28 Қаңтар, 2011

Африкада жаңа мемлекет пайда болмақ

789 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бүгінге дейін құрлықтағы көлемі жөнінде ең үлкен ел саналатын Судан енді өзінің бұл мәртебесінен айырылады. Ол «кішірейеді». Елдің оңтүстігінде өткен референдум бойынша, бұл аймақ енді бөлініп, жеке мемлекетке айналады. Бір аптаға созылған дауыс беруде оған қатысқандардың 99 пайызы бөлінуді жақтап дауыс берді. Жалпы, Африка құрлығында соңғы кезде күт­пе­ген жағдайлар болып жатыр. Ең тұрақты және хал­қының әл-ау­қаты басқа­лар­дан әлдеқайда жо­ғары деген Тунисте революция жүзеге асты. Египет дүрлігу үс­тінде. Бөлінуді талап еткен сепаратистерге қатаң шаралар қолда­нып келген Судан да ың-шыңсыз референдум өткізуге келісім беріп қана қойған жоқ, тіпті оған бар жағдайды жасады десе де болады. Сол референдумның алдында Судан президенті, әлемдегі ең бір қатал диктатор саналатын Омар әл-Башир халықтың қалауы бө­лі­ну болса, оған қарсылық жоқты­ғын айтып, тек сол оңтүстік ай­мақ­та тәуелсіз мемлекет құрудың қиынға соғатынын, онда тұрақ­тылық бол­май­тынын айтып, жаны ашыған­дық көңіл білдіргені де таңдан­дырған. Көп адам бұл аймақтың тап осылай бейбіт жолмен бөлінуі­нің жүзеге асатынына сенбейтін. Осы жерде Судан жайында азын-аулақ мәлімет айта кеткен жөн болар. Жер көлемі жағынан құрлықтағы ең үлкен (2,5 миллион шаршы шақырым) мемлекеттегі 40 миллиондай халықтың 49 пайызы арабтар, 30 пайызы қара нәсілділер, сондай-ақ бедже, нуба дейтін ха­лықтар болса, діни сенімі жағынан 70 пайызы исламды ұстанады, 25 пайызы жергілікті діндегілер де, 5 пайызы – христиандар. Негізгі қайшылық осы дінге байланысты. Мұсылман қауым, көпшілік болумен қатар, елдің солтүстігін мекендейді де, діни қайшылық сол­түстік пен оңтүстік аймақ ара­сында өрбіп жатады. Басым көп­шілік исламды ұстанғандықтан да ел басшылығының бүкіл елде, оның ішінде басқа дінді ұстана­тын оңтүстік аймақта да шариғат тәртібін орнатпақ әрекеттері үл­кен наразылық тудырды. Сол на­ра­зылық азамат соғысына айнал­ды. Ол, міне, жиырма жыл бойы созылып келеді. Одан екі миллиондай адам қаза тапты. Мұндай құр­бандық үлкен әлемдік соғыс­тарда ғана болуы мүмкін. Қанды қақ­ты­ғыс елдің сол­түс­тігі мен оңтүстігі арасында ғана емес, орталық билік пен елдің батысындағы Дарфур провинциясы арасында да болды. Сондағы орталық биліктің қанқұйлы жазалаушылық әрекеті үшін Халықаралық сот ел президенті әл-Баширді тұтқындауға ордер де берген. Өз елінің аума­ғы­нан шықса, қамауға да алынуы мүм­кін. Біраз саясатшылар мен сарапшылар Суданның оңтүсті­гі­нің бөлінуі жөнінде әл-Баширдің бейбіт жолды қалауын да өзі жай­ындағы әлемдік пікірді өзгертуге ұмтылысы деп тұжырымдайды. Оңтүстіктің бөлінуі Суданға ай­тарлықтай соққы. Елге қаржы тү­сіретін мұнай көзі де сол аймақ­та. Бәлкім, бітпей келе жатқан соғыс тоқтаса, соған жұмсалған шы­ғыннан құтылып, оның есесі қайтар. Бұған қарама-қарсы оң­түс­тіктегілер мұнайдың пайдасы­ның бәрі өздері­не қалса, жағдайымыз күрт жақ­сарар деп ойлайды. Бірақ оңтүс­тіктің өзінде тұтастық жоқ. Түрлі тайпалар табысқа таласып, қырық­пышақ болады деген қауіп бар. Тағы бір атап көрсететін жай – оңтүстік аймақта халықтың тұр­мыс жағдайы ғана емес, жалпы кең мағынадағы әлеуметтік жағ­дайы өте төмен. Халықтың 95 пайызы сауатсыз көрінеді. Жұрт кешегі сайлау кезінде сауатсыз болғандықтан, бюллетеньді оқып дауыс берген жоқ, суретіне қарап дауыс беріпті. Ондай халыққа арқа сүйеп тәуелсіз мемлекет құру да оңайға соқпас. Қысқасы, енді Оңтүстік Судан­ды ресми түрде тәуелсіз мемлекет деп жариялау ғана қалып отыр­ғандай. Ал сарапшылар бұл бөлі­ну­дің өнеге-тәжірибесіне көбірек назар аударуда. Талай елде бөлін­гісі келетін аймақтар бар. Олар Суданның тәжірибесін алға тосатыны анық. Мамадияр ЖАҚЫП.