28 Қаңтар, 2011

Көші-қон толастамайды

505 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес Ішкі істер министрлігінде Көші-қон полициясы комитеті құрылды. Бұрын бұл өкілеттік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырында болғаны белгілі. Енді жаңа министрлікке ауысқан соң елдік істің жай-күйі қандай, «Нұрлы көш» бағдарламасының қанатқақты жобалары тоқтап қалған жоқ па, жалпы қазір қандай өзгерістер бар деген сауалмен ІІМ Көші-қон полициясы комитетінің сарапшысы М.ТОҚСАНБАЕВҚА жолыққан едік. – Марат Есімқұлұлы, өзіңіз осы Көші-қон саласында көптен бері жемісті қызмет етіп келе жат­қандықтан оның қыр-сырын жетік білетіндігіңіз анық. Соған орай Көші-қон мәселесінің ішкі Істер министрлігінің құзырына өтуіне не себеп болды дей ала­сыз? – Алдымен менің айтарым, еліміз тәуелсіздігін алғалы бері сыртта жүрген ағайындарымыз тарихи ота­ны Қазақстанға тұрақты көшіп келіп, азаматтықтарын, басқа да мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік көмектерін үзбей алып, жергілікті халықпен тату-тәтті өмір сүруде. Мұндай қамқорлық, ең ал­дымен Президент Н.­Ә.Назар­баев­тың арқасында болып отырға­нын баршамыз түсінуіміз керек. Осыған орай көші-қонның Ішкі істер министрлігіне өтуі, өздеріңіз білесіздер, оралмандардың кейбір мәселе­лерін жедел түрде шешуді талап етеді. Ал Ішкі істер министрлігі еліміздегі жұмысы нақты жүйеге қойыл­ған құрылымдардың бірі болып табы­лады. Сондықтан, көші-қон­ның түгелдей Ішкі істер минис­трлі­гінің құзырына өтуін дұрыс деп есептейміз. Сондай-ақ, оралмандар­дың азаматтық алу мәселесі мен құжаттандыру да тікелей Ішкі істер министрлігінің қарауында болуы көптеген мәселелерді өз уақытында шешуге мүмкіндік туғызады. – Елбасының «Оралман­дар­дың 2009 -2011 жылдарға арнал­ған көшіп келу квотасы туралы» Жарлығымен әр күнтізбелік жыл­ға 20 000 отбасыға көшіп келу квотасы белгіленген болатын. Бұл орындалуда ма? – 2009 жылға 20 000 отбасына белгіленген көшіп келу квотасы 15534 отбасына яғни 78 пайызға ғана орындалса, 2010 жылы көшіп келу квотасы толық орындалмай отыр. Бұған себеп: этностық қазақ­тар­дың өздері шығатын мемлекеттердегі тұрғын үйлерін, мүлік­терін сата алмауы, виза рәсімдеудің қиындық­тары және бүкіләлемдік қар­жы дағ­дарысы басты себеп болды. Ал бір ми­нистрліктен екінші министрлікке ауысудан ешқан­дай кедергі келген жоқ. Қайта жұмыс жанданып, көші-қон мәсе­ле­лері оңтайландырылып, бір ізге түсіп қалды. – Жалпы шеттен көшіп келгісі келетін ағайындарға еш кедергі жоқ, жұмыс кемшіліксіз қа­лып­ты жүріп жатыр дейсіз ғой? – Әрине, кейбір жайларда кемшіліктер жіберілмеді деп айтуға болмас. Бүгінде Ішкі істер министрлігі Дүниежүзі қазақтары қауым­дас­тығымен бірлесіп жіберілген кем­шіліктер мен болашақта жасала­тын істерді шешуге дайын. Көшіп келу квотасына ену «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына және әр ка­лендарлық жылға арналған Пре­зи­денттің «Оралмандардың көшіп келу квотасы туралы» Жарлығына сәйкес жүргізіледі. Заң талабына сәйкес оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу үшін басқа шетелдіктерге міндетті болып табылатын өздерінің төлем қабілет­тілігін растауды қажет етпейді. Кө­шіп келетін ағайындардың Қазақ­станға тұрақты тұруларына, оралман мәртебесін алуларына, көшіп келу квотасына енулеріне және Қазақ­стан Республикасының аза­мат­тығын алу­ла­рына ешқандай кедергі жоқ. Мәселен, еліміз егемендігін алғалы бері Қытай Халық Республикасынан 25 мыңға жуық отбасы, яғни 80 мыңдай адам тарихи отанына көшіп келіп, жергілікті халықпен бірдей тұрып жатыр. Бұл ел тәуелсіздігінің жиырма жылдық жемісі. – Оралмандардың құжат­та­рын шетелдерде қабылдап, тізім жасау және өкілдіктер ашу жағы қалай болмақ? – Этностық қазақтар шоғыр­ла­нып орналасқан мемлекеттерде өкілдіктер ашу жөніндегі ұсыныс­ты дұрыс деп есептейміз. Болашақ­та көшіп келу квотасына үміткер­лердің құжаттарын еліміздің шетелдердегі елшіліктер қабылдап, Көші-қон полициясы комитетіне жолдай­тын болады. Оралман мәртебесін алу және көшіп келу квотасына енгізу кезінде ұлты қазақ екендігін дә­лелдейтін құжаттар талап етілетіндіктен, еліміз елшіліктері тара­пы­нан қазақ екендігін анықтау туралы анықтама берілуін дұрыс деп есептейміз. Осыған орай еліміздің көші-қон саясатын жүргі­зу мен бұл салада қордаланып қалған көптеген күрделі мәсе­ле­лердің тезірек шешілуіне, алыстағы ағайындардың ата­жұртқа оралуын бұрынғыдан да молайтуға және оларға жасалатын қамқорлықты барынша жақсарта түсуге Ішкі істер министрлігі Көші-қон полиция­сы комитеті аянбай атсалыса­ты­нына сендіргім келеді. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.