интеграцияны кеңейтеді, инвестицияны көбейтеді
Жақында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған құрамында «Тобыл» ӘКК өкілдері, ірі өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы кәсіпорындары басшылары бар облыс делегациясы Татарстанда болып қайтты. Туысқан татар елі экономикасында ауыл шаруашылығы өңдеу өндірісінің, құс шаруашылығының және машина жасау өндірісінің даму қарқыны ерекше. Оларда үйренетін үрдістер жеткілікті. Облыс делегациясының мақсаты да озық технологиялармен танысу, екіжақты алыс-беріске келісім жасау болатын. Екі күндік сапарда қостанайлықтар «Ақ барс» құс шаруашылығы кешені» бірлестігінің Лаишев филиалында, «Майский» жылыжай комбинатында, «Форд соллерс» автомобиль зауытында болды. «Қазан» агроөнеркәсіптік паркі нағыз инновациялық өңдеу жүйесі болып табылады.
5 мың шаршы метр аумаққа 8 шағын өңдеу цехы орналасқан, мұнда барлық санитарлық нормалар сақталған, олар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпкерлерге жалға беріледі. Сонда бизнесін бастаған олардың шығыны өте аз болады. Өндірілген өнім саудаға осы жерден тікелей шығарылады. Ауыл шаруашылығы өнеркәсібі паркінің директоры Олег Власовтың айтуынша, осында ұйымдастырылған сауда алаңының арқасында тұтынушыға өнім базар бағасынан 20 пайызға арзан болып жетеді. Татарстанның басқа қалаларында да осындай кешеннің кішігірім түрлерін ашу ойда бар екен. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен оны сатуда проблемалы мәселелері әлі де жеткілікті Қостанай облысы үшін татар ағайындардың мына тәжірибесі үйренетін-ақ үрдіс екен.
Қостанай облысында екі индустриялық аймақ құрылысының басталуына және онда өндірістік өнеркәсіпті кеңейту, әсіресе, автомобиль бөлшектері кәсіпорнын құру мақсатына орай, Татарстандағы индустриялық парк тәжірибесіне ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар, облыс басшылығы мен бизнес-құрылым өкілдері Татарстандағы «Химград» технополисін, «Алабұға» ерекше экономикалық аймағын және жұмысын заманауи технология саласына қарай бұрған ІТ-паркін, «Мастер» индустриялық аймағын аралап көрді. Мұның барлығы да мемлекет пен жекеменшік әріптестігінің тамаша мысалы болып табылады.
Мемлекет тарапынан парк аумағында бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасалған, яғни коммуналдық инфрақұрылым, көлік логистикасы, резиденттер үшін салық және кедендік жеңілдіктер толық қамтамасыз етілген. Осылайша, аймақ үшін дәстүрлі өндіріс салаларын сақтау, әсіресе, шетелдік компаниялар үшін бизнес климатты жақсарту, шағын және орта бизнеске ынтыландыру, жұмыс орындарын ашу, бюджетке қаржы түсіру сияқты бірнеше мәселе қатарынан шешімін тапқан. Мұндай мәселелердің барлығы да Қостанай облысы үшін маңызды екені даусыз. Өндіріс нысандарын аралаған кезде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен Татарстан премьер-министрі Ильдар Халиков болашақтағы нақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сапар аясында Архимед Мұхамбетов Татарстан Республикасының президенті Рустам Миннихановпен кездесті. Татарстан президенті қазақ пен татардың рухани байланысы ғасырлар тереңіне кететінін атап өтті және туысқан халықтар арасындағы ынтымақты нығайту үшін көп жұмыс атқарып келе жатқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді.
Татарстанда Қазақстанмен бірлескен 36 кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ, Татарстанның «Татнефть», «КамАЗ», Қазан тікұшақ зауыты, «КЭР-холдинг», Зеленодоль кеме жасау зауыты, Серго атындағы зауыт секілді ірі кәсіпорындар Қазақстанда да белсенді жұмыс істейді.
«Бізде машина, тікұшақ құрастыру, мұнай өнеркәсібі саласында бірлескен жобалар көп. Агроөнеркәсіп секторында, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, сату саласында Қостанай облысымен ынтымақтаса жұмыс істейміз деп ойлаймын. Әрине, облыстың минералды шикізат байлығын ескере отырып, ынтымақтастықтың индустриялық мүмкіндігін де қарастыратын боламыз», деді Татарстан президенті. Сонымен қатар, ол мәдениет және білім саласындағы байланыстардың да нығаятынын атап өтті.
Өз кезегінде Қостанай облысының әкімі бұл кездесуді екіжақты интеграцияның жарқын үлгісі екенін айтты. Ол Қостанай облысы Қазақстанның аграрлық-өндірістік аймағы екенін айта келіп, облыс әкімі соңғы жылдары өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу саласын дамытуға бет бұрғанын тілге тиек етті. Облыста жүзеге асыруға жоспарланған жобаларды, облыстың инвестициялық болашағы зор аймақтарымен таныстырған облыс әкімі татарстандық компанияларды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Айтқандай, жыл басында Қазан қаласында «Тобыл» ӘКК мен Татарстан инвестициялық агенттігінің арасында облысқа инвестиция тарту жөніндегі ынтымақтастық келісімге қол қойылған болатын. Жергілікті бизнесті қолдау және шетелдік компанияларды тарту тәжірибелерін үйрену үшін оларды қарау, танысу маңызды.
«Біз өндіріс көлемін ұлғайту мен өзіміздегі экологиялық таза өнімнің экспорттық географиясын кеңейту мәселелері бойынша ұсынысты қарауға дайынбыз», деді Архимед Мұхамбетов.
Татарстан делегациясының алдағы уақытта Қостанайға жауап сапары болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ