18 Мамыр, 2016

Мәдениеттер жақындасуы – жаһандық мәселе

403 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астанада Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының кезекті отырысы өтті. Алқалы жиынды ашқан Ұлт­тық комиссияның төрағасы, Мә­дениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы аталмыш құрылымның 2015 жылы атқарған іс-шараларына қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, комиссия тарапынан осынау беделді ха­лы­қ­аралық ұйымның аясында еліміз мүдделілік танытып отыр­ған жобаларды қолдау мен жү­зеге асыру бағытында бірқатар жұ­мыстар жүргізілген. Былтыр қа­раша айында өзінің Францияға ресми сапары кезінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев ЮНЕСКО-ның 70 жыл­дығына орай өткен 38-ші сессиясына қатысқаны белгілі. Сонда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамындағы іргелі бір отау ретінде ЮНЕСКО-ның мәдени, табиғи мұраларды сақтау мен білім, ғылым және коммуникация саласында елдер арасындағы ынтымақтастық пен ықпалдастықтың керегесін кеңейтуде айрықша рөл атқара­тынын атап көрсетті. Қазақстан Президентінің мәдениетаралық диалогты дамыту, бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау жөніндегі Халықаралық академия құру жә­не Астанада мәдениеттерді жа­­қындастыру орталығын құру туралы бастамасын мәртебелі кон­ференцияға қатысушылар өте жо­ғары бағалады. uneskoКонференция қорытындысында Қазақстанның инициативасы бойынша ЮНЕСКО-ның 2016-2017 жылдардағы айтулы даталар күн­тізбесіне Алаш ардақтысы Әли­хан Бөкейханның 150 жыл­дығы, Алматы қаласының 1000 жылдығы, сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауидің 850 жылдығы енгізілді. Осының өзі-ақ тәуелсіз еліміздің әлемдік қауымдастықта ойып алар орны барын байқатса керек. Отырыста өзекжарды ойларын ортаға салған атақты ақы­нымыз Олжас Сүлейменов мы­нау аласапыранға толы алма­ғайып уақытта мәдениеттер жақын­да­суына айрықша мән берілуге тиіс екендігін тілге тиек етті. «Мәдени байланыстар неге біз қалаған деңгейге жетпей тұр? Дүниеде қашан рухани түсіністік салтанат құрады? Ғалымдарымыз бен қаптаған ғылыми орталықтардың міне осы мәселеге бас қатырулары қажет. Христиан дінінің екі тар­мағы саналатын католиктер мен православие діні өкілдерінің Хрис­тостың туған күні жөнінде бү­гінге дейін ортақ шешімге келе алмай жүргендері көп нәрсені аңғартады. Сондықтан, Рим Папасы мен Ресей Патриархының кездесуін жақсылықтың нышанына балаймын», деді О.Сүлейменов. Басқосуда, сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның Алматы қала­сын­дағы Кластерлік бюросы дирек­торының міндетін атқарушы Андрей Шевелев, Әлемдік мұ­ра­лар жөніндегі ұлттық коми­тет­­тің төрағасы, академик Карл Байпақов, Материалдық емес мәдени мұра­ларды қорғау жө­ніндегі ұлттық комитеттің төрайымы Ханзада Есе­нова және басқалар ЮНЕСКО істері бойынша өздерінің ведомстволарында жүзеге асырылған шаруалар жайында баяндап берді. Мәжіліс соңында ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның бас хатшысы Әсел Өтегенова жинал­ған­дарды алдағы мерзімге межеленген ауқымды жос­парлармен таныс­тырды. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»