шығарма шыншылдығымен баурайды. Романдағы Сланбек, Райхан Өтеулина, Кәмештай, Тауасар, Алмас бейнелері де мінсіз мүсінделген. Қаршадай қыз Гүлмираның тағдырдың ауыр соққыларын көтере жүріп қайыспаған қайратына, асқан адамгершілігіне тәнті боласыз. Өзге де шығармаларындағыдай бұл романында да жазушы өз кейіпкерлерінің сан түрлі сезімдерін өзіне тән алғырлықпен шебер суреттеген. Жазушы шеберлігіне бір сын – кейіпкер портреті болса, тағы бір сын – табиғат суреті. Бұл тұста да жазушы шеберлігі айқын танылып тұр. Бір ғана мысал «...сылыңғыр сұңғақ келген, кер маңдай, ақшыл жүз, қоңыр жібек шашы қыр желкеден құйыла төгілген, сымбатты да кербезің нағыз. Салалы саусақтары домбыра сағағында жорғалағанда қандай!» («Сезім патшалығы» 1-кітап, 11-бет). Бұл Жәнібектің портреті. Қызғалдақ портреті бұдан да шебер салынған. Изабелла Росселини бір сұхбатында: «Меня провозгласили самой интеллектуальной актрисой кино. Вы спрашиваете, в чем секрет? А просто перед съемками или фотографированием я непременно читало хорошую, умную книгу», депті. Шәрбану Құмарованың «Сезім патшалығы» атты қос романын сондай жақсы кітап деп батыл айтуға болады. Жазушының басты құралы – тіл. «Тіл – сөйлеу-сөйлесу, оқу-үйрену, жазу-сызу арқылы өседі. Бұл үшеудің бірде-біреуіне көңіл аудармау – ең үлкен қылмыс», депті Ғабең-Ғабит Мүсірепов (Ғ.Мүсірепов «Күнделік» 249-бет. «Ана тілі» – 1997 ж.) Қуанышқа орай, Құмарова алыптар тобының соңғы тұяғы айтқан сол өсиетке әрдайым адал. Содан да болар, оның шығармаларының тілі құнарлы. Шәрбану сөзбен сурет те салады, адамның жан дүниесін де жарқыратып аша алады. Бұл кез келген қаламгерге бұйыра бермейтін сирек бақыт! Жазушы еңбегі белгілі бір жоспармен үздіксіз істелетін іс емес. Кейде біраз үзіліс жасап, ойланып-толғанатын кездер де болады. Оны айтасыз, шығармашылық тоқырауға ұшырайтын қаламгерлер де бар. Оның беті әрмен. Үнемі іздену, өсу үстінде жүрген Құмарова күн құрғатпай жаза беретін талғамсыз талант емес. Оның да бір кітабын оқушыға ұсынып, жаңа шығармасын бастарда үзіліс жасап, ұзақ ойланып қалатын кездері бар. Шәрбану Құмарова соңғы жылдары көп жыл бойы көкірекке сыймаған, өмірдің өзі сыйлаған сан алуан сезімдерді саралап, сан кейіпкеріне жан бітіріп, оқушыға көптеген көркем шығармалар ұсынды. Көш басында «Сезім патшалығы», «Ұлылар ұлағаты» бастаған эсселер мен естеліктер бір төбе. «Әйелдер патшалығы» сынды көркем шығармалар қаншама! Оның бәрі жазушы еңбегінің саны мен сапасын айқындап тұрған тұлғалы туындылар. Шәрбану Құмарова жайлы атақты адамдар айтқан анық­тамалар көп. Баукең – Бауыржан Момышұлы: «Сенің есімің Шәрбану емес, Шаһарбану – Шаһар – қала, ал Бану – парсыша Ай» депті 1972 жылы Құмароваға сыйлаған кітабына жазған қолтаңбасында. Ал би Тәңірісі Шара 1984 жылы былай дейді: «...Қызымның өзі аппақ, екі беті алмадай. Мен жалпы әдемі адамдарды жаратам. Мәселен, Роза Бағланова – әдемі. Ал әдемілік – әлемнің тұтқасы...» Жазушы шығармасы – өзінің жан дүниесінің айнасы ғой. Қаламгер кейде өз кейіпкерінің ішкі, сыртқы сұлулығын суреттей отырып, өзінің автопортретін салатыны да бар. «Сәуірдің ақ таңы» хикаятындағы әнші Ақмарал бейнесінен оқушы белгілі бір дәрежеде жазушының автопортретін де таниды. Шәрбану күрмеулі жанр – драматургияда да жемісті еңбек етіп келеді. Ана бір жылы Әуезов театрында қойылған «Кімнің тойы», кейінірек жазылған «Махаббат қайта жаңғырады» атты лирикалық туындысы соның айқын айғағы. Қазақтың классик ақыны Тұманбай Молдағалиев 2011 жылы қарындасына арнаған әдеттегідей сыршыл өлеңінде былай деп жырлаған: Бала кезден мен сені жақсы көргем, Өте шықты-ау басымнан бақсы дәурен. Аламын деп сендерді келе жатқан, Пәлеге де бір өзін тосты кеудем.   Үлбіреген үнің де бөлек еді, Сен жүрсін деп бақ гүлін жол егеді. Шара апамнан кейінгі биші едің сен – Елім оны, қайтейін, елемеді...   Сендей құстар қонатын қолына елдің, Шынары едің күн жауған долы белдің. Біздің ауыл ұлдарын менсінбедің, Біз білмейтін біреудің соңына ердің...   Ей, Шәрбану, Шәрбану, Шәкем менің, Жазушылық еліңе – жеке еңбегің. Неге мынау желөкпе 75-ке, Оты өшпеген жиырмаңды әкелмедің?..   Сенімен арман атты тәтті оянды, Махаббатты есіркеп сақтай алды. Бала кезден қуанам сені көрсем – Қыз Жібекті көргендей, Ақбаянды!   Бала күндер қызық қой ойнақтаған, Көрген сайын өзіңді жайнап қалам. Билеп жүрген Шәрбанды көрген көздің – Бақыты да көп пе деп ойлап қалам.   Өмір сүрдік тұратын достық кеуде, Жауған оққа жас кезде тостық кеуде. Қанша жүрсең сонша жүр жер бетінде Шәрбан кемпір дегенді естіртпе елге... Шәрбану Құмарова әу баста-ақ өзінің тақырыбын тапқан бақытты қаламгер. Әйелдер әлемін дәл Шәрбанудай нәзік те шебер бейнелеген жазушы саусақпен санарлық десек, оның алда да талай тұлғалы туындыларымен оқушыларын қуанта береріне біз кәміл сенеміз. Сол сеніміміздің ұшқынындай, қаламгердің жаңа бір туындысы жарық көріпті деп естідік. Ол – «Ғасыр нұры» атты тарихи роман. Қуанамыз сөзсіз, өйткені, сексеннің сеңгіріне шыққан Шәрбану әпкеміздің талмай еңбектену үстінде екеніне тәнтіміз. Жасай бер, жаза бер, сезімдер патшайымы, әйел әлемінің академигі! Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» халықаралық сыйлығының иегері АЛМАТЫ