Қазіргі күні қоршаған ортаны қорғау мәселесі көптеген елдердегі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылатындығына ешкім күмән келтірмес. Экономиканың әртүрлі секторында жұмыс істейтін кәсіпорындар қоршаған ортаны қорғау ісін қамтамасыз етуге байланысты бірқатар өндірістік қиындықтарға тап келіп жататындығы да анық. Әсіресе, мұндай проблемалар өздерінің қызмет ерекшеліктеріне орай мұнай-газ секторы компанияларының алдында неғұрлым өткір қойылған.
Өндірістік қызметті тұрақты даму қағидаттарына сай жүргізу «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» (КПО) компаниясының да басты басымдығы болып табылады. Соның ішіндегі басты назардағы мәселелердің бірі – өндірістің қоршаған ортаға тигізетін әсерін мейлінше төмендету.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін КПО-да Қоршаған ортаны қорғау шараларына қатысты арнайы жоспар әзірленген. Ол жоспар ҚР Экология кодексі талаптарына сәйкес жасалынып, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің келісімімен бекітілген.
Жоспар ауа бассейнін қорғау, су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану, жер ресурстарын қорғау, өсімдіктер және жануарлар әлемін қорғау, өнеркәсіптік қалдықтарды өңдеу мен пайдалану, ең үздік технологияларды қолдану жүйесін енгізу, ғылыми-зерттеу және жобалау-іздестіру жұмыстарымен шұғылдану, радиациялық, биологиялық және химиялық қауіпсіздік, экологиялық сауаттандыру және насихаттау секілді 9 негізгі тараудан тұрады.
Атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру ластаушы заттарды ауаға шығару көлемін едәуір төмендете түсуге мүмкіндік берді. Бұл жөніндегі негізгі шаралар өндірістік нысандардағы құралдарды жаңғырту барысында және ұңғымаларды тазалау мен зерттеуден өткізген кезі де мұнай мен конденсатты шлейф арқылы бақылау сеператорынан өткізу мен оған жасыл горелканы қолдану арқылы жүзеге асты. Осы шара Қарашығанақ кен орнында газды жағып жіберу көлемін едәуір азайтуға мүмкіндік берді. 2010 жылы осының нәтижесінде ілеспе және табиғи газды пайдаға асыру көрсеткіші 99,7 пайызды құрады.
КПО-да Қарашығанақ кен орнындағы атмосфералық ауаның жағдайын үздіксіз бақылау жүйесі енгізілген. Осы үшін 12 автоматтандырылған тұрақты станса орнатылып, екі жылжымалы экологиялық зертхана іске қосылған. Олар экологиялық мониторингті үздіксіз жүргізеді. Сонымен қоса компания мәліметтер мен деректерді жинауды, орталықтандырып сақтауды, өңдеуді және оларды көрсетуді қамтамасыз ететін ГАЖ (географиялық-ақпараттық жүйе) жобасын жүзеге асырды. Бұл жүйе қолданбалы міндеттерді (мәліметтерді жинау, түгендеу, талдау, бағалау және соған байланысты болжамдар жасау) шешу және қоршаған орта мен өндірістік үдерістерді басқару үшін жұмыс істейді.
КПО өзінің өндірістік қызметін жүзеге асырған кезде пайдаланылған суды тазартып, қайтадан қолдану арқылы су ресурстарын үнемдеуге және оларды тиімді пайдалануға барынша мән береді. Тазартылған сулар бұрғылау қоспаларын әзірлеу, шаңды басу және өсімдіктерді суаруға жұмсалады. Осындай әдіс арқылы су ресурстарын үнемдеу көрсеткіші соңғы үш жылда 120 мың текше метрді құрады.
Сонымен қатар КПО Қарашығанақ кен орнын және оған таяу орналасқан елді мекендерді көгалдандыру жобасын жүзеге асыруда. Мұның өзі ауаны тазартуға, шаңмен араласып соғатын желді азайтуға, топырақ эрозиясының алдын алуға ықпал етуде. 2005-2010 жылдар аралығында 310 гектар алаңға 600 мыңнан астам ағаштар мен талдар отырғызылды. Бұл жоба ағаштарды отырғызумен қатар оларды күтуге алу, суару, тыңайтқышпен қоректендіру жұмыстарын қоса қамтиды.
Қалдық шығарудың көлемін төмендету және олардың қоршаған ортаға әсерін азайту шараларын жүзеге асыру аясында компания өндірістік және коммуналдық қалдықтарды өңдеп, қайта пайдалану жөніндегі қазіргі заманғы кешенді орнатты. Қазіргі күні қалдықтарды термодесорбциялайтын қондырғы, бұрғылау қоспаларын және бұрғылау қалдықтарын тазалайтын қондырғы пайдалануға берілді. Мұның өзі КПО-ға бұрғылауды мұнай негізіндегі қоспаларды пайдалана отырып жүргізу мүмкіндігін берді. Бұл тәсілдің артықшылығы бұрғылау қалдықтарын азайтуға, технологикалық үдеріс кезінде пайдаланылған мұнайды 98 пайызға қайта қайтаруға мүмкіндік береді.
КПО қоршаған ортаға тигізетін әсерді мейлінше азайта және табиғи ресурстарды тиімді пайдалана отырып өзінің экологиялық қызметін тұрақты түрде жетілдіріп отыруға ұмтылыс танытып келеді. 2008 жылы компанияда халықаралық стандарттың ИСО 14001 талаптарына сәйкес сертификациялық аудиті сәтті жүргізілді.
Компания экологиялық сауаттылық мәселесіне де үлкен көңіл бөледі. КПО қызметкерлерінің және мердігерлік ұйымдардың қызметкерлерінің экологиялық сауаттылығын арттыру мақсатында әр жыл сайын компьютерлендірілген экологиялық оқулар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осы оқулар кезінде кен орындарын әзірлеу мен игеру барысында қандай шараларды жүзеге асыру қажеттігі, болуы мүмкін тәуекелдердің алдын алу шаралары тиянақталады.
Мұның сыртында Консультативтік кеңес аясында кен орнына жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарымен кездесулер тұрақты түрде өтіп, оларда тұрғындарды толғандыратын мәселелер талқыланып, соған сәйкес шаралар қабылданып отырады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.