Селкеусіз сенім айғағы
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан азаматтарынан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының президенттік өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы жалпыұлттық бастамаға қолдау білдірген хаттар көптеп келіп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің ұжымы референдум өткізу жөніндегі бастаманы бірауыздан қолдап отыр. «Сіздің байыпты да дана саясатыңыздың арқасында Қазақстанның Тәуелсіздігі мен гүлденуі, бейбітшілік пен тыныштық, экономикалық тұрақтылық, халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатының артуы, ертеңгі күнге деген сенімі қамтамасыз етілген», – деп атап өтілген хатта.
Сондай-ақ, «Окан» компаниялар тобының ұжымы референдум өткізу туралы жалпыұлттық бастаманы қолдайды. «Біз Қазақстанның басты жетістігі болып табылатын ұлы мақсатқа – әлемнің ең дамыған елу елінің қатарына кіруі барлық жаңарулардың басында біздің мемлекетіміздің негізін құрушы Сіз, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрғанда қол жететініне нақты сенімдіміз. Сіз – реформалар мен инвестицияларды іске асырудың, біздің ортақ түркі әлеміндегі бейбітшілік пен келісімнің кепілісіз», – делінген хатта.
Ал «Қазақстан Республикасының татар және башқұрт этномәдени бірлестігі қауымдастығының» басшылығы референдум өткізу жөніндегі бастамаға қызу қолдау білдіреді. «2001 жылғы 13 қаңтарда қауымдастық «Нұр Отан» ХДП бастамасы бойынша құрылған, еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту жөніндегі республикалық референдумды өткізу туралы «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясына қосылу туралы мәлімдеді. Біз саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты, барша Қазақстан халқының әл-ауқатының артуы мен гүлденуін тек қана Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланыстырамыз», деп атап өткен хатта.
Теміртау қаласының тұрғыны Вера Сергеевна Хомякованың хатында Мемлекет басшысының дана әлеуметтік саясатының арқасында зейнеткерлер мемлекеттің қамқорлығын сезініп отырғаны баяндалған. «Біз, зейнеткерлер, Сізді, Нұрсұлтан Әбішұлы, шын ниетімізбен қолдаймыз! Сізді халық жақсы көреді, Сіз қазақстандықтар үшін көп істер атқардыңыз. Қазір біздің зейнетақымыз жақсы, барлық зейнеткерлер «Біздің Президентімізге рахмет!» дейді, бізге көрсеткен қамқорлығыңыз үшін Сізге рахмет! Біз референдум өткізу туралы бастаманы шын жүрегімізбен қолдаймыз», – дейді өз хатында В.Хомякова.
«Біздің еліміздегі барлық оң өзгерістерді мен Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен байланыстырамын. Оның күш-жігері, оптимистігі, бірегей қабілеттілігі оқиғаны еліміздің табысты дамуына жеткізеді», – делінген Қостанай инженерлік-педагогикалық университетінің ректоры С.Есмұратовтың хатында. Автор сондай-ақ Мемлекет басшысының ойластырылған сыртқы саясатының арқасында өткен жылы ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті табысты өткенін және Қазақстан бүгінде күллі әлемге танымал болғанын атап көрсеткен.