18 Мамыр, 2016

Ауыл шаруашылығында өсім бар

294 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
КазмедиаАуыл шаруашылығы экономиканың маңызды саласы болғандықтан, Елбасы бұл бағытты дамыту мәселесіне жіті мән беріп келеді. Осы ретте ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанындағы қорытындылар бойынша, ауылшаруашылық өнімінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,9 %-ға өсті. Бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті. Мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде вице-министр бірқатар деректерді алға тартты. Оның айтуына қарағанда, биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы есеп бойынша – ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 317,8 млрд.теңгені құрады. Мал шаруашылық өнімдерінің көлемі 3%-ға артып, 303,6 млрд.теңге пайда келген. Азық-түлік өндірісінің көлемі 283,5 млрд.теңгеге немесе 4%-ға ұлғайған. Мал шаруашылығында еттің барлық түрін өндіру көлемі бойынша биылғы жылы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 4,4% өскендігі байқалады. Бұл ретте сүт өнімдері – 3%, ал жұмыртқа өнімінің көлемі 10, 2% өскен. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 21,1 %-ға ұлғайып, жалпы сомасы 25,5 млрд.теңгені құрады. Қазіргі таңда еліміздің оңтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде көктемгі егіс жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде 963,4 мың гектарға дәнді дақылдар, 586,1 мың гектарға май­лы дақылдар және көпжылдық шөптер 190,8 мың гектарға егілсе, көкөніс-бақша дақылдары 160,2 мың гектар алқапқа себілген. Сондай-ақ, «ІҚМ етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын іске асыру жалғасуда. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында «Сыбаға» бағдарламасы аясында 10 мың ірі қара мал басы сатып алынған. 773 мың ірі қара мал басын қамтуға 11 мың шаруашылық қатысады. 1,8 млн.гектар жайылымдық жерлерді айна­лымға салу үшін қазіргі таңда 848 құдық салынып жатыр. Және де биылғы жылы ауылшаруашылық дақылдары 21,6 млн.га алқапты құрап отыр. Оның ішінде 15,2 млн.гектары дәнді дақылдарға, ал 1,9 млн.га майлы дақылдарға арналған болса, қалғаны малазықтық дақылдар мен көкөніс-бақша және картоп дақылдарын егетін алқаптар. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан»